Жыл басында Мемлекеттік корпорацияның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалында электрондық қызметтер орталығы (Цифрлық ХҚКО) ашылды. Цифрлық ХҚКО-ның жұмысы толығымен автоматтандырылған, бейнероликпен оқыту кабинеті бар. Онда қызмет алу бойынша қадамдық нұсқаулық бар, сертификаттар беріледі. Азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алады.
Бұл жайлы Оралдағы өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте мемлекеттік корпорацияның БҚО филиалы директорының орынбасары Жанна Батаргалиева кеңірек әңгімелеп берді.
Корпорацияда мобильді топ құрылған. Олар күн сайын халыққа, мемлекеттік органдардарға Telegram-bot арқылы мемлекеттік қызметті қалай алу керектігі жөнінде оқыту жүргізеді.
-Брифингті пайдалана отырып, үйден шықпай-ақ электронды порталға тіркеліп, Telegram-bot арқылы мемлекеттік қызметтің 23 түрін алуға болатынын айтқым келеді. Мәселен, жылжымайтын мүліктің болуы не болмауы туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тыйымның болу-болмауы туралы анықтама, борышкерлер тізімі бойынша тексеру және шығуға тыйым салу, психо-нарко-туберкулезге қарсы диспансерлерден анықтама, медициналық ұйымға тіркеу, дәрігердің қабылдауына жазылу сияқты барлық анықтамаларды алу 2 минуттан аспайды, - деді Жанна Батаргалиева.
Бүгінгі күні БҚО-да Telegram-bot бойынша 15 мыңнан астам азамат оқытылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйіне барып қызмет көрсететін мобильді топ 6 мыңдай мекенжайға барып, 9 мыңдай мемлекеттік қызмет көрсеткен. Жыл басынан бері тоғыз айда Мемлекеттік корпорацияның БҚО бойынша филиалы 900 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен. 200 мың электрондық-цифрлық қолтаңба берілген.
Н.Нұрланұлы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер