21.01.2022, 10:00
Оқылды: 73

Үш секундта қорғанып үлгеріңіз

Қыстың көзі қырауда жазатайым сүрініп  кетіп, құлап, жарақат алатындардың саны артады. Бір жылымық, бір қатқақ болып  тұратын осы қыста облыстық көпбейінді  аурухананың  травматологиялық  бөліміне  тәулігіне 30-40 адамнан жүгінуде екен. Оның  5%-ы мұзға оқыс құлағандықтан ауыр жарақат алып,  ауруханаға  жатқызуды қажет ететін көрінеді. Бұл  туралы облыстық  көпбейінді ауруханадағы травматологиялық бөлім  меңгерушісінің міндетін атқарушы  Асылбек Метенов айтты.

E705881A-7DCA-49D6-A2C6-7C398D6138E4

Облыстық көпбейінді аурухананың травматологиялық бөліміне тұрғындар қыста, әсіресе, көктайғақ кезде көп түседі. Былтыр желтоқсан айында  көктайғаққа байланысты 500-ге жуық адам түрлі дәрежедегі жарақат алса, оның 42-сі ауруханаға жатқызылған болатын. Биыл да қыс басталғалы біздің бөлімге келіп, алғашқы медициналық көмек алып жатқандардың басым бөлігі – көшеде құлап, жарақаттанғандар. Олардың жарақатын таңып, гипстеп, күрделілігіне қарай ауруханаға жатқызамыз. Ауруы жеңіл болса, ем-домын белгілеп, үйіне шығарып саламыз. Әрине, сынық орнына түсіп, жазылғанға дейін біраз уақыт өтеді. Ауруханаға жатқызылатындардың дені аяқ-қолы сынып, басынан жарақат алғандар. Негізі, қыста  әр адам жалпы ережелерді есте ұстаған жөн. Мысалы, көктайғақта сыртқа шығар кезде аяқ киіміңізді дұрыс таңдаңыз. Оның өкшесі биік емес, табаны қалың әрі бұдырлы болып келгені жақсы. Ал көшеде жүргенде жерді нық басып, қолыңызды қалтаға салмай, тепе-теңдікті сақтаған дұрыс. Мұзды жерді айналып өту мүмкін болмаса, мысық табандап, қысқа адыммен жүруге тырысыңыз. Түрлі жағдайда қол-аяғы сынып, жарақаттанғандар дәрігер көмегі келіп жеткенше қозғалмай жатуы тиіс.

Себебі сүйек сынғанда, жұмсақ етті езіп, не болмаса қан тамырларын қиып кетуі мүмкін. Адам аяғы тайып, құлап бара жатқанда  жанталасып қолымен жер тіреп қалуға тырысады. Нәтижесінде дененің бар салмағы тірек болған қолға түседі. Ондайда адамның ең әлсіз мүшесі – қол сүйегі сынып, не шынтағы шытынап, тым құрығанда, білезігі тайып, апталап жүріп-тұруға жарамай қалады. Шынтақты жерге тіреп қалу да қате. Мұндайда шынтақ сынбаса да, барлық салмақ бұғанаға түседі. Бұғананың сынуы көп кездесетін жарақаттың бірі болып саналатыны сондықтан. Сүрінген адам тепе-теңдігін сақтай алмай, жүрелеп отыра қалудың орнына, тізесін тірей жығылады. Бұл да дұрыс емес. Нәтижесінде тізе жарылып, жаныңызға бататын болады. Жамбасты «жұмсақ»  деп есептейтіндер де қателеседі. Жамбаспен жығылған жанның  омыртқасына зақым келуі мүмкін. Тіпті құйымшақ орнынан қозғалса да, оңай емес екенін ескеріңіздер. Шалқалап құлап жатып, бар салмағымен басымен жерге соғылудың да ауыр зардаптары бар. Қандай жағдай болса да, басты екі қолмен қалқалап, қорғанудың амалын қарастырыңыз. Сонда мидың шайқалуы, бас сүйектің сынуы сияқты бейнеттен айналып өтесіз, – дейді Асылбек Әділханұлы.

Мамандардың айтуынша, құлаудың үш түрінің зардабы болмайды екен. Олар – ішпен түсу, бір бүйірлеп құлау және арқамен жығылу. Аяғыңыз тайып кеткен  жағдайда сіздің дұрыс шешім қабылдауыңызға небәрі үш секунд бар. Яғни қас-қағым сәтте қол-аяғыңызды жинап, басыңызды қалқалап үлгеруіңіз керек. Егер қолыңызда ауыр сөмке болса, лақтырып жіберіңіз. Себебі кей адам құлап бара жатып, өзінің хәлін емес, сөмкенің жайын ойлайды. Ақыры құлаған екенсіз, онда орныңыздан тез тұрып кетпей, ауыр жарақат алмағаныңызға көзіңізді жеткізіңіз. Егер қатты құласаңыз, «Жедел жәрдем» шақыртып, дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал.

Гүлсезім Бияшева,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале