31.01.2023, 11:30
Оқылды: 1451

Жәңгір хан мектебін күрделі жөндеу қашан бітеді?..

«Орал өңірі» газетінің 2023 жылдың 12 қаңтардағы №4 санындағы Дариға Мұштанованың «Күз деп едің, қыс болды, бұл не деген іс болды?..» мақаласында Бөкей ордасы ауданындағы Жәңгір хан мектебінің құрылысы әлі аяқталмағаны туралы жазылған еді. Осыған орай, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимуллинге хабарласып, төмендегідей жауап алдық.

3147D5C3-7D9E-4C01-A76C-D4EF73EAA656

– Жәңгір хан атындағы орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін 2021 жылы 316 944 269 теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде Қызылорда қаласында тіркелген «НұрТехСервис» ЖШС жеңімпаз атанды. Осы мердігермен 2021 жылдың 6 қыркүйегінде жалпы құны 319 479 823,15 теңгені құрайтын келісімшартқа қол қойылды. 2021 жылы мердігер сыртқы электр жарықтарын орнатып, ғимараттың ішін бұзу, бөлшектеу жұмыстарын жүргізеді. 2022 жылдан бастап күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастырды. Алайда, мердігер уақытында нысанды аяқтай алмады. Оған себеп: жобалық-сметалық құжаттамаларындағы кемшіліктердің болуы, мердігердің жұмысшылармен, құрылыс материалдарымен уақытылы қамтамасыз ете алмауы.

Білім беру бөлімі тарапынан қаржыландырудан ешқандай кешіктірулер, кедергілер болған жоқ. 2022 жылдың наурыз айында тиісті деңгейде жұмыстарды орындамағаны үшін мердігерге сот шешімімен тұрақсыздық айыбы салынды. Өткен жылдың желтоқсан айында мердігерді жосықсыз деп тану және биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтап беруді міндеттеу туралы сотқа талап-арызбен жүгіндік. Қазіргі уақытта мердігердің істері сотта қаралуда.

Жәңгір хан атындағы орта мектептің оқушылары жөндеу жұмыстары кезінде мектеп жанындағы екі ғимараттан тұратын интернатта екі ауысымда оқуда. Мектеп ғимаратының жөндеу жұмыстарының уақытында бітпеуі – білім беру бөлімі үшін де күрделі мәселе. Ұжымдағы тәжірибелі педагогтардың арқасында оқушыларға тиісті деңгейде білім берілуде.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале