12.06.2020, 17:47
Оқылды: 85

Жеңіл өнеркәсіпке тың жобалар қажет

Оралда базарға һәм сауда орталықтарына барсаңыз қаз-қатар тізілген шетелде тігілген киімдерді табасыз. Ал «Made in Kzakhstan» белгісі бар тауарды табу қиын. Тапқан күннің өзінде оның бағасы қымбат. Өңіріміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының қазіргі жайын, карантин кезінде жұмыстың қалай жүргенін білмек боп қаламыздағы «Надежда» ЖШС-ның фабрикасына бас сұқтық.

1 (38)

Өндірісте жұмыс істейтін жандарға арналған арнайы киім және төсек көрпе тігумен айналысатын кәсіпорында бүгінде 130 адам жұмыс істейді. Серіктестіктің коммерциялық директоры Амантай Төремұратовтың айтуынша, фабриканың қазіргі жағдайы көпшілікті қуанта қоймайды екен. Өйткені жұмыс импортқа тәуелді. Матаны Қытай, Үндістан, Ресейден, түйме мен жүгіртпе ілгекті Түркиядан алдырады. Соның кесірінен кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс ала алмауда. Неге десеңіз шикізат ұсынушылар кепілхатпен жұмыс жасағысы келмейді. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша алдымен тауар, сосын қаражат берілетіні баршаға аян. Соңғы екі жылдан бері «Надежда» фабрикасы мемлекеттік тапсырыс алмаған. Соңғы үш айда жұмыс тұралап, тапсырыс беруші мұнай компаниялары қажет киімнің бір бөлігін ғана алатынын айтқан. Амантай Қабиболлаұлы карантин режімі тағы созылса, фабриканың жағдайы тіптен қиындап кетуі мүмкін екенін жеткізді.

 

Жағдайы қандай қиын болса да, «Надежда» фабрикасы қашан да өнімдерінің сапасына үлкен мән береді екен. Осы күні өңіріміздегі «Алаугаз», «НЭФТЕК», «ҚазМұнай Газ» сияқты ірі компаниялармен байланысы жақсы. Олардың жұмысшылары осы фабриканың тіккен киімімен жүр. «Зенит» зауытымен де іскерлік байланыс орнатылуда. Сондай-ақ  Атырау мен Маңғыстау облыстарына іссапарларға шығып, ол жақтағы мұнай компанияларының жұмысшыларын киіммен қамтамасыз етуді қолға алғалы біраз болған.

1 (137)

– 53 жылдық тарихы бар фабрикамыздың жылына 400-500 мың киім тігетіндей қауқары бар. Бірақ қазір кәсіпорны толық күшінде жұмыс істеп тұрған жоқ. Өйткені тапсырыс аз. Теңіз кен орнында «Іскер» және «СС Corporation» сияқты екі ірі тапсырыс берушіміз бар. Аталған компания жұмысшыларына қысқы және жазғы киім тігеміз, – дейді Амантай Қабиболлаұлы.

Бүгінде нарық заңына әбден машықтанған фабрика жоғарыда аталған екі тапсырыс берушіге жұмыс киімдерін шетелден тасымалдаудың тиімсіз екенін жеткізіп, жергілікті фабрика өнімдері сапасының әлдеқайда мықты екенін дәлелдей алған. Тіпті, жеңіл өнеркәсіп алпауыты саналатын Ресей мен Түркия фабрикалары жасай алмаған істі «надеждалықтар» тындырыпты.

1 (158)

– Бірде америкалық «СС Corporation» компаниясы италиялық алып денелі азаматты жұмысқа қабылдаған. Оның киім өлшемі 76 екен. Алпауыт компания оған келетін киім тігуші таппай әлек болыпты. Ресей мен Түркия фабрикалары бірден бас тартқан. Оған қоса Апенин түбегі жұртының салты бойынша киім өлшемі көзбен алынады екен. Сол кісіге арнап киім тіктік, шап-шақ болды. Оны көрген шетел компаниясы бірден бізбен жұмыс істеуге келісті. Содан бері екі тараптың әріптестік қарым-қатынасы дами түсті. Бес жылдан бері сол компанияның жұмысшыларын киіммен қамтамасыз етіп келеміз, – дейді Аманжол Төремұратов.

Өндіріске киім тіккен соң оның ерекшеліктері де болады екен. Дәнекерлеушілерге арналған киім ұшқан шоқтан жанып кетпеуі керек болса, электриктің киіміне тоқ өткізбейтін қоспа қосылуы қажет. Ал мұнайшылар киімінің май жұқпайтындай болғаны жақсы. Одан бөлек тапсырыс беруші компаниялар қажетті сертификатты да талап ететін көрінеді. Осындай талаптардың барлығын орындайтын фабриканың бар атқарар ісі маусымдық киім тігу болғаны өнеркәсіп басшылығын алаңдатуда. Соған қарамастан жұмысты тоқтатпай, бар мүмкіндікті пайдаланып, ескірген тігін машиналары мен киім пішетін станоктарды жаңасына ауыстыруды да ойластыруда. Тек қаражаттың аздығы қолбайлау болып отыр. Қаражат көп болу үшін тапсырыс көбеюі керек, тапсырыс алу үшін шикізат қажет. Ал шикізаттың барлығы сырттан келеді. Бүгінде халық тұтынатын көпшік-көрпе тігіп, жүн түтуді де қолға алған фабрика жұмысшылары да, басшылығы да ұсақ-түйек тапсырыспен отырар болсақ, алысқа бармаймыз-ау деген қорқынышпен жұмыс  істеп  жүргенін  жасырмайды.

1 (165)

Облысымыздың жеңіл өнеркәсіп саласындағы тағы бір кәсіпорын – «Аяз» ЖШС. Киізден жасалған аяқ киім, техникалық киіз, табиғи тері мен былғарыдан жасалған бұйымдар, тоқымадан жасалған арнаулы жұмыс киімін шығаратын серіктестіктің де тасы өрге домалап  тұр  деуге  келмейді.

– Біздің негізгі тұтынушыларымыз ауылдық жердегі жұмысшылар мен құрылыста жүргендер. Шикізат табу аса бір үлкен қиындық туғызып тұр дей алмаймын. Өйткені шаруа қожалықтары жүнді көптеп тапсырады. Басты мәселеміз – шығарған өнімді өткізу, – дейді серіктестік басшысының орынбасары  Нарегей  Жанғазиев.

Нарегей Сырымұлының айтуынша, қазіргі таңда «Аяз» серіктестігінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Арнайы цех жұмысы басталған шақта жұмысшылар саны 50 адамға дейін жетеді екен. Қазіргі уақытта фабрика жүн қабылдауда, келер айда цехтарды іске қосып, кезекті жұмыс циклын бастамақ. Сондай-ақ көпшілік арасында сұранысқа ие «Аяздың» киіз үйлеріне тапсырыс берушілер кәсіпорынды банкроттан құтқарып тұрған көрінеді. Десе де карантин бұл іске де тоқтау салған. Біренеше тапсырыс беруші киіз үйлерден бас тартып, тағы бірнешеуі тапсырысын уақытша тоқтатуын өтінген. Бір кездері қаламызда болған мал терісі мен жүн өңдейтін «Землячка», «Мех зауыты», «Тері-шикізат зауыты» сияқты кәсіпорындардан жалғыз «Аяз» қалған еді. Осы күні оның да жұмысы шатқаяқтап тұр.

Қос кәсіпорнының қазіргі жайын күйттеп, болашағы не боларын білмек оймен БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының өнеркәсіп бөлімінің басшысы Тұрсын Өтебаеваға жолықтық. Фабрикалардың жағдайымен таныс екенін айтқан маман олардың негізгі мәселелері сырттан келетін тауарлармен бәсекеге түсе алмауында екенін жеткізді. Сондай-ақ кәсіпорындар бүгінгі күнде шикізатты Ресей Федерациясынан және алыс-жақын шетелдерден тасымалдауға мәжбүр болып отырғанын, ал ондай жағдай өз кезегінде шығарылар өнімнің өзіндік құны мен тауар бағасының  өсуіне  әкелетінін  айтты.

1 (75)

– Ел үкіметі 2018 жылғы 23 желтоқсанда бекітілген №820 қаулысымен қарапайым заттар экономикасы саласына қолдау көрсету жобасын қолға алған болатын. Біздің облыста да «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық кеңсесі құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және бизнес-қауымдастық өкілдері кіреді. Кеңсе іскерлік жобаларды бизнес-жоспар жасау кезеңінен бастап, қаржыландыруға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады және жобаларды үнемі бақылауында ұстайды. Егер жоғарыда аталған қос фабриканың ісін дамту бағытындағы жобалары болса, басқарма да, кеңсе де қолдау білдіруге әзір, –  деді Тұрсын Фазылғалиқызы.

Ендеше кәсіпорындарымыздың ісін ілгерілетуі өз қолдарында. Тек жаңа жоспар құрып, тиімді жоба ұсына алса болғаны. Банктер қаржы бөлсе, іс оңға басар. Бірақ ол мүлдем басқа тақырып...

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале