17.03.2021, 15:35
Оқылды: 62

Әйеліңді неге айым демеске?!

          Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы көп айтылады. Отбасы, ошақ қасындағы ұрыс-керістің арты күш қолдануға, қол жұмсап жәбірлеуге ұласса, анықтамасын осылай беретін болдық. Тіпті мектеп қабырғасында да аталмыш тақырып төңірегінде кеңінен түсіндіріледі. Ең өкініштісі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны көп жағдайларда әйелдер мен балалар. Өйткені ашуға бой алдырған қара күштің алдында әйел – әлсіз, бала – қорғансыз.

 44_9

Демек, күнделікті тіршілікте жекелеген отбасыларында әйелге зорлық көрсету оқиғалары болатынын мойындауымыз керек. Жалпы ішкі істер мекемесінің әр аумақтағы бөлімдері отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласында жасалатын зорлық-зомбылық деңгейін зерделеу кезінде зорлық-зомбылықтың көпшілігі әйелдерге қатысты екенін дәлелдеген.

Қазақстанда әрбір сегізінші әйелге зорлық жасалады

          «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген тәмсіл бар. Жігіттің төресі, азаматтың асылы да болмақ. Елдің қорғаны, байлығы сол парасатты жігіттер. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Өзегіңді өртейтін өкінішті жайттар да бар. Әлеуметтік желіден әйелдерін қорлап, ақыры өлтіріп тынған еркектер туралы жан түршіктірер жаңалықтарды естігенде төбе шашың тік тұрады. Қазақстанда әрбір сегізінші әйелге зорлық жасалады. Жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың кесірінен көз жұмады, - дейді бір дерек көзі. Бұл ресми статистика. Алақандай ауылда күн кешіп жатқан мына біздердің де құлағымыз «боксер» ерлер туралы естиміз. Ондай еркектер бар. Біздің мақсатымыз қанша әйелдің таяқ жегенін анықтау емес. Осы жауыздықты тоқтату. Жұбайына қол көтеру – психикалық ауытқу екенін түсіндіру.

Әйелдер көрген қорлығын жасырады

          Жәнібек аудандық сотының төрайымы Әсел Жамантаеваның айтуынша, заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық бірнеше түрге бөлінеді.

- Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі құқық қорғау ұйымдарының басты назарында. 2009 жылдың 4 желтоқсанында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Заң бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық, жыныстық, психологиялық, экономикалық деген түрге бөлінеді. Зорлықтың қандай түрі де физикалық, моральдық тұрғыдан өте қауіпті. Бұған бейжай қарауға болмайды. Конституциямыздың 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды деп көрсетілгенін әр адам ұмытпау керек. Яғни ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды. Бұл конституциялық ереже жеке адамның отбасындағы қол көтеру болған жағдайда қолданылады. Аудандық сотта 2020 жылы отбасылық-тұрмыстық қатынастар төңірегінде 70, 2019 жылы 62 әкімшілік іс қаралды. Көп жағдайда осы санаттағы істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады. Өкінішке орай, отбасында заңсыз әрекеттер жасырын сипатта болады. Көбіне әйелдер өздерінің көріп жүрген қорлығын жасырады, айтқысы келмейді. Өйткені көпшілігі материалдық тұрғыдан тәуелді, табысы жоқ, барар жері жоқ. Қайсыбірі қоғамның айыптауынан қорқады және балалар үшін отбасын сақтаймын деп құрбандыққа ұшырайды. Сондықтан азаматтардың құқықтық санасы мен мінез-құлқына ықпал ету үшін халық арасында зорлық-зомбылықсыз мінез-құлық туралы түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлінуі керек, - дейді сот төрайымы.

44 адамға қорғау нұсқамасы қойылды

«Аудан көлемінде зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы халықты ақпараттандыру, қоғамда отбасының рөлін нығайту мақсатында жұмыстану біздің басты міндетіміз», - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Тимур Мамытов.

- Жуырда ауданда аталмыш іс-шара жүзеге асты. Іс-шараның өтуіне аудандық полиция, прокуратура, билер кеңесі, кәсіби емес медиатор, әкім аппараты, ішкі саясат бөлімі, балалық шақты қорғау бас маманы, білім беру бөлімінен өкілдер атсалысты.

Шара барысында есепте тұрған адамдардың пәтерлерін аралап, олармен әнгімелесу жүргізілді. Жалпы ауданда ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұратын адамдарды бақылау үшін учаскелік полиция инспекторларымен барлығы 44 қорғау нұсқамасы қойылды. Бұл дегеніміз, есепте тұрғандар үнемі бақылауда. Соның ішінде аудандық полиция бөлімінің ұсыным хатына сай аудандық сотпен 14 құқық бұзушыға ерекше талап орнатылды. Айтуға оңай әрине. Кейбір отбасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бар екенін растаймыз. Әйелдерге күш көрсету тек тіркеуде тұрған қолайсыз отбасыларда ғана болады деп ойламаймын. Сырт көзге үлгілі көрінетін жұбайлардың отбасында да мұндай мәселе болуы мүмкін. Қысқасы, тиісті орындарға, қоғамдық ұйымдарға баршамызға өмір көркін бұзатын осындай келеңсіз көріністерді болдырмау, алдын алу бағытында атқарар іс көп.

Психологтар не дейді?

          Психологтардың айтуынша, «Егер ер адам бір рет қол көтерсе, ол міндетті түрде бұл қылығын қайталайды. Қанша жерден ант-су ішіп, уәде берсе де, өзін-өзі жеңе алмайды. Мұндай ер азаматты аяп керек емес. Қол

көтеретін еркекке кешірім беру дегеніңіз – тағы да таяқ жеуге өз қолыңмен үкім шығару. Отбасында зорлықты көп көретін бала өз қатарластарынан өзгешеленеді. Олар үнемі жалтақ, қорқақ, агрессияға бейім боп келеді. Сондай-ақ отбасында зорлық-зомбылықты, анасының таяқ жегенін көріп өскен бала осы тәрбиені бойына сіңіріп, болашақ өміріне ала келеді. Яғни ұл бала әкесінен көргенін істеп, әйелін сабауға бейім болады».

Әйел – Алланың аманаты

Қазақ халқы қызды төрге отырғызып, ұлынан артық қадірлеген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні сахабаларына: «Адамның ішіндегі ең жаманы әйелі мен балаларына жайсыз адам», - деген екен. Сахабалар: «Бұл қалай болмақ?» деп сұрағанда: «Ол үйге келгенде әйелі үркіп, балалары қорқып қашады», - деген екен. Бір төсекке бас қойып, артынша аяусыз таяққа жығып отырса, әйелдің жан-дүниесі астан-кестен болары ақиқат. Оны көрген бала да жауыздықтан жиреніп өспей ме? Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Балаңызға арнаған ең үлкен жақсылығыңыз – оның анасын сүйгеніңіз», - деген. Ислам дінінде әйел – Алланың аманаты. Әйелге қол көтергендер жазасыз қалмайды. Олар Алланың қаһарына ұшырайтынын білу керек екенін айтады.

Кейде біз заман азды, адам тозды дейміз. Шынтуайтында заман орнында тұр. Өтіп бара жатқан уақыт емес, біз өтіп барамыз. Алланың азды-көпті ғұмырын қиянатпен суаруды ешбір дін де, қоғамда қолдамайтыны хақ.

 

Ә.Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале