10.06.2020, 16:00
Оқылды: 51

Бөкей ордасында суға түсу орындарына рейд жүргізілді

Бөкей ордасы аудандық ТЖБ және аудандық полиция бөлімі кызметкерлерінің қатысуымен Мұратсай су қоймасындағы суға түсу орындарына рейд жүргізілді.

suga ketu

Рейд тұрғындарға суға түсу ережелерін қатаң сақтауды насихаттады. Мас күйінде немесе тыйым салынған орындарға суға түсу, балалардың үлкендердің қадағалауынсыз суға шомылуының соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады.

– Бір өкініштісі, суға түсу маусымын қауіпсіздік ережелерін сақтамай, суға кеткен балаларға қатысты қайғылы деректер бірінші болып ашады. Жаз басталды, балалар үйде, ата-аналарымыз қызметте. Балаларды үнемі бақылауда ұстап, жанымыздан жібермей отыру, әрине, еш мүмкін емес. Сондықтан балаларға суға түсу ережелерін, сақтық шараларын мұқият түсіндіріп, ересектердің қадағалауынсыз суға түспеу керектігін қатаң талап еткен жөн, – дейді аудандық ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бибігүл Хайруллина.

Соңғы он жылда облысымыздың 296 тұрғынының ажалы судан болған. Таратып айтсақ, суға кеткендердің 38%-і – 18-26 жас аралығындағылар, 28%-ы – 18 жасқа дейінгілер, 21%-і – 26-36 жас аралығындағылар. 143 адам құтқарылған, оның 48-і кәмелетке толмағандар.

2019 жылы 29 адам суға кеткен. Оның 8-і бала. Суға түсуге арналмаған жерде суға кеткен – 5, мас күйінде суға батқан – 5, балық аулау кезінде қауіпсіздікті сақтамаған – 10, ата-ананың қарауынсыз суға кеткен бала саны – 8.

Сондай-ақ төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері сөндірілмеген темекі қалдықтарын тастау, балалардың сіріңкемен ойнауының салдары үлкен өртке жол беретінін айтып, өрт қауіпсіздігі, сақтық шараларынан да түсінік берді.

Рейд барысында барлық қатысушыларға аудан су қоймаларындағы сақтық шаралары мен судағы қарапайым қауіпсіздікті сақтаулары жөнінде жадынамалар таратылды. Алдын алу іс-шаралары суға түсу кезеңі аяқталғанша жалғастырылады. Өрт пен судың ажал көзі, жеті жұттың бірі екенін естен шығармайық!

Анар Артықбай

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале