14.02.2022, 17:59
Оқылды: 42

Еңбекпен өрілген өмір

Дүйім жұртты ауызына қаратып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, ұрмай-соқпай айтқанына көндіріп, адасқанды тура жолға салған небір көреген мәмілегер қариялар әр ауылдан табылады. Солардың бірі Жәнібек ауданы Ақоба ауылындағы санаулы қариялардың бірі Есенболат Хасенов.

InShot_20220214_175522943

Таяуда 90 жасқа толған Есенболат ақсақал өмір бойы өзінің туып, өскен Ақоба ауылында тұрып келеді. Ауылының тарихын, адамдарын туғаннан бері бес саусағындай біледі десек артық айтқандық емес. Қаршадайынан ат, өгіз жегіп, бұлық айдаған ауыл адамдарының қиын да жанкешті жұмыстарын өз көзімен көрген. Үш бригада еккен 250 гектар егінді салып, күтіп, жинап алуда жас жігіттер жатпай-тұрмай еңбек еткенін қария бүгінге дейін ұмытпапты.

-Мен дүниеге келген 1932 жылы әке-шешем Ақобадан көршілес Ресейге қоныс аударыпты,-дейді Есенболат ата әңгімесінде. -Шешемнің аяғы ауыратынды, әкем оны дәрігерлерге емдетпек болып көршілес елге қарай қозғалса керек. Саратов облысына қарасты бір хуторда әкем жұмыс істеп, еңбекақыға күніне бір бөлке нан, 4 литр сүт алып, сонымен отбасын асырапты.

Ресейде үш жыл болып, қайтадан Ақобаға көшіп келгеннен соң әкесі қолдап жұмыс істетіпті. Кейін 6 айлық зоотехник курсын бітіріп, ауылда осы алған мамандығы бойынша қызмет атқарды. Бала Есенболат бұл жылдары Күйгенкөл ауылындағы нағашысының үйінде жатып мектепте оқиды. Нағашысы қайтыс болып, оқуға мүмкіндігі жоқтықтан бірінші сыныпты бітіріпәрі қарай мектепке бара алмайды. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. 1942 жылғы сәуірде Ақобадағы бас көтерген 80 ер-азамат майданға аттанып, елде кемпір-шал, әйел, бала-шаға қалады. Ақсақалдың айтуынша, сол жылдары колхозда 3 отар қой, 2 табын сиыр, 1 үйір жылқы, 1 табын түйе болыпты. Он жастағы бала әкесінің орнына 4 өгізбен бұлық айдады.

-Киім қат кез. Пайдалылығы аз болғандықтан колхозымызда қолма-қол ақша жоқ. Ауылдағы Батырғали деген қарт бұлыққа жегетін ат, түйе, өгіз құралдарын дайындады. Өлген малдың терісін  қыстай илеп, қайыс жасайды. Демалыс деген болған емес. Таң бозынан түн қараңғысына дейін еңбек еттік. Ауылдағы Құл есімді шал жылқы бақты, 500 жылқыны қолмен суарды. Сол кезде 70-тің үстіне шығып кеткен қарттың қайраттылығына әлі күнге дейін таң қаламын. Кәрім Жанғалиев колхоздың басқармасы болды, шаруашылықтың бағытын білетін жан еді жарықтық...1943 жылдың наурыз айында әкемнің соғыста хабарсыз кеткендігі туралы қара қағаз келді.  Шешем екеуміз 1946 жыға дейін 600 бас қой бақтық, малды қолмен суарамыз. Соғыстан соң жағдай ептеп түзеле бастады. Елдің тірі қалған азаматтары әскерден келді.  1947 жылы ФЗО-ға жас жігіттерді жинады. Мені де алмақшы болып еді, шешем жылап-еңіреп, әрең алып қалды,-дейді ата өз сөзінде.

Еңбекпен есейіп ержеткен жас жігіт 1951 жылы әскерге шақырылып, алдымен Уфада, бір жылдан соң Мәскеуге жақын жерде азаматтық борышын өтеді. Үш жыл әскери міндетін өтеп, елге оралды. Ауылға келсе, шешесі шопандық жұмыста екен. Екеуі бірлесіп 1963 жылға дейін колхоздың қойын бақты. Сол жылы Ақоба совхоз болып құрылды. Есенболат ата жаңадан құрылған кеңшардың №1 бөлімшесінде есепшілік қызмет атқарды. Бұл қызметте сегіз жыл істеп, 1971 жылы осы бөлімшедегі шаруашылық меңгерушілігіне ауыстырылды. Ол ылғи да егін жинау, шөп шабу, қой қырқу сияқты жылдың төрт маусымында ауысып, қайталанып келетін жұмыстардың басы қасында бақылап, қадағалап, тыным көрмейтін. Көбінесе егін ору кезінде бидай тау болып, үйіліп жататын қырманда меңгеруші болып, күндіз-түні жұмыс барысымен шапқылап жүргені. Сонымен қатар, компартия заманында цехтық бастауыш партия ұйымының хатшысы міндетін ақысыз-пұлсыз қосымша атқарды. Осындай қыруар жұмыстың бәріне де үлгерген. Күн сайын ауданға ақпар, есеп берудің өзі уақыт алады. Шаш етектен төгіліп жататын жұмыстан бір қолын екі етерге білмей жүргенде совхоз бастауыш партия ұйымының хатшысы: «Есақа цехтық бастауыш партия ұйымының жиналысын өткізбедің ғой»,-деп мына жақтан дікілдейді. Жасы елуден асқанша осылай тынымсыз шапқылап жүрді. Адам темір емес қой, бір күні шыдай алмай сол кездегі совхоз директоры, бүгінде марқұм құрдасы Зұлпыхар Әбдірешовке: «Зөке, қол-аяғымды бөліп, терімді сыпырып алып, жерлейін деп жүрсің бе, босатшай мына қамыттан»,-деп әзіл-шыны аралас жеткізді. Зөкең күлді де: «Сендей тындырымды жұмыс істейтін адамдар аз, жалақыңа елу сом үстеме қосайын, әлі де біраз қызмет қыла тұрсаңшы»,-деді. Амал жоқ көнуге тура келді. Есақаң совхоздың бұл жұмысын  жасы алпысқа келгенше, дәлірек айтқанда 1992 жылға дейін атқарып, зейнет демалысына шықты.

Кәрілік өзінікін алады екен. Бүгінде атаның бабын қыз-күйеуі тауып келеді. Ол 85 жасқа келген зайыбымен шөберенің қызығына кенеліп, бір-біріне демеу болып отыр. Құлағының естуі нашарласа да теледидардағы жаңалықтарды қарауға тырысады. «Тоғыз бала тәрбиелеп өсірген едік, содан 3 ұл, 2 қыз қалды. Ұрпағыммен бақуаттымын,-дейді Есенболат ата өз сөзінде.

Жаратқан өмір берсе, баршамызда кәрілікке жетеміз. Сол кезде кейінгі ұрпаққа айтар мәнді естеліктеріміз болса не арман?! Еңбекпен есейген Есенболат атаның естеліктері кейінгі ұрпаққа үлкен тәрбие.

Әсемгүл Әбділда,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале