25.09.2019, 17:28
Оқылды: 365

Мал баққан қазақ құсты да бағады

Сырым ауданында құс шаруашылығы ширап келеді. Ширатып отырған бөтен ешкім емес, ауылдың қарапайым тұрғындары. Аптаның басында Аралтөбе ауылында болғанбыз. Қорадағы мөңіреген сиырдың, маңыраған қойдың дауысына қаңқылдаған құстың үні қосылғанын бұл ауылдан да байқадық.

«Үйректі 70 күннен кейін сою керек»

 

Аралтөбелік Серік Байыровтың жұмыс күнінің барлығы далада өтті. Механизатор, бригадир, кейін звено жетекшісі болды. 1997 жылы «Шұғыла» шаруа қожалығын құрды. Екпінін егін шаруашылығымен алған қожалық кейін мал шаруашылығына көшті. Қожалықтың иелігінде қазіргі уақытта 40 бас ірі қара, біраз қой мен ешкі бар.

Мал жайып, қой қуалай берген болмас деп Серік аға былтыр үйректің 50 балапанын сатып алған. Баққан еңбектің берекесі ғой, балапандар үйрекке айналып, әрбірі 5-6 келіден ет берді.

dav

Осы кәсіпті кеңейтпек болып, «Шұғыла» шаруа қожалығы биыл 200 балапан сатып алды.

-Бір балапанның бағасы – 350-400 теңге. 100 балапанды мамыр айында, қалғанын бір айдан кейін алып келдім. Балапандармен бірге қаланың басынан қапшықпен арнайы жем қоспаларын сатып алдым. Басында соны бердім. Кейін олардың ас мәзіріне ұнтақталған жем, кебек, астық дәндері кірді. Үйректер қорек талғамайды, өңешінен өткеннің бәрін ас қылады. Жем өз алдына, үйдегі астың қалдығы, көкөністердің қабығы да жарай береді,- дейді Серік ағамыз.

Ол кісінің айтуынша, құстарды балапан кезінде суыққа ұшыратпай, астан таршылық көрсетпей жетілдіріп алу маңызды. Балапанында бабы келмесе, құс өсіп жарытпайды. Қораға қамағанда үйректерді жапа-тармағай емес, он-он бес үйректен оқшаулап қамау керек. Әйтпесе, бірін-бірі тапап тастайды екен.

Үйректерді күніне үш мезгіл тамақтандыру, өзенге түсіру, түгендеп аулаға әкеліп қамау – мұның барлығы бір адам үшін кәдімгідей уақыт алатын жұмыс. Бағудың ішіне тек тамақтандыру емес, қорғау да кіреді. Жердегі ит пен мысық өз алдына, үйректерге аспаннан да қауіп бар. Серік ағамыз әнеугі жолы бір үйректі қарақұстың тырнағынан шақ алып қалыпты.

Биылғы жаздың, әсіресе жазғы түндердің суық болуы кесірінен 30 шақты балапан шығын болыпты. Қалғаны өсіп, жетілді. Серік Байыров кешегі аптадан бастап үйректерін сойып, етін саудаға шығара бастады. Алғашқы «партия» Жымпитыдағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне шығарылды. Қалғаны Орал қаласына жөнелтіліп, сол жақта сатылды. Биылғы үйректердің әрқайсысы 3,5-4 келіден ет беруде. Бір үйректің құны – 4000 теңге.

-Үйректерді бағып, өсіруге 70 күн жеткілікті. Осы кезде соя берсе болады. Одан кейін құстар ана бір ет те жинамайды, оның үстіне мамығы қатып кетіп, союға да үлкен кедергі болады. Бір жағынан, қомағай құстарды ұзақ бағу иесін шығынға ұшыратады. Менің ауламдағы үйректер айына 10 тонна су ішеді, күніне 50 келі астық жейді, - дейді иесі. Астықтың арзан емесін ескерсек, үйректерді ұстау үшін күніне 5000 теңге қаражатым кетеді. Сондықтан үйректің етіне белгілеген бағамды қымбат деп айта алмаймын. Ол – менің еңбегімнің өтеуі. Екінші жағынан, біздің үйректің еті экологиялық таза өнім, - дейді Серік Байыров.

Үйректі жаздың соңғы айынан бастап баққан тиімді. Себебі 70 күнде олар күздің салқынына келеді. Салқын уақытта үйректердің денесінде майлы қабат түзіліп, еті дәмді болады. Серік ағамыз құс өсірем деушілерге осындай кеңес береді.

 

Аралтөбеге келген линда

 

Сарып ауруы шығып, қорасындағы ірі қарасының бәрінен айырылған Құсайын Насыровтың әуелгіде абдырап қалғаны рас. Өзінен басқа ешкім тұрақты жұмыста жоқ. Екі қызы - студент, тағы екі баласы – мектеп жасында. Не істемек керек?

Әр нәрсенің қайыры бар екен. Құсекеңнің отбасына сәуір айында жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жұмыссыз жұбайы Нұргүлге аудан кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ұсыныс жасады. Бірер ай аудан орталығында мамандардан кәсіп бастаудың және оны көркейтудің жолдарын, кәсіпкерліктің негіздерін, қаржылық сауаттылықты үйренген Нұргүл Қадырова өзінің құс шаруашылығы туралы бизнес – жоспарын сәтті қорғады. Жобаны жүзеге асыру үшін оған мемлекеттен 505 000 теңге қайтарымсыз грант берілді.

oznor

-Гранттың ақшасына линда тұқымды 40 қаз сатып алдым. Тағы да 30 қаз сатып алмақпын. Қаздар қой секілді жайылғанды жақсы көреді. Ауладан күніне 6-8 келі жем беремін.

Линда – қаздардың ірі, етті тұқымы. Жоспарым осы қаздарды өсіріп, етін сату. Алдағы уақытта тұқымды емес, үйдің қаздарын өсіруге ауысқым келеді. Себебі бұлар инкубаторда басылған жұмыртқадан шыққан тұқым ғой. Аналық қаздың бауырынан шыққан балапандар олардан анағұрлым артық қой деп ойлаймын. Маған жасанды жолмен емес, табиғи түрде, өздігінен көбейетін тұқым керек, - дейді Құсайын аға.

 

Еті – ем, мамығы – шикізат

 

Серік Байыров мана «Біздің үйректің еті - экологиялық таза өнім ғой» демеп пе еді. Ол кісі рас айтады екен. Дүкендердің тоңазытқыштарында мұз қатқан еттерден қолдағы құстың еті әлдеқайда пайдалы, бастысы күмәнсіз. Малдың етіне қарағанда, құс еті ағзаға жеңіл сіңеді екен әрі пайдасы да орасан.

 

Қазір екінің бірі қаназдыққа шалдыққан. Міне, сол кісілерге үшін құрамында темірі бар үйректің еті мың да бір ем. Ресейдің www. elementaree.ru сайтында үйректің етін күнделікті дастарханында қолданған адамның шашына табиғи жылтырлық, тырнағына мықтылық, ал терісіне балғындық бітеді деп жазылған. Үйректің жұмыртқасы физикалық күшті көп жұмсайтын адамдарға, соның ішінде спортшыларға өте пайдалы.

dav

Қазақ жылқыны мінсең көлік, жесең тамақ деп дәріптейді. Білген адамға қаздың да қасиеті жетеді. Америкалық ғалымдар қаздың етін жиі тұтынатын адамдар жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпайтынын дәлелдеген.

Қаздың еті түгілі, майы да шипа. Оны халық үсік пен күйікке пайдаланады. Қаздың сорпасын ішу бронхит пен пневманияны жеңуге көмектеседі. Мамығы көрпе, жастық жасауға таптырмайтын шикізат.

Құстың еті, жұмыртқасы ер адамдардың потенциясын, түсінікті тілмен айтқанда бел қуатын арттыруға жәрдем береді. Біз күнделікті өмірде тауықтың жұмыртқасын жиі қолданамыз. Бір тауық жұмыртқасының құнар – қуаты 100 грамм жылқы не сиыр, қой етіне пара-пар. Үйректің жұмыртқасының қуаты одан да артық.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале