4.08.2021, 18:21
Оқылды: 53

«Ниет» әлеуметтік жобасы сайқындық отбасыға үй алып берді

Көзі қарақты оқырманның есінде болар, әріптесіміз Арайлым Есмағұлова:

− Оразғалиевтер жанұясы апатты жағдайдағы үйді бірнеше жылдан бері күнелтіп келеді. Тұрмысын түзетуге ниетті Нұрлан бауырымыз өз бетінше жөндеу жұмыстарын жөндеуге білек сыбана кірісіпті де. Үйдің ішкі қабырғасын сылап, пешті бұзып қойыпты, ескірген электр сымдарын ауыстырғысы келеді... Әттегенайы, Нұрланның ниеті түзу, мақсаты айқын болса да қолы қысқа....− деп Сайқын ауылының тұрғыны Нұрлан Оразғалиевтің жағдайын ел назарына ұсынып еді. Күні кеше сол бастамамыз жақсы нәтижесін берді.

орда (1)

 «Нарын шуағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжиян Бисекенова, Сайқын ауылдық округі әкімінің орынбасары Бекбол Жұмабекұлы, аудандық мәслихат депутаты Райымбек Құрманғазиев пен «Ниет» әлеуметтік жобасының авторы, осы игі істің бастамашысы Арайлым Есмағұловалар Нұрлан Оразғалиевке үйдің құжаттарын апарып тапсырды. Гүлжиян апамыз құр қол бармай, балаларға тәттілері мен азық-түлік те апарды.

Әңгімені әріден бастасақ, Арайлым әріптесіміз осындай игі істер үшін «Ниет» әлеуметтік жобасына бастамашы болды. Бұл жоба қоғамдағы сыздауықтай бетке шыққан мәселелеріне өз үнін қосуды, талаптыға қолдау көрсетіп, танылуына жәрдемдесуді, өлкенің тарихын түгендеп, деректі фильм түсіріп, креативті кітап шығаруға ұйытқы болуды көздейді.

орда (2)

 − Арық айтып, семіз шығуды көздейміз. Бір айтарым, бұл жобаны тек қайырымдылық көрсетуге бастамашы болады екен деп тар ұғыммен қабылдап қалмаңыз. Ойға алған көп шаруа бар. Нәтижесін уақыт көрсетер. Қазақтың салт-дәстүрлерінің мағынасы терең, құндылығы керемет қой. Асар, ереулік беру, тағысын тағылар адамды қайырымдылыққа үндейді. Заманауи терминмен сөйлеуге құштармыз ғой. Бүгінгінің тіліндегі краудфандинг деген біздің асарымыз сияқты. Еріктілер белгілі бір ортақ мүдде үшін қаржы жинайды. Осы игі дәстүрімізді жаңартып, қолы қысқа ауылдасымызға балық емес, қармақ ұсынайық деп көпке үндеу тастадық қой, - дейді.

«Ниеттің» көзі неге Нұрланға түсті? Иә, бұл сұрақ екінің бірінің ойында тұрары анық.

−Газеттің жұмысымен рейдке шыққанымызда осы отбасы тұрып жатқан мекенжайға барған едік. Үш баласы бар. Баспана деген аты ғана, адам түгіл мал тұруға жарамсыз десем артық айтқаным емес. Төбесі ортасына түсуге қалыпты. Пешін төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жарамсыз деген соң бұзып тастаған екен. Осы көрініс көпке дейін көз алдымнан кетпеді. Жаңбыр жауып, қатты құйын тұрса да үш кішкентайды ойлайтын едім. Әрлі-берлі өткенде қарап кетіп жүрдік. Ауыл әкімі Нұргүл Омарова «Нұрлан мен Ақсамалдың әлдекімдер сияқты жағдайларын айтып, жыламақ түгілі, «қандай ма бір көмек бола ма?» деп кеңес те алып көрмеді. «Өз күшімен әупірімдеймін ғой» деп намысқа тырысады. Бірақ қыр астында қыс тұр. Пешті қайта тұрғызып, шатырын жаңарту қолынан келмес. Қомақты ақша қажет қой» деп күдікті қалыңдатты. Осылайша, көптің қолдауы артық болмас деп, елге үндеу жасап, «Ниеттің» алғашқы жобасын бастап кеттік. Әлеуметтік желіге салдық, құрылыстың басы-қасында жүрген ағаларымызға арнайы шығып, Нұрланның үйіне ертіп бардық. Кеңестеріне құлақ түрдік.

Қайрат Насимоллин, Қуаныш Шәріпқалиев ағаларымыз үйді көрі шошып кетті. «Мына үйде лекерлеп қыстап шығарсың. Бірақ баспана боп жарытпайды. Әбден азып тұр екен» десті. Сол бойда Қуаныш ағамыз қомақты қаржы аударса, Қайрат ағамыз құрылыс материалдарымен қамтамасыз ететін болды. Кейін ол үйдің Нұрланға еш тиесілі еместігі анықталды. Көптің қолдауымен үш жүз мың теңгеден астам қаржы жиналған еді. Сәті түсіп, сол қаржыға мына үйді сатып алдық, − дейді жобаға жауаптылар.

–Нұрлан ағамызға үй алып бердік. Біткен іске сыншы көп. «Халықтан ақша жинағандағы алып берген үйінің сықпыты осы ма?» деушілер бар. Бірақ бұрынғы үйімен салыстырып көрсеңіз. Қабырғасы қақырап, шатыры шаршап тұрған үйде сәбилермен қыстап шығу еш мүмкін емес еді. Халықтан ақша жинадық. Бар жиналғаны – 307 мың теңге. Сол қаржы түгелдей үй алуға жұмсалды. Құжатын ресімдеуге кеткен шығынды жоба жетекшілері өздері шығарды. Бір аулада екі үй, бірі бұрынғы үй иесінің атақонысы, ескі үй болса, екіншісі жаңадан салынған, екі шағын бөлмесі, бір кіреберіс бөлмесі бар шағын үй. Есік-терезесі жаңартылды. Төбесі бүтін, жылы, жарық. Қолы епті, ниеті бар қожайын үйді кеңейтіп, мүмкіндігіне қарай монша, сарай да салып алуына болады. Толық мүмкіндік бар. Ауылдастар асарлатып, баспана алып берді, өздеріңнің басыбайлы баспаналарың. Ерінбей, еңбек қылсаңыз, әлі-ақ еңсе тіктеп кетесіз. Әлі де «Ниеттің» қамқорлығында, қадағалауында боласыз. «Ауыз берген Алла азығын береді» екен деп, масылдыққа бой алдырмай, барға қанағат қып, бір екі қылып, еңбек еткеніңіз ғана керек, – деді Райымбек Құрманғазиев.

Райымбектің осы жобаның басты мүдделесі боп, бейнебаян түсіріп, қаржы жинауға бастамашы болғанын баса айта кеткен артық болмас.

Қайрат Насимоллин берген материалдар бар, Сайқын ауылдық округі әкімі Нұргүл Омарова бастамашы боп, ауыл азаматтары жеткізіп берген қиыршық тас, цементті пайдаға асырып, үйдің сыртына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Рүстам Өтеев үйдің барлық терезесін заманауи ғып пластикадан қойып берді. Райымбек Құрманғазиев, Арман Аршимов, Алтынбек Құресовтер бірігіп, үйдің ішкі жөндеу жұмыстарына ақша жинап, қажетті материалдарын алып берді. Осы істің басы-қасында жүрген аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Салтанат Молдашеваның ұжымы ақша жинап, үйдің электр сымдарын жаңартып берді.

Кәсіпкер Анаргүл Дәулетова диван берсе, басқа да ауылдастар өздерінен артылған ыдыс-аяқ, терезе жабындарын беріп, жас отбасының аяқтан тұрып кетуіне бір кісідей көмектесті. Қаржы жинау тоқтатылды деп арнайы хабарланса да, көмек қолын созушылар көп.

Үй қожайындарына құжат тапсыруға келген қонақтар да Нұрланның бірі кем шаруасын түгендеуге тырысты. Райымбек Құрманғазиев отынмен

қамтамасыз етуді мойнына алса, Бекбол Жұмабекұлы сол отынның жеткілікті түрде тасымалдануына жауапкершілік алды.

Үй иелері де елге алғыстарын айтты.

−Жоғымызды түгендеуге бір кісідей жұмылған ауылдастарға айтарымыз алғыс қана! – дейді ерлі-зайыпты екеуі жарыса тіл қатып.

 

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале