28.09.2020, 15:08
Оқылды: 170

Переметный маңындағы қорғандар көне темір дәуіріне жатады

Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылы маңынан өтіп жатқан газ құбырының жанында орналасқан ескі қорғандарды сақтап қалу мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде ауыл айналасындағы бес қорғанның біреуі ашылды. Ішінен жерленген адам сүйегі мен сынық айна, көзді моншақтар мен мал сүйектері табылды.

Arxeologia (1)

– Қорғандардағы қазба жұмыстарын бастаған шақта жерлеу орындарының қола дәуіріне, ал кейбіреулері көне темір дәуіріне жатады деген болжам жасаған едік. Ашылған қорған көне темір дәуіріне жататыны анықталды. Ол біздің заманымызға дейінгі VI-IV ғасырлар аралығы. Бірақ бір мәйітті ашып, нақты қай ғасыр екенін айту қиын. Десе де, жерлеу рәсімі сол болжамымызды растайтындай, – дейді «Батыс археология ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС директоры Ерлан Қылышев.

Arxeologia (2)

Археологтардың айтуынша, қорған көне темір дәуіріне жатқанымен, қасында табылған айна оның нақты сол дәуірдің қай ғасырына тиесілі екеніне жауап бере алмайды екен. Толық жауапты барлық қорғандар қазылып, қажетті зерттеу жұмыстары аяқталған соң және қылыш, жебе ұштары сияқты басқа да заттар табылғаннан кейін белгілі болмақ.

Arxeologia (3)

– Переметный маңындағы қорғаннан табылған адам ортасында, айналасында оның туыстары мен қаруластары жатса керек. Барлығы бір қорғанда. Бұл осы қорғанның бір тайпаға немесе бір отбасыға арналғанын көрсетеді. Дәл осылай жерлеу рәсімі облысымыздың басқа да аймақтарында табылған қорғандарда болды. Атап айтсақ, Қырықоба кешені мен Шыңғырлау ауданынан табылған қорғандардағы адамдар осы жердегідей жерленген, – дейді Е.Қылышев.

Arxeologia (4)

Мамандар мәйітке арнап арнайы жандама жасалғанына қарап мұндай қорғандар өз дәуірінде беделі болған әрі тайпа ақсүйектеріне арналып жасалғанын айтады.

Arxeologia (5)

Ғалымдар зерттеу жұмыстары аяқталған соң архив құжаттарын көтеріп, арнайы жұмыс жасау керек екенін тілге тиек етті. Өйткені өңіріміз ХІХ ғасырдан бастап зерттеліп келген. КСРО заманында да көп ғалым қорғандарды аралап, өз ғылыми жұмыстарын қалдырыпты. Атақты Ғазиз Кушаев пен Борис Желищиков атты ғалымдар да көптеген еңбек қалдырған. Археологтар аға буын еңбектерін саралай отырып, бүгінгі қорғандармен сәйкестендіруіміз қажет екенін баса айтады. Тек содан соң ғана бұл тарихи орындар жайлы алғаш деректер қай кезде айтыла бастағанын біле аламыз екен.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале