1.02.2021, 19:05
Оқылды: 91

Періштенің көйлегі

Қазақта «Сенен бір-екі иткөйлекті бұрын тоздырғанмын» деген сөз тіркесі бар. Мұның мағынасы «менің сенен үлкендігім бар» дегенді білдіреді. Дүние есігін ашқан сәбиге ең алғаш тігісін сыртына қаратып, киім тігіп кигізеді. Оны «иткөйлек» немесе «итжейде» деп атайды. Қазіргі уақытта бұл атау да қолданыстан шығып бара жатқандай әсер қалдырады. Жас келіншектер, тіпті әжелер де иткөйлектің маңызын біле бермейді. Титтей ғана киімінің бұлай аталуының да өзіндік себебі бар. Тіпті қызық аңыз-әфсаналар да бар.

20190207_013831

Бағзыдан ауыздан ауызға таралып келе жатқан әңгіменің желісі бойынша Алла Тағала адам кескінін балшықтан жасап, оны итке күзеттірген екен. Осы сәтті пайдаланған Ібіліс адамның кескінін саусақтарымен нұқып кетіп, оны былғап қойған. Содан кейін адам өмірінің соңына дейінгі күндері бейнетке толы болған деседі. Ел ішінде ауыздан-ауызға таралған әңгімелерде айтылғандай, иттің адамға дос екенін бүгінге күнде көріп жүрміз. Ит Адам ата мен Хауа ана жер бетіне түскен кезде де алғаш рет соларға сенімді серік болған екен. Оларды бәле-жаладан, қауіп-қатерден құтқарып, қорған болған. Жаңа туған баланы да пәледен қорғасын деп иткөйлек кигізіп, ырымдау содан қалыпты. Осыған ұқсас аңыз алтай, бурят, саха, эвенкі, мари тәрізді халықтарда да тараған екен.

Хадиша Өтепова,

Қамысты ауылының тұрғыны, зейнеткер:

- Иткөйлекті бала қырқынан шыққанша кигізеді. Оны шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты жұмсақ маталардан тігеді. Тысын сыртына қаратып, шетін бүкпей пішеді. Жағасын ойып, өңіріне баланың басын сыятындай етіп, тік тілік түсіреді. Тігісі сыртына қараталып, іліп қана тігіледі. Кейде иткөйлекті ұзақ ғұмыр кешкен адамның киімінің қалдығынан да тіккен. Етегін, шеттерін бүкпей, кең, үлкен етіп тігуді нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуын тілеуден туған. Жалпы иткөйлекке байланысты ырымдар өте көп. Баланы қырқынан шығарғасын ит көйлекті далаға тастамайды. Тіпті ертеде жауға шапқан батырларда баласының иткөйлегін өзімен бірге ала кеткен деседі. Себебі, «иткөйлек пәледен сақтайды» деп ырымдаған.

Ақлима Есенболатқызы,

Ақоба ауылы

балабақша әдіскері:

- Иткөйлекті сәби кезімізде барлығымыз кигенмен, иткөйлек аталу себебін көпшілігіміз білмейміз. Иттің адамзат баласын қорғап қалғандығын айқындайтын итжейдені тігудің технологиясын үйреніп, атына заты сай қылып, қазақтың оюымен өрнектеп тіксек, ұлттық құндылығымызды арттырған болар едік. Анамның айтуы бойынша, итжейде екеу тігілу керек. Сәби қырқынан шыққанша екі көйлекті кезектестіріп кигізеді. Бала қырқынан шыққаннан кейін жаңа жейде-көйлектің ішіне тәтті салып, түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Балалар итті қуып жүріп, итжейдені шешіп алып, ішіндегі тәттіні таласып жейді екен де, көйлекті сәби сүйе алмай жүрген аналарға не жаңа түскен келіншекке «сәби сүй» деп ырымдап сыйлайды екен.

Айдана Әбдірешова,

мектеп психологі:

- Қазақ халқы ерте заманнан ырым-тыйымдарға сенген ғой. Ата-әжелеріміз құлағымызға сіндірген ырым-тыйымдарға психология қарсы емес. Керісінше рухани құндылықтарды танытатын осындай наным-сенімдер адамды жақсылыққа сендіреді. Жақсы ойлау – болашақ жетістіктерге жасалған алғашқы қадам. Адамның ойы өзгерсе, өмірі де өзгереді ғой. Сондықтан жақсылыққа жорамал жасау – адамға пайдалы.

         P.S. Кезінде Елбасы айтып өткендей, «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз».

Ә.Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале