13.06.2018, 9:53
Оқылды: 25

Сайқында 10 отбасы баспаналы болды

Бөкей Ордасы ауданы Сайқын ауылының теріс беткейінен бой көтерген жаңа көшелер «Бәйге төбеге» қарай ығысып барады. Осы арадан сап түзеген жалпы құны 108,5 млн.теңгені құрайтын екіпәтерлік бес үй пайдалануға беріліп, 10 отбасы баспаналы болды.

Су жаңа үй иелерінің қуаныштарын бөлісуге ауыл тұрғындары көптеп келді. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов жиналғандарды «Нұрлы жер» бағдарламасы және Астана қаласының 20 жылдығына байланысты қолға алынған істердің барысымен, жаңа үйлердің оң қапталынан бисендік кәсіпкер Ермек Меңдешевтің спорт, ал, Орал қаласындағы жерлесіміз Қуаныш Бірмановтың балалар дода-ойын алаңын салып жатқанынан хабардар етіп, болашақта осы маңнан тұрғызылатын екіпәтерлік 16 және 26 үйдің құжаттары әзір тұрғанын жеткізді. Иелеріне (олардың дені әлеуметтік тізімде тұрғандар мен бюджеттік сала және мемқызметкерлер) пәтер кілтін табыстап, қоныс құтты болсын айтты.

Облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдоллин отбасының, баспананың рухани да, материалдық та құндылық екеніне тоқтала келіп, Рамазан айында құрылысы аяқталған ғимараттың тұрғындарға жайлы боларына сенім білдірді. Сыртын тал-терек пен гүлге көмкеріп, ішін бүлдіршінге толтырыңыздар, үйлеріңізден ырыс, дастархандарыңыздан береке кетпесін,-деп тілегін ақтарып, шекаралық аймақта тұрғандықтан қай жағынан да үлгі болуды, ынтымақ-бірлікті, қырағылықты сақтауда құлаққағыс жасады.
Қоныс той иелері атынан аудандық балалар саз мектебі директорының орынбасары Айзада Тілепова сөйлеп, құрылысты салдыртқан, салған азаматтарға, пәтерді бөлген комиссия мүшелеріне алғыс жаудырды.

Қызының қуанышын бөлісе келген Галя Дүйсенова қонақтарға шашу шашып, ақ ұсынды. Мұндай рәсім барлық пәтерде өтті.

Каримолла ҒАЙСИН
Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале