15.04.2026, 20:00
Оқылды: 3

Шыңғырлау ауданында дәстүрлі бокс турнирі басталды

Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру, сауықтыру спорт кешенінде Социалистік Еңбек Ері Манат Бақытұлы Ержановты еске алуға арналған және «Жарас» шаруа қожалығының жүлдесіне ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі қалааралық бокс турнирінің ашылу салтанаты өтті.

image-15-04-26-07-24-6

Турнир Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, жарысқа қатысушы командалар мен төрешілер салтанатты түрде таныстырылды. Турнирдің бас төрешісі, Жоғары Ұлттық дәрежедегі төреші Ербол Кажимуратұлы Мурзахметов.

Жарыстың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде мұндай спорттық шаралардың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде, салауатты өмір салтын қалыптастыруда және бокстың дамуына серпін беруде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Аталған турнирдің жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік екенін жеткізіп, барша спортшыларға,төрешілерге, бапкерлерге ризашылығын білдірді.
"Бүгінгі жас спортшылар – ертеңгі ел намысын қорғайтын чемпиондар. Сондықтан сіздердің әрқайсыларыңызға үлкен үміт артамыз.
Барша қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жарқын жеңістер тілеймін! Турнир жоғары деңгейде өтіп, жаңа есімдер мен таланттарды танытсын!"- деп атап өтті.

image-15-04-26-07-24-2
Сондай-ақ, турнир демеушісі «Жарас» шаруа қожалығының басшысы Мирболат Алғалиұлы Тасмағанбетов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Биылғы додаға еліміздің Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Орал қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек, Қаратөбе, Тасқала, Сырым аудандарынан келген спортшылар қатысуда. Жалпы саны 16 командадан құралған 200-ге жуық жас боксшы бақ сынамақ.
Аталған турнир өңірдегі спортты дамытуға, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және дарынды спортшыларды анықтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Осындай жарыстар арқылы болашақ чемпиондардың есімі танылып, ел намысын қорғайтын жаңа буын қалыптасатыны анық.

image-15-04-26-07-24-4
Турнир алдағы күндері өз жалғасын тауып, көрермендерге тартысты жекпе-жектер сыйлайды деп күтілуде.

Светлана Усалимова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале