24.02.2021, 12:58
Оқылды: 55

Су тасқынынан төнер қауіп жоқ

Көктемгі қарбалас, халыққа қауіп төндіретін өзекті мәселе су тасқынының зардабын болдырмау үшін жанталас шақ та келіп қалды. Соңғы болжамдар бойынша еліміздегі бірқатар өзен-көлдердің су деңгейі жоғары. Батыс Қазақстан облысында су деңгейі 40-110 пайызға дейін артқан. Биыл қардың түсуі де былтырғыға қарағанда қалыңырақ. Қаңтардың қаһарлы күндерінің орнын  жылымық  ауа райы басып, жаңбырдың жаууы да болды. Оның үстіне табиғат тосын мінез көрсетсе, қарсы тұрар қауқар қиын болуы мүмкін. Осы орайда Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөліміне артылар жүк ауыр.

dav

Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, жыл басында көктайғақ күндері бір автокөлік жол жиегіне түсіп кетіп, «Қазавтожол» №39 ЖПБ қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдары қар құрсауында қалған автокөліктерге дер кезінде көмек көрсетті.

Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудан әкімдігімен бірлесіп,  аумақтық қауіпсіздік паспортына, төтенше жағдайлар қауіп-қатері каталогына түзетулер енгізді. Қар үйінділері, су тасулар туындауына байланысты қауіпті табиғи құбылыстарға  үздіксіз  мониторинг жасалды, ықтимал  қауіпті учаскелерге  шолулар жүргізілді. Ауданның шұғыл әрекет жасағының құрамы және азаматтық қорғаныс жоспарлары пысықталды.

Елді мекендерде  көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында  бірқатар іс-шаралар жүргізілді. Қар шығару жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Бүгінге дейін  750 текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Аудан әкімімен халықты және аумақтарды су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайлардан қорғау жоспары бекітілді.  

Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Жасталап:

 –   Былтыр қардың қалыңдығы 10 см болса, биыл үш есеге артып, 30 см қалыңдықты көрсетті. Алайда, мұның өзі қардың аз түскендігін көрсетеді. Сондықтан су тасқынынан қауіптенуге себеп жоқ. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында  аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, су сору және қар шығару жұмыстарына  жанар-жағармай қоры жасақталды. Аудан аумағына қарасты 7 өзен, 1 гидротехникалық құрылыс бар. Бәрінде де жағдай қалыпты. Су тасу  қаупін төндіретін жағдайлар байқалмайды. Елді мекендерге қауіп төнеді деп алаңдауға еш негіз жоқ,- дейді.

Шолақаңқаты ауылдық округіндегі  гидротехникалық құрылғыға да визуалды тексеріс жүргізіліп, маңындағы елді мекендерге қауіпсіз екені анықталды.

Дегенмен де судың тілсіз жау екенін, апат айтып келмейтінін ескеріп, уақытша бөгеттерді тұрғызу үшін 3000 қап, 3 тонна жанар-жағармай, ПГС, топырақ секілді инертті материалдар, құрал-саймандардың қоры жеткілікті түрде жасақталды.  Еріген қар суын елді мекеннен қауіпсіз аймаққа жіберу үшін жер рельефі бойынша арықтарды қардан тазарту және апта сайын аудандағы мекеме, ұйымдардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырған жөн. Сенбіліктер кезінде мекемелер аулаларындағы қарды ауыр техникалармен еріген кезде суын залал келтірмейтіндей аймаққа шығару, ғимараттарының шатырын қардан, мұз сүңгілерінен тазартуға жұмылулары тиіс. Халық, соның ішінде балалар жаппай жиналатын білім беру және мектепке дейінгі ұйымдарда мұз сүңгілері құлау қаупі бар жерлерге ескерту   белгілері мен ленталарын орналастырулары міндетті.

«Өзі келген қар өзі кетеді» деп қамсыз отырған жанның ұтпасы анық. Су тасқынының алдын алуға тиісті мамандар мен жергілікті органдар ғана емес, жекелеген тұрғындар да мүдделі болуы керек. Қар күрт еріген жағдайда тұрғындар аула ішіндегі сулардың  үй-жайларды зақымдамауы үшін қолда бар мотопомпыларды жөндеп, мүмкіндік болса жаңасын сатып алған абзал дейді сала мамандары. Табиғаттың тосын мінезіне сақадай-сай болып, қасқайып қарсы тұру үшін жекелеген тұрғындар аулаларындағы қарды тракторы бар азаматтармен келісіп шығарулары қажет. Аудан орталығындағы жолдар жөнделген соң, тұрғындардың көбі өз үйлеріне бұрылатын жол салып алды. Су жүретін құбыр салғандары некен-саяқ. Егер, автожоласты су өтетін құбыры жоқ жолдар тасқынның туындауына себеп болса, төтеншеліктер ол жолдарды қопарып, бұзып тастайтындарын айтады.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі су жолының ашық болып, кедергісіз жүруіне арналар, арықтар, құбырлар тазалануы, тұрғындарға кез келген іс-әрекетке дайын болуы жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізу, қар ерігеннен бастап тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастыру сияқты шаруаны топан су тап бермес үшін тынымсыз атқармақ.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале