19.05.2020, 15:25
Оқылды: 113

Теректі: цифрлы ма, «шиферлы» ма?

Елімізде төтенше жағдай орын алғалы бері олқылықтар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көрініс бере бастады. Алдымен, білім саласы қашықтан оқытуға көшті. Мәселенің бір ұшы осы жерде көрінді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Цифрлы Қазақстан» деп жар салдық. «Еліміздегі әр ауылда жылдамдығы жоғары интернет болады» деп тамсандық. Төтенше жағдай кезінде төбемізге жай түскендей аңтарылып, уақытша қиындыққа дайын болмай шықтық.

57E8A77A-CB08-478D-99DF-FB9739F47CA4

Жасырып қайтеміз? Анығы осы. Жоғарыда айтқан "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасына бес жылға 141 млрд. теңге бөлінген. "Самұрық-Қазына" ұлттық холдингі алты жыл бойы батыс тәжірибесін негізге алып, трансформациялаумен шұғылданып келді. Соңында ұйымды бағдарламамен қамтамасыз ететін немістің SAP фирмасымен 42 млрд. теңгеге бес жылдық келісімшартқа отырған. Қарап отырсақ, қыруар қаржы... Бірақ не өзгеріп жатыр? Кішкентай елді мекендерді былай қойғанда, ауылдық округтердің орталығында интернеттің жылдамдығы мүлдем нашар. Әлеуметтік желілерде үйдің төбесінде отырған халықты, үйілген шөпке мініп, интернет жылдамдығын сәл-пәл жақсарту арқылы білім алуға ұмтылған балғындардың жағдайы көріп, көңілге кірбің түседі.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі "Цифрлы Қазақстан" жобасын қолға алған кезде үміт болды. Тіпті ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев "Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты", - деген еді өзінің Жолдауында.

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Екінші бағыт– экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру. Төртінші – IT мамандарды даярлау. Бағыттардың орындалу қарқыны қандай? Жауабын түсініп-ақ отырсыздар.

Ия, қазіргі заман цифрландыруға өзі-ақ жетелеп барады. Ал біз ілесе алмай далмыз. Ірі шаһарлардың тұрғындары бес минут интернетсіз қалса, бәрінен мақұрым қалғандай күйде отырады. Бес минут былай тұрсын, 20-30 жылдың көлемінде ғаламтордың ғажабын сезінбеген, «интернет» деген сөзді тек газет-журнал, теледидардан оқыған қазақстандықтар да бар. Ғалам көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанда бұл ең өзекті проблема.

Енді цифрландырудың біраз артықшылықтарына тоқталайықшы:

Уақытты үнемдеу. Азаматтар такси шақырудан бастап, айыппұлдар мен коммуналдық қызмет ақысын төлейді, сөйтіп, өз уақыттарын үнемдей алады.

 Білім беру саласында қызметтер сапасын арттыру. Ата-аналар балаларының мектептегі оқу үлгерімін қадағалай алады. Сондай-ақ азаматтар интернет арқылы білімдерін жетілдіріп, жаңа машықтарды игере алады (вебинарлар, онлайн курстар).

 Денсаулық сақтау саласында қызметтер сапасын арттыру. Әрбір азамат дәрігерге қаралудың ыңғайлы уақытын таңдай алады, сондай-ақ «денсаулығының электронды паспортына» ие болады. Тұрғындар интернет арқылы сапалы медициналық диагностикадан өте алады.

 Халықтың өмір сапасын арттыру. Цифрлік технологиялар өмірді жақсартуға бағытталған. «Ақылды қалалар» технологиялары азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінуге, жайлылықта өмір сүруге және смартфонындағы қосымшалар арқылы өзіне қажетті ақпаратты жылдам әрі оңай алуға көмектеседі.

Мемлекеттік басқару тиімділігін қамтамасыз ету. Цифрлік технологияларды пайдалану мемлекет пен қоғам арасында тиімділік, ашықтық, кәсібилік сұраныстарды қанағаттандыруға бағытталған.

Біз барлық артықшылықтарды сезінбей жатырмыз деп байбалам салудан адамыз. Дегенмен өзге дамыған мемлекеттер күнделікті дағдыға айналдырған жайттар бізге әлі арман күйінде қалуда.

Теректі ауданында байланыстың нашарлығы, интернет жылдамдығының төмендігі әкім-қаралар қарапайым халықпен кездескенде жиі айтылады. Облысымызға танымал журналист Ардақ Мұратқызы әлеуметтік желідегі өз парақшасында Аңқаты ауылдық округіне қарасты Талпын ауылының бүгінгі хәлін суреттеген еді.

- Қаладан 60 шақырым жердегі ауылда интернет жоқ. Жағдайы бар ауыл тұрғындары wi-fi қосып алған. Бірақ оның өзі «тартпайды». Аты ғана. Оқушыларға сабақ оқуға арналған сайттар ашылмайды. Студент жастарға мүлдем қиын. Онлайн-сабағы бір үзіліп, бір қосылып, берекесі кетеді. Оны да интернет күшейткіш (усилитель) қосып алған үйлерге барып оқиды жастар. Сағаттап отырады, - дейді  журналист.

B2D97294-902E-4C5F-B13A-6C9993479807

Теректі ауданында 52 елді мекен бар. Бәрінде болмағанымен, біраз ауылда дәл осындай жағдай. Ауданға қарасты ауылдарды кең жолақты интернетпен қамту туралы сауалымызға Теректі аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Исеев былай деп жауап берді:

-Ауылдарды сапалы интернетпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Өткен жылы Шаған, Шағатай ауылдары, биыл Шалқар ауылына сапалы интернет барды. Алдағы уақытта Богданов, Приречный, Покатилов елді мекендеріндегі интернет желісін «Қазақтелеком» операторы арқылы күшейту жоспарда бар. Ауылдардағы әлеуметтік нысандар толықтай интернетпен қамтылған. Аталмыш жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250 адамнан асатын 880 ауылдық елді мекен кең жолақты интернет желісімен қамтылатын болады деген еді. Осыған орай байланыс қызметін көрсету сапасын жақсарту мақсатында, аудандық әкімдік желі сапасы төмен жерлерді анықтауда. Байланыс сапасын жақсарту үшін әкімдіктер және байланыс операторлары қосымша базалық станцияларды орнату жайын пысықтауда. Бастысы, бірінші кезекте халықтың көп шоғырланған жерлерінде аталмыш жұмыстар жүргізілетінін ескерткіміз келеді. Уақытша қиындықтар жөнге келеді. Тек халық тарапынан түсіністік пен қолдау қажет,-дейді Ербол Байжанұлы.

Әңгіменің «әлқиссасы» қашықтан оқыту еді. Төтенше жағдай кезінде кең жолақты интернет жылдамдығының төмен болуы салдарынан біраз кедергі ауданда да болды. Ол жөнінде Теректі аудандық білім беру бөлімі басшысы Жанаргүл Хусайнова не дейді екен? Сауалды төтесінен қойып көрдік.

 03C82853-8D26-40CC-AA85-100E72D2FC5E

- Теректі ауданы бойынша 38 мектеп бар. Солардың ішінде тек 10 елді мекендегі мектептер сапалы интернет желісімен қамтылған. Бүгінгі күні "ТрансТелеКом" ЖШС өкілдері барлық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу мүмкіндіктерін талдау жұмыстарын жүргізді. Ұсынылған аналитикалық анықтама негізінде аудан ауылдарында жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асады. Жаңа 2020-2021 оқу жылының басында ауданның барлық мектептері сапалы интернет қолдануға қол жетеді деп жоспарланып отыр. Қашықтықтан оқыту бойынша ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Техникалық жағынан орын алған келеңсіздіктерді жойдық,- дейді бөлім басшысы.

Жергілікті биліктің қолында ештеңе жоқ. Олар байланыс желісінің жеткізу сапасы төмен жерлерді анықтаумен ғана шектеледі. Сайып келгенде, халық жылдамдығы жоғары интернетті аңсайды, Үкімет осы жылы, яки келесі жылы болады деумен «құтылып» жатыр. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының игілігін әзірге Теректі ауданының кей бөлігі көре алмауда. Әрине, содан соң үйдің төбесіне «орналасып», «Шиферлы Қазақстан» деп амалдап күнін көруге мәжбүр.

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

Суретте: Талпын ауылының тұрғындары

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале