Шылым шегу – ішімдік ішу, нашақорлық сияқты адам ағзасында ауру тудыратын қауіпті факторлардың бірі. Бүгінгі күні осы зиянды әдет медициналық қана емес, әлеуметтік проблемаға айналды.Темекі тартудың зиянды әсерлері аз емес. Адам оған тез үйренеді және тастауы қиын болады. Ал оның зардабы шаш-етектен. Адамның денсаулығын мүшкіл жағдайға душар етіп, ақыры үлкен қасірет әкеледі. Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек кемігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады. Айлап, жылдап, ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай, өзіне зиянды қалдықтарды жинай береді екен. Олар қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар саналады. Сөйтіп, темекі шегушілердің генетикасын зақымдайды.

Темекі адамзатқа қауіпті
«Темекі шегу адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық» деген болатын орыстың белгілі фармакологі И.М.Догель. Өйткені адам баласында темекіге қажеттілік жоқ. Адамның шеккен алғашқы сигареті оның басын айналдырып, жөтелдіріп, жүрегін айнытады. Және көптеген жағымсыз әсерлер беретіні белгілі. Темекі тартудың адам денсаулығына қаншалықты залалы бар екендігін жұрттың бәрі біледі. Темекінің құрамында болатын никотиннің бір грамы жылқыны сеспей қатыратынынан да халықтың көбі хабардар. Бірақ бұл жағдай өмір бойы темекі тартып, өкпесін темекі түтінімен улап келе жатқан шылымқорлардың қаперіне де кірмейді. Темекі тартатын адам темекі түтінімен бірге ішіне аса улы зат саналатын мышьякты тартады екен. Мышьяк жүрек және қатерлі ісік ауруларына соқтырады. Лейкоз және онкологиялық ауруларға себеп болатын бензол элементі де темекі түтіні арқылы келеді. Сигарет түтіні арқылы темекі шегетін адам өкпесіне смоланы тартып, жинақтайды. Ол смола түйіршіктеніп, өкпе жұмысын ауырлатады, қара дақтар пайда болады. Темекі тартатын адамның қатты жөтелетін себебі де осыдан. Темекі түтінінің құрамында бұдан бөлек аммиак, бутан, метан, метанол, азот, күкірт қышқылы, көмір қышқылы, ацетон, қорғасын, радий, цезий, фенол, индол, карбазол, цинк, альюминий, хром сияқты элементтер бар. Осыған қарап темекінің құрамында Менделеев кестесіне кіретін барлық элементтер бар екен-ау деп қайран қаласың. Әрине, бұл химялық элементтер жай тұрғанда адамдарға еш залалы жоқ. Керісінше, түрлі салаларда қолданылып, өндірісті өркендетуге игі ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, темекі түтіні өкпеге енгенде сонша химиялық элемент әлгі адамның ағзасының жұмыс ырғағын бұзып, түрлі ауруларға ұшырауына түрткі болады, өмір жасын қысқартады.
Темекінің адам ағзасына тигізетін залалы
Медициналық сарапшылардың айтуынша, темекі тартатын адамның ми жұмысы нашарлап, жады, яғни есте сақтау қабілеті төмендейді және көру қабілеті нашарлайды. Темекі түтінінен көздің көру қабығы сұрғылттанып, кейін келе мүлдем көрмей қалу қаупін туғызады. Жастайынан темекі тартқан ерлер мен әйелдерде тұқымсыздық дерті пайда болып, дүниеге ұрпақ әкелу мүмкіндігінен айрылады. Темекінің тыныс алу, зат алмасу, тірек қозғалыс жүйесінің жұмыстарына кері әсері барлығы тағы бар.

Соншама залалы бар, ешқандай да пайдасы жоқ темекіні адамдар неге шегеді? Бұның ең басты себебі ретінде адам санасындағы тәуелділік деп аталатын түрлі әдеттерге байланып қалу қасиетін атап өтуге болады. Жас шағында біреу әлдекімдерге еліктеп, енді біреу артық салмақтан арылтады деген үмітпен немесе жұрттың бәрі шегіп жатыр, сән үшін мен де шегейін деген ниетпен жаман әдетке үйір болады. Ал бір әдеттеніп алған соң-ақ темекіні тастау өте қиынға айналады. Темекіні тастағысы келіп, бірақ жаман әдеттен арыла алмай қиналып жүретін адамдар аз емес. Әрине, бұл арада негізінен бәрі адамның бойындағы ерік күшіне байланысты болатыны анық. Ерік күші бар адамдар еш қиналмай-ақ, темекі тарту сияқты залалды әдетін тастап кете алады. Ал ерік күші аз жандарға ол өте қиын, тіпті мүмкін болмай қалады.Темекі өндіретін барлық компанияларға сигареттің сыртына «темекі сіздің өміріңізге қауіпті» деп жазуға міндеттелген. Бұның бәрі темекінің адамзатқа үлкен қатер төндіруіне байланысты жасалған шаралар. Соның бәріне қарамастан, темекі тартып, өз денсаулығын құртып, өмірін қысқартып, қалтасына салмақ түсіріп жатқан жандарға қарап, темекіге тәуелділіктің қаншалықты қатерлі екенін бағамдайсың. Тағы бір алаңдарлық жай, жыл өткен сайын темекі шегетіндердің қатарында жастар, оның ішінде қыз-келіншектердің санының өсіп бара жатқаны байқалуда. Бұл алаңдатарлық жағдай. Темекі тартудың адам ағзасына тигізетін жоғарыда айтқан залалдарынан бөлек, қазіргі ақша билеген нарық заманында қалтаға салмақ түсіретін жағы да бар. Бүгінде ең арзан бір қорап темекі – 440 теңге тұрады екен. Күніне бір қорап темекі тартатын болсаңыз, 13200 теңгені ай сайын желге ұшырасыз. Қалтасы көтеретіндер ғана зиянды әдетін жалғастырып, мүмкін қалғандары темекі тұтынуды біршама азайтатын болар.
Тобықтай түйін
Шылым шегу ғасыр дертіне айналған. Темекіге құмар адамдардың саны көбеймесе, азаймауда. Күн сайын қаншама жеткіншек үлкен қателікке баратынын білместен аузына алғашқы темекіні салады. Адамзат баласы шылымның зиянына көзі көріп жетпегендіктен қателікке бой алдырады. Ал денсаулығы сыр бере бастағанда «ауру қалса да, әдет қалмайды» деп ақталады. Темекі сатылымына тыйым салумен ғана оларды бұл ғасыр дертінен айықтыра алмаймыз. Ал балалар мүлдем басқа. Олар әлі де ақыл тоқтатып, күрделі істердің шешімін табуға жарайтын жасқа жетпеген. Тал шыбықты өсіп келе жатқанында күтім көрсетіп, түзу өсірсең, ағаш болып, тамырын тереңге жайған соң суды да қажет етпейді. Бала да сол сияқты, тәрбиені тал бесіктен көрсетіп, түзу жол сілтесең, ары қарай жолды өзі табады. Ертең бүгіннен басталады. Темекі адам үшін қажеттілік емес. Ендеше, осы адам ағзасына еш қажеті жоқ, әрі залалды нәрсеге байланудың жөні бар ма?
Ақсәуле Сексенбайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz