Жаңақала аудандық ауруханасында маусымдық тұмауға қарсы екпе салдыру басталды. Таяуда алғашқылардың бірі болып аурухана басшысы С.Есенгубеков және емдеу ісі жөніндегі орынбасары Д.Көкенов маусымдық тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасын салдырды. Осы ретте барлық медицина қызметкерлері вакцинаны алатын болды.

Тұмауға қарсы вакцинация тәуекел тобына кіретін адамдар үшін тегін. Олар:
мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар; медицина қызметкерлері; жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі);
жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар);
созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар;
60 жастан асқан қарттар.

Аурудың алдын алу мақсатында әрбір адам тұмауға қарсы ақылы егіле алады. Екпе салдыру – жеке вакцинация орталықтарында, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органнан рұқсаты бар тұрғылықты жері бойынша емханалардағы егу кабинетінде жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрі А.Цой әр жыл сайын күз келген мезгілде ЖРВИ мен тұмаудың өршитінін тілге тиек етті.

Сондай-ақ «2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен ауырған 431120 адам тіркелді. Оның ішінде 2 жарым мыңнан астам науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Биыл халыққа вакцинация өте қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да араласып, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Мұндайда қазір қол жеткізген тұрақтылықты сақтап қалу қиын болады» - деді денсаулық министрі. Республика халқының 11,7 пайызын, ал ДДСҰ ұсынысы бойынша кемінде 10 пайызын тұмауға қарсы тегін вакцинамен қамту жоспарланған.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz