23.02.2024, 23:30
Оқылды: 28

Жәнібек ауданында ақын Халима Өтеғалиеваны еске алды

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Халима  Өтеғалиеваның 135 жылдығына орай «Өмірін өлеңмен өрген ақын ана» деген атаумен танымдық кеш өтті.

IMG-20240223-WA0150

Кешке аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ерсайын Ғұбашев, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық кеңесінің төрайымы Ғалия Елемесова, «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Гүлзара Төреғалиева, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Мөлдір Әбдірешева, кітапхана ұжымы және №1 мектеп-лицейінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Өмірін өлеңге арнаған Халима анамыз тағдырлы ақын десек, артық айтқанымыз емес. Ол Ақоба ауылындағы кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Жалғыз ұлы Қапан Мусин - дарынды композитор. Өмірлік серігі Мұса да өнерден алыс емес. Әкесінің қазақтың қара домбырасына жақындығы, анасының қалам мен парақты дос санаған ақындығы елімізге танымал сазгерге жарық ғұмыр сыйлады.

Кештің басты кейіпкері Халима Өтеғалиеваның туған жерге деген шексіз махаббаты шығармаларынан бірден білінеді. Ақоба ауылына сағынышын жеткізген жырын осы қасиетті топырақта дүниеге келген Нұрлыхан Кәрімов нақышына келтіре оқып берді. Ақынның көзін көрген ауылдасы, өнердегі інісі Мұрат Мұхамбетқалиев бейнежазба арқылы сырға толы естелігін жолдады. Күйгенкөлдік кітапханашы Гүлдара Өтемісованың «Ел үшін» өлеңін аяулы ананың рөліне еніп оқығанына шара қонақтары риза болды. Ақынның мәдени мұрасына үлкен әсер қалдырған тұсы айтыстағы мақамының нотаға түскені деп айтуға болады.

IMG-20240223-WA0149

Халима Өтеғалиеваның мақамын «Жәнібек сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Анаргүл Кенжеғалиева мен Тамара Қафарова жеткізді. Нотаға түскен мақамды көптің көңіліне жеткізу оңай дүние емес. Осы орайда орындаушыларға алғыс айта кеткен жөн. Содан соң экраннан оқушыларға үлгі әрі шабыт беретін жоба көрсетілді. 2010 жылы ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында Мергүл Өтегенова әкесі Мереке Құбаевпен ғылыми жоба әзірлеген. Ақынның қолында өскен үлкен немересі Қорланмен тілдесіп, біраз дерекке қаныққан. Өлең салтанат құрған кеште Т. Жароков атындағы мектептің мұғалімдері Меңдібек Сырымов, Заманбек Ералиев, №1 мектеп-лицейінің оқушысы Әсел Қалихан «Өшпейді даңқың», «Қапанды еске алу», «Алғашқы адым» өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Нұртай Текебаев «Асылымыз - Халима ана» атты ақынға арнауын оқып, бейнежазба жолдады.

IMG-20240223-WA0148

Арнаулар тізбегін Аида Қожасова «Асыл анаға» өлеңімен жалғады. Кітапханашы Анара Баташева  «Асқақ жырлы ақын» кітап көрмесін таныстырып, оқушыларды асықпай танысуға шақырды. Соңында кеш қонақтары Халима Өтеғалиеваның өлеңдері мен айтыстарын халыққа таныту үшін осындай шаралардың, поэзия кештерінің жиі өтуі керектігін айтты.

IMG-20240223-WA0147

Нұрболат Мұхтарұлы да сөз алып, танымдық кешті түйіндеді. Ұйымдастырушылар атынан ақобалық айтыскер ақсақал Мұрат Сапиұлына, шара аясында көлемді мақала жазған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Халықаралық байланыс және PR менеджері Дәулеткерей Құсайыновқа, Нұртай Алтайұлына алғыс айтылды.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале