28.08.2026, 17:10
Оқылды: 84

Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылында мектеп ғимараты ел игілігіне берілді

Бүгін ауданымызға қарасты Ұзынкөл ауылдық округінде көптен күткен қуаныш орын алып, ауыл жұртшылығы жаңа білім ордасының ашылу салтанатына куә болды. Еңселі мектептің есігі айқара ашылып, ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол басталды.

image-28-08-26-04-22

Салтанатты жиынға арнайы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, аудан әкімі Тимур Шиниязов, мердігер компания өкілдері, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, әр жылдары білім ордасына басшылық жасаған азаматтар, білім саласының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынның басында Тілепберген Ерсайұлы ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа мектептің ел игілігіне берілуі – білім саласына жасалған инвестиция ғана емес, ауылдың ертеңіне деген сенімнің көрінісі екенін атап өтті.

image-28-08-26-04-21

Сөз кезегі ардагер ұстаз Хабиболла Қадыралиевке берілді. Ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені мектеп – қабырғасы мен терезесінен ғана тұрмайды. Оның әр бөлмесінде талай баланың арманы қалыптасып, талай жастың тағдырына жол ашылады.

Ақ тілегін білдіргендердің қатарында «Наурыз» ЖШС мердігерлік компаниясының басшысы Губайдуллин Азамат Ахметұлы да болды. Жаңа білім ордасының бой көтеруіне атсалысқан мердігер компания өкілі мектеп директоры Лунаргүл Дишеноваға нысанның кілтін табыстады.

Осылайша, көптен күткен мектептің есігі бүгін ресми түрде ашылды.

Салтанатты лента қию құрметі облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлына, ардагер ұстаз Хабиболла Бисенғалиұлы мен «Наурыз» ЖШС мердігерлік компаниясының басшысы Азамат Ахметұлына берілді.

image-28-08-26-04-24

Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ауыл тұрғындары жаңа мектептің ішін аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты.

Айтқандай, Ұзынкөлдегі бұл қуаныштың салмағы да, мәні де ерекше.

Жақында ауылда тілсіз жаудың салдарынан орын алған жағдай тұрғындардың көңіліне алаң салған еді. Қайғы мен қобалжу ел жадында әлі де бар. Осындай сәтте жаңа мектептің ашылуы ауыл жұртына ерекше әсер етті. Қандай қиындық болса да, ел еңсесін тіктеп, тіршілігін жалғастырады. Өйткені ауылдың күші – оның бірлігінде. Ал болашаққа деген сенімнің ең үлкен белгісі – балаға жағдай жасау. Жерлестердің бүгінгі қуанышы – ауылдың ертеңіне деген сенімін мықтап күшейтті.

Арай Сейфолла,

"Жайық Пресс" 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале