24.12.2015, 10:40
Оқылды: 24

Жалпақтал ауылының әкімі жастармен жүздесті

 Jalpaktal jastarmen akim  Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин Жалпақтал ауылының жастарымен жүздесті. Кездесуге денсаулық, білім, мәдениет, спорт саласындағы жас мамандар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты - жастар саясатын, аймақтық жастар бағдарламаларын жүзеге асыру, ауыл жастарының белсенділігін арттыру, жастардың азаматтық және рухани дамуына жағдай жасау.


-Елімізді іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан жастар қауымы уақыттың кез келген сынағына, бәсекеге төтеп беруге дайын болуы  керек. Отанымыздың санасы сергек, жаңа заманның технологияларын меңгерген нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ, - деді кездесуде ауыл әкімі Самиғолла Сафиоллаұлы.

Бүгінде Жалпақтал ауылында 14-29 жас аралығында 1537 жас бар. Соның ішінде білім саласында 78, 21 жас кәсіпкер, 32 медицина саласында, 100-ден астам жастар жұмыста болса, 13 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жұмыс істеуде. Ал 803 жастар жұмыссыздар санатында екен. Бүгінгі таңда жастардың хал-ахуалы қандай, олар немен айналысып жүр, бос уақыттарын қалай өткізеді, міне, осы мәселелер төңірегінде Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Ерболат Сатыбалдиев баяндама жасап, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

Сонымен қатар кездесуде Жалпақтал мешітінің имамы Тілепберген Нұралиев, Жалпақтал колледжінің директоры Мағауия Есмағұлов, аудандық маслихаттың депутаты Дулат Ихсанов, Жалпақтал аудандық ауруханасының директоры Алмас Тоғайбайұлы өздерінің пікір-ұсыныстарын білдіріп, еліміздің ертеңі бүгінгіден де жарқын болуы үшін жаппай еңбектеніп, ортақ Отанымыздың гүлденуіне әркімнің де үлес қосуы қажеттігін атап көрсетті. Ал жастар атынан Жалпақтал аудандық ауруханасының медағасы Ерік Орынов, Ғ.Молдашев атындағы орта мектептің іс қағаз жүргізушісі Гүлайым Амангелдиева, «Балдәурен» бөбекжайының тәрбиешісі Фариза Жеңісқызы өз ойларын ашық айтып, сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.

Жүздесу барысында бүгінгі жастардың рухани-адамгершілік бет-бейнесі, олар үлгі алатын құндылықтар кеңінен талқыланды. Мемлекеттік тіл аясын кеңейту, отбасы рөлін көтеру, ауылдың тазалығына көңіл бөлу, жастар арасында жұмыссыздықты жою сынды мәселелер де ұмыт қалған жоқ. Сонымен қатар көңілділер мен тапқырлар клубының лигасын, құру және дамыту, волейбол федерациясын қайта жандандыру секілді мәселелерін ауыл әкіміне жеткізді.

-Көтеріп отырған проблемаларыңыз дұрыс, осылайша пікірлеріңізді ашық білдіруді үйренген жөн. Қай істе болмасын өзара пікір алмасып, ортақ шешім шығарған тиімді, -деді округ әкімі.

www.zhaikpress.kz

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Жалпақтал ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале