25.07.2016, 15:23
Оқылды: 40

Қарыз қайтуы керек

????????????????????????????????????

Зеленов ауданы оталығында тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін талқылаған комиссия жиыны өтті.


Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тугузбаевтың төрағалығымен өткен жиынға жұмыспен қамту орталығының басшысы Виктор Баштавенко, комисия мүшелері, кей ауылдық округ әкімдері мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының ІІ бағыты бойынша несие алған азаматтар қатысты.

Кеңес барысында жоғарыда аталған бағдарлама бойынша несие алып, қарыздарын уақтылы қайтармай отырған жандардың жайы талқыланды. 2013 жылдан бері өз ісін ашамын деп мемлекеттен несие алып, қайтару жайын ойламай жүрген жауапсыз жандардың қарыздары бүгінгі таңда жүзмыңдап өскен. «Ауылшарушылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы берген мәліметке сүйенсек аудан азаматтары 200 мыңнан 900 мыңға дейін қарыз болып қалған.

Комиссия отырысына келген несие алған азаматтардың сөзіне қарағанда бағдарламаның іске аспай жатуына қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы себеп болып отырғандай. Тіпті, мемлекет берген қаражатты алып, шағын ауылдан қызмет көрсету орталығын ашамыз деген азаматтар ақша алғаннан соң аталған округке қарасын көрсетпей кеткен жағдайлар да кездесуде. Осындай  азаматтарды жауапқа тарту керектігі де отырыс барысында сөз болды. Сондай-ақ жиын барысында қарызын қайтармай жүрген азаматтарды ұсынған округ әкімдеріне де шара қолданылатындығы көтерілді.

Кездесуге борышы бар 12 азаматтың санаулысы ғана келді. Олар өздерінің жағдайларын түсіндіріп, үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық қарыздарынан құтылатындығын айтты. Дегенмен, алған қаражаттарын орнымен жұмсап, керекті ақшаны жинап, осы апта ішінде барлық борышынан құтылатындығын айтқандар да болды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары алдағы уақытта барлық ауылдық округ әкімдері мен несие алушыларды аудан орталығына жинап, үлкен кеңес өткізуді қолға алып, қаражатты мақсатсыз жұмсап, қайтара алмай жүргендерді сотқа беру керектігін айтты.

Түгелбай Бисен
Зеленов ауданы
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале