31.03.2021, 9:05
Оқылды: 15

Сәуірде вакциналаудың қосымша орындары іске қосылады

Соңғы 2 аптада Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы облыстарында науқас саны артып, жалпы КВИ жұқтырғандар 1,5 есе өскен. 4 өңір қауіпті аймақта (қызыл аймақта) тұр: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. 3 өңір (Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары) сары аймақта. Қалған 10 өңір жасыл аймақта. Эпидемиологиялық жағдай нашарлаған «сары» және «қызыл аймаққа» ауысқан өңірлерде қосымша шектеу шаралары енгізілді. 

Коронавирустың жаңа штамы

ккк11

Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісі енгізілді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы КВИ анықталған науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді. «Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Алматы қаласында науқастардан алынған ДНК-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамының айналымы белгіленген», - деді А.Цой.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «британдық штамм» 125 елде, «оңтүстік африкалық» - 75 елде, ал «бразилиялық» 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штамдары мен бастапқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел және адам дәм мен иіс сезбей қалады. ДДҰ мәліметтері бойынша вирустың ықтимал мутациясы адамдардың індетті жұқтыру жиілігіне қарай артады.

Сонымен қатар министр карантин шектеулерін жиі бұзатын өңірлерді атады. «Халық арасында вирустың қауіптілігіне сенбейтін адамдар бар, олар үйлену тойларын, банкеттерді жеке үйлер мен коттедждерде өткізуді жалғастырып келеді. Мониторинг топтарының енгізілген шектеу шаралары мен ескертулеріне қарамастан, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай жұмыс істеп тұрған нысындарды анықтау жалғасуда», - деді ведомство басшысы. Наурызда шектеу іс-шараларын, карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында 16 030 рейд жүргізілді. «Осы орайда 102 966 нысан тексерілді, оның ішінде 2864 нысан әкімшілік шараларға қарамастан, белгіленген шектеу талаптарын, жұмыс режимін бұзуды жалғастырып келеді, яғни бұқаралық іс-шаралар өткізіп жатыр. 3021 әкімшілік іс қозғалды», - деді А.Цой.

Мұндай нысандар мына өңірлерде көп тіркелді: Шығыс Қазақстан облысында, Алматы қаласында, Шымкент қаласында. «Бүгінгі таңда елімізде карантиндік шараларды қасақана бұзған 512 адам анықталды. Өңірлер бойынша Шымкент қаласы, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы көш бастап тұр. 512 құқық бұзушының арасында 486-сы шағын бизнес өкілі, төртеуі орта кәсіпкерлік нысаны және 22 жеке тұлға бар», - деп нақтылады министр.

КВИ-ге қарсы ақылы екпе жоқ

Сонымен қатар министр коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасып жатқанын айтты. Бүгінде бірінші компонент 131 170 адамға егілді. 22 ақпаннан бастап екінші компонентті егу басталды, 32 482 адамға екпе жасалды, жағымсыз реакция тіркелген жоқ. Белгілі болғандай, өңірлерге КВИ-ге қарсы вакцинаның 150 мың дозасы жеткізіліп жатыр. Сәуірде 2,5 млн доза вакцина жеткізу жоспарланып отыр. Вакцинаның бұл көлемі КВИ-ге қарсы вакцинациялауға жататын контингентті және вакцина салдырғысы келетін адамдарға екпенің қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді. «Вакциналау вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы екенін еске саламыз. Осыған байланысты қарсы көрсеткіштер болмаса, қазақстандықтарды екпе салдыруға шақырамын», - деді Алексей Цой.

Оның айтуынша, сәуір айынан бастап Қазақстан бойынша вакциналаудың түрлі пунктері іске қосылады, яғни тұрғындарды қамту кеңейтіледі. Сәуірде тұрғындар өздерінің тіркелген жері бойынша емханаларға барып, екпе салдыра алады.

Атап айтқанда, Қазақстанда коронавирусқа қарсы ақылы вакциналау рұқсат етілмеген. Қазіргі кезде тек мемлекеттік айналымда пайдаланылатын вакцина ретінде Қазақстанға ресми жеткізілген және өндірілген екпе қамтылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқан жеке клиникалар Қормен келісімшартқа отырған. Осы орайда олар екпе алуға жататын адамдарға ақысыз негізде вакцина салады.

Бұл тұрғыда А. Цой ел аумағында вакцинаның сатылуы жағдайы анықталғанда міндетті түрде хабарлауға шақырды. «Себебі қазіргі уақытта Қазақстанда вакцинаны ресми сату рұқсат етілмеген», - деді ведомство басшысы.

Айтпақшы, қазақстандық вакцина клиникалық зерттеудің үшінші кезеңінде, яғни вакцина регламенттік мерзіммен зерттеліп келеді. Клиникалық зерттеудің барлық кезеңінен өтетін кез келген вакцина осы рәсімнен өтеді.

Министр отандық вакцинаның сынақ мерзімі аяқталуға жақындағанын, осы орайда тиісті құжаттарды алғаннан кейін, оны екпе күйінде өткізуге рұқсат ету жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Шамамен, сәуір айының соңы белгіленген. Клиникалық зерттеудің қорытындысы бойынша әзірлеуші бізге барлық құжаттарды енгізеді деп күтіп отырмыз. Осы құжаттардың нәтижесінде шешім қабылданып, вакцина жаппай пайдалануға рұқсат етіледі», - деді Алексей Цой.

Мұнымен қоса, Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы қытайлық вакцина Қазақстанға жеткізілмегенін нақтылады. «Қытай вакцинасы елімізге әлі келген жоқ. Қазақстанға жеткізілген кез келген дәрі-дәрмек немесе вакцина бірінші кезекте министрліктен рұқсат алуы керек. Яғни, преператтар тексеріліп, оның тиімділігі мен қауіпсіздігі назарға алынады. Бірақ қытайлық немесе басқа вакцинаға қатысты барлық өндірушілермен қазір келіссөздер жүріп жатыр», - деді вице-министр.

 

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале