Вакцинация – коронавирустық инфекциядан қорғаудың ең тиімді әдісі. Жаппай вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыта отырып, біз қалыпты өмірге орала аламыз.
Сырым ауданында 150 адамға вакцинаның 1 компоненті жасалды. Оның ішінде 104 медицина қызметкері, 20 мұғалім, 16 тәртіп сақшысы болса, өзгелері аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, диспансерлік есепте тұратындар.
Қазіргі таңда 40 адамға вакцинаның 2-ші компоненті жасалса, оның ішінде 40 медицина қызметкері бар. Екпе алған мамандардың жағдайы бірқалыпты. Екпе салынған азаматтардың барлығы 30 минут бойы медициналық мекемеде дәрігердің бақылауында болады. Одан кейін 3 күн бойы тұрғылықты мекен жайы бойынша учаскелік дәрігер бақылайды.
- Өз-өзімізді қорғау өз қолымызда екенін түсінетін уақыт келді. Былтырдан бері жауырға батқан індет кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Қашанғы тек оқшаулану арқылы жүре береміз? Кезінде медицина тап осы дәрежеде болмағанда да оба, шешектен халықты жаппай қырылудан алып қалған осы екпе алу екенін қалай ұмытамыз. Иә, басында өмірге құштарлық не істетпейді. Таң атысымен дене жаттығуы, жылы су ішу, оған қоса лимон, сарымсақ, імбір тамыры сияқты тағысын тағы заттарды пайдалануды жаппай қолға алғанымызды да жасыра алмаймын.
Бүгінде жаппай екпе алу хабарланып жатқанда ресейлік «Спутник V» атты адам ағзасына S-белок арқылы антиденелер қалыптастыратын векторлық вакцина алуға шешім қабылдап, 5 сәуірде ұлым Азамат екеуміз де екпе салдырдық. Көңіл-күйіміз жақсы, ешқандай ауытқулар байқалған жоқ. Аденовирус ағзаға зияны жоқ осы індетке қарсы антиденелер жинақтайтын екпе. Осы екпені алу арқылы қоғамда індет жұғу кемиді. Сондықтан да баршаңызды осы ұстанымды қолдауға шақырамын. Медициналық жетістіктерімізді өз игілігімізге, қоғам игілігіне жарататын кез келді, - дейді ардагер ұстаз, қоғамдық төралқа мүшесі Гүлбақша Ерғалиева.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress