10.04.2021, 12:32
Оқылды: 65

Компаниялар салық саясатын қайта қарастыруы тиіс

Бұл жөнінде БҚО әкімі Ғали Есқалиев «ҚазТрансГаз Аймақ», «KEGOK», «КазТрансОйл», «Қазақтелеком» және «ҚазақстанТемірЖолы» компанияларының облыстық филиал басшыларымен кездескенде айтты.

IMG-20210410-WA0000

– Жүйе құраушы кәсіпорындардың қызметі өңір экономикасы үшін маңызды рөл атқарады. Өйткені олар – облыс бюджетіне ең елеулі салық төлеушілер. Түскен салық экономиканың басқа да салаларын дамытуға және әлеуметтік проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қала құраушы кәсіпорындар халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, көптеген отбасылардың кірістерін қалыптастырып отыр. Бүгін біз «ҚазТрансГаз Аймақ», «KEGOK», «КазТрансОйл», «Қазақтелеком» және «Қазақстан Темір Жолы» компаниялары филиалдарының 2020 жылы атқарылған жұмысты және 2021 жылға арналған жоспарын талқылау мақсатында кеңес отырысына жиналып отырмыз, – деді Ғали Есқалиев.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының директоры Дулат Борашевтің айтуынша, 8 200 км газ құбыры қолданыста бар, соның 1967-сі – жергілікті атқарушы құрылымдардікі. Былтыр Березин-Казталов бағытындағы 337 249 мың теңгеге 12,90 км жерасты темір құбыр полиэтилен құбырға ауыстырылған. «Ростоши-Тайпақ» газ құбырының 6,3 шақырымы ауыстырылған. 55 елді мекенге тауар газын жеткізетін «Ростоши-Тайпақ» газ құбырының пайдаланылғанына елу жылдан асқан. Жалпы ұзындығы 349 км газ құбыры әбден тозған. Газ құбырындағы ақаудан 2368 тұтынушы мен 123 коммуналдық мекеме бір уақытта көгілдір отынсыз қалатын кез жиі болады. 2016-2020 жылдары 23 км құбыр ауыстырылса, 2021-2025 жылдары инвестициялық бағдарлама бойынша 35 км құбырды жөндеу жоспарлануда. Бірақ әлі күнге бұл бағытта жаңа газ құбыры құрылысын жүргізуге қатысты құзырлы органдар нақты шешім қабылдамай отыр.

IMG-20210410-WA0001

Дулат Борашев Қаратөбе ауданындағы ұзындығы 62 км Жусандыой-Егіндікөл газ құбырына қатысты мәселені де атады. 2015 жылы іске қосылған құбырдың дәнекерленген тұстары күзгі-қысқы кезеңде жиі бұзылады. 2019 жылы 264 тұстан қайтадан жамалып, 47 тіреу ауыстырылды. «Былтыр тағы да сыр берген газ құбырына толық жөндеу жүргізілсе, Қаратөбе ауданының үш, Шыңғырлаудың бес елді мекені газсыз қалып қояды. Газ құбырындағы ақауларды анықтап, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу аса маңызды болып отыр», – деді Дулат Борашев.

– Бүгінгі күні облыс бойынша газ құбыры желілеріне қосылу құны 180-250 мың теңге шегінде. Бұл сомаға монтаждау жұмыстары, жобаларды, материалдарды әзірлеу, есептеуіш, газқабылдағыштар үшін қаражат кіреді. Сондай-ақ, тұрғындар газ қазандықтары, газ плитасы, радиаторлар сияқты жабдықтарды өз қаражатына сатып алады. Нәтижесінде табиғи газ бен жылуға қол жеткізу үшін 300-400 мың теңгеге шығып отыр. Облыс тұрғындары үшін қомақты қаражат. Соның кесірінен кейбір отбасы келіп тұрған газға қол жеткізе алмай отыр. Бұл – өте күрделі мәселе, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев газ қосу құнын төмендету мәселесін шешу керектігін айтты. Облыс басшысы жаңа баспана сатып алған тұрғындар есепшоттарын өз атына аудару үшін көптеген қағазбастылыққа кезігетінін, осы мәселені «бір терезе» қағидатына сай жедел шешуді, газ төлемін бірыңғай түбіртекке енгізуді қарастыруды тапсырды.

«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы АҚ-ның Орал өңірі бойынша Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесі директорының орынбасары Руслан Давлетов компания пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмысты баяндады. Орал өңірі бойынша Ақтөбе магистралдық желі бөлімшесінде 728 жұмысшы еңбек етеді. Былтыр ескі рельстер ауыстырылған. Орал  мен Қазақстан вокзалдары кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл Алғабас-Аңқаты бағытындағы 18,8 км темір жол күрделі жөнделмек. Орал стансаларының арасындағы шағын перронды жөндеуге байланысты ЖСҚ дайындалған. Руслан Давлетов «Орал-Желаев» учаскесі өте қауіпті аймаққа айналғанын, адам мен малды пойыз қағу оқиғасы жиі болатынын айтты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Оралдағы темір жол бекетінің жағдайы сын көтермейтінін, жолаушыларға арналған жер асты өту жолы қолайсыз екенін, әсіресе, мүгедек адамдар қиналатынын жеткізді.

IMG-20210410-WA0002

Жиында басқа компания өкілдері жағдайды баяндады. Бұл кәсіпорындар өңірімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосуда. Бірақ барлығы дерлік салықтың денін орталық аппаратқа, басқа қаладағы филиал органына аударады екен. Облыс әкімі Ғали Есқалиев жергілікті инфрақұрылымды пайдаланып отырғасын өңір қазынасына салық аудару заңды талап екенін, осы бағытта жұмыстану керектігін айтты. Сонымен қатар компаниялар қызметіне қатысты тұрғындар шағымы көп екенін ескертті. Мәселен, «Қазақтелекомның» интернет сапасына қатысты айтылар сын көп. Кеңес отырысында облыс басшысы ортақ мәселелерді бірлесіп шешуді ұсынды.

Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале