Мамыр айының алтысынан бастап аудан орталығына жаңадан әкелінген «Hayat-Vax» вакцинасы салынып жатыр. Ауданға күні кеше әкелінген 800 вакцинаның 42-сі Жәнібек ауылының тұрғындарына салынса, қалған 320 екпе ауылдық округтерге таратылған. Бүгінге дейін аудан бойынша 362 адамға аталған екпе салынды.
- «Hayat-Vax» вакцинасын егу өте тиімді. «Спутник V» вакцинасына қарағанда жеңіл. Себебі «Спутник V» вакцинасының бір құтыдағы салым мөлшерін (дозасын) 5 адамға егу керек болатын. Сол үшін адам жиналғанын күтіп, тіпті арнайы шақыртатынбыз. Ал жаңа екпенің ерекшелігі бір құтыдағы салым мөлшері (дозасы) бір адамға егіледі. Яғни келушілер қалаған уақытында екпе салдыра алады. Тағы бір айта кететін жайт, «Hayat-Vax» вакцинасы егілген адамдардан қызу көтерілу, ауырсыну сынды шағымдар тіркелген жоқ. Вакцина қабылдағандарға 21 күннен соң екінші вакцинациялау жүргізіледі. Екпеден соң суға түсуге, екпе орнына дәрігердің нұсқаулығынсыз процедуралар жүргізуге тыйым салынады. Бұл асқынуларға әкеліп соғуы мүмкін, - дейді аудандық аурухананың бас медбикесі Анаргүл Ханзалиева.
Анаргүл Мұратдимқызының айтуынша, қазіргі таңда ауданымызда вакцинациялау қарқыны жоғары. Дәрігерлер арнайы жабдықталған жылжымалы кешен арқылы аудан орталығындағы көшелерді аралап, тұрғындарға екпе салуда.
«Hayat-Vax» вакцинасы – бұл белсенділігі жойылған коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина. Біріккен Араб Әмірліктері, Рас-Аль-Хайма қаласындағы «Жулпар» фармацевтикалық өндірісінде шығарылған. Бұл да басқа инактивацияланған вакциналар сияқты, +2 С-ден +8 С-ге дейінгі температурада сақталады және тасымалданады. Қазіргі таңда бұл вакцина әлем бойынша 10 миллионнан астам адамға салынған.
Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы
zhaikpress