16.07.2021, 9:58
Оқылды: 60

Қарлығаш балапанын ұшырған күн

(қаз-қалпында)

Ауылға барғанда сонау жетпісінші жылдары әкемнің өз қолымен тұрғызған ескі гаражы көзіме шоқтай басылды. Сыры кетсе де, сынын бермей тұр екен. Мұнда ол кісінің «Москвич» аутокөлігі тұратын. Әкем құрылыс ісіне соншама төселген шебер адам емес еді. Сондықтан да гараждың ағаш есігін орнатқан кезде о баста құс еркін сыйып кететіндей ашық қуыс қалып қойыпты. Бұл жолы сол қуыстан қос қарлығаш ұшып кіріп жүргенін көзім шалды. Гараждың ішіне қарлығаш ұя салып, балапандарына жем тасып жүр екен. Арада төрт күн өткенде қарлығаштар балапандарының ұясынан шығарып, ұшуға баули бастады. Сүп-сүйкімді айыр құйрық қарлығаштың балапандарының алғаш рет қанатын қаққан сәтіне куә болдым. Қауырсын қанаттары әлі бекіп үлгермеген балапандар ұшуға талпынып көтеріледі де, қайтадан жерге топ етіп қонады. Үй иелерінен сескенбейді, үрікпейді де. Бір кезде балапанның біреуі ұшып келіп, мен отырған ұзын ағаш орындықтың үстіне қонды. «Қарлығашым, келдің бе?» деп Мұқағали ақынша оны еркелетіп, қолыма ұстағым келді.

карлыгаш

Бір кезде балапан тағы бір рет талпынып ұшты да, теледидар желісінің сымына қонды. Сәл отырып, қайтадан жерге қарай құлдилай төмендеді. Анасы оны мұқият қадағалап жүр. Екінші күні қарлығаш балапандарының кәдімгідей ширығып қалғанын байқадым. Алдыңғы күнгідей емес, қанаттарын батыл қағып, көкке қалықтап ұша бастады. Өмірден өткен ата-анамның қара шаңырағында інім тұрады. Ол ескі гаражды бұзатын ойы бар екенін айтып жүретін. Мынандай көріністен кейін мен оған: «Гаражға тиіспе, оған қарлығаш ұя салыпты. Бұл – өте жақсы құбылыс. Қарлығаштың ұясымен бірге шаңыраққа бақыт, құт-береке, ырыс қонады, соны ұмытпа» дедім. Ол мені түсінгендей болды әрі гараждың қарлығаш ұшып шығып жүрген ашық жерін сол қалпында қалдыруға уәдесін берді.

«Келесі жылы қарлығаштар тағы да осы қонысына қайтадан келеді» дедім мен оған нық сеніммен.

Темір Құсайын

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале