Жуырда редакциямызға Казталов ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Мұқанғали Бектілеуов ақсақал келіп, түйткілі шешілмеген мәселені жеткізді.
- Айналайындар, аудан орталығындағы аудандық электр торабы мекемесінде электормонтер мамандары тапшы. Сонымен бірге аудандағы электр желілері де тозығы жеткен. Құдай сақтасын, халық үшін маңызы бар электр саласында апат орын алса, не маман, не материалдық базасы жоқ. Осы мәселені газет бетінде көтеріп, облысқа дейін жеткізуіміз қажет,- деген жанайқайын жеткізді.
Иә, біздің де бұл мәселеден хабарымыз бар. Аудандық газет бетінде жазған да болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың 9 ақпандағы № 6 санында «Үзілген сым, сынған бағана. Кімге сын?» атты мақала жарық көрді. Осы мақаламызда аудандағы электр жүйлерінің сын көтермейтін жағдайы туралы, электрик мамандардың тапшы екенін көтердік. Бұдан бері бір жылдан сатам уақыт зымырап өте шықты. Аудандық электр торабы мекемесі қарайтын облыстағы «Батыс Қазақстан электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамы «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілер компаниясы» ЖШС болып қайта құрылды. Жоғарыдағы басшылықтан да біраз азаматтар ауысты. Бірақ, бұл салада оң өзгерістер байқалмайды. «Жабулы қазан, жабулы күйінде қалды» демекші, халық үшін аса маңызды энергетика саласына үлкен реформалар қажет болғандай.
Кейіпкерімізге қайта оралайық. Мұқанғали Бақтығалиұлы ұзақ жылдар Казталов ауданындағы электр саласында қызмет жасап, зейнетке шыққан азамат. Бұл саланы Мұқанғали ағайдан артық білетін адам жоқ шығар?!
- Менің негізгі мамандығым энергетик, элетромеханик. Қызметімді 1971 жылы Қараоба ауылында бастадым. 1972 жылдан бастап аудан орталығындағы электросетьке мастер болып ауыстым. Ол кезде үкімет мамандарға барлық жағдайды жасайтын. Көтерме жәрдемақы төлеп, тұрғын үй беретін. Осының бәрі кадр ұстауға, оларды тәрбиелеуге септігін тигізді. Ал қазір ше? Жалпы, техникалық мамандарға көп көңіл бөлінбейді. Жас мамандар үшін тиімді «Дипломмен – ауылға» атты мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуда. Сол бағдарламаға қаржы, энергетика саласының мамандары кірмеген. Ауылда да мамандар тапшы. Соның ішінде техникалық бағыттағы мамандарды атауға болады, - деген уәжін айтты ардагер.
Ойлап қарасаңыз, ақсақал айтқан сөздің жаны бар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қайта қарау керек секілді. Жақсы орындалып жатқан мемлекеттік бағдарламаға құрлысшылар, есепшілер, техникалық мамандықтар мен қатар біздің журналистер қауымын да кіргізу қажет. Өңірімізді жыл сайын аралауды дәстүрге айналдырған Қазақстан Республикасы Сенаты мен Мәжілісі депутаттары алдында осы мәселені талай мәрте көтерген едік. Әттең, нәтиже жоқ.
- Ауданның электр саласында біраз жыл басшылық қызмет атқардым. 1974 жылдан бастап аудандық электр торабы мекемесінің басшысына тағайындалдым. Сол уақытта біраз ауылдар мен қыстақтарға электр желісін тартып, электр жарығын жақтық. Көп жұмыстар атқарылды. Мамандарды жұмысқа қабылдап, оқыттық, тәрбиеледік. Ол кезде энергетика саласы үкіметке қарады ғой. Соның да арқасы шығар, не техникалық базадан, не маманнан тапшылық болған жоқ. Мамандардан арнайы емтихан алып, соның нәтижесінде жалақылары өсіп отыратын. Жуырда аудан орталығындағы подстанцияға бардым. Ол жердегі 4 кезекші-диспетчер қызмет жасау керек болса, қазір 3 адам артық жүктемемен жұмыс атқаруда. Олардың да жасы зейнетке жақындап келеді. Бұл жерде де маман жетіспейді. Подстанцияға бірден диспетчер алуға болмайды. Арнайы дайындық пен тәжірибесі болуы шарт.
Нақтысын айтқанда, энергетика саласын мемлекетке қайтармай, іс оңынан тумайтыны анық. Бұл мәселеге қатысты былтырғы жылдың басында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та мәселе көтерген болатын. Әсіресе, ол кісі Батыс Қазақстан облысындағы Энергетика саласын қатты сынға алды. Тағы да айтамын бұл саланы мемлекет өз құзырына алмаса, болашақта барымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Барлық ресурстарымыз электр қуатына тәуелді. Тағы да бір көтеретін мәселе – халық тұтынған электр қуатының қымбаттауы. Бұл жерде электр қуатын таратушы мекеме мен тұтынушы халық арасында делдал бар. Атын атап айтсақ, біздегі «БатысЭнергоСауда» мекемесі. Расына келгенде мұндай мекеменің қажеті жоқ. Олар тек халықтан ақша жинаумен ғана шектеледі. Тұтынушы электр таратушы мекемемен тікелей байланыста емес. Ал халық не үшін электр қуаты қымбаттап жатқанын да түсінбейді. Егер, ортадағы делдалды жойып, тұтынушы мен электр таратушы мекеме тікелей байланыста болса, тарифтер де түсіп, электрик мамандардың да жалақысын көтеруге болады,- деп сөз түйіндеді Мұқанғали ақсақал.
Еңбек ардагерімен әңгімемізден кейін Казталов аудандық электр торабы мекемесіне жол тарттық. Мекеме басшысы Дамир Сәрсенбиевке жолығып, кадр мәселесіне қатысты сұрақтарымызды қойған болатынбыз.
- Күні бүгінде біздің мекемеде мамандар жетіспейтіні рас. Подстанцияға кезеші – 2 бірлік, электромонтер – 6 бірлікке орын бос. Негізі барлық ауылдық округтерде мамандар жеткілікті. Қажеттілік тек аудан орталығында болып тұр. Жуырда бос тұрған аға мастердің лауазымына кәсіби маманды жұмысқа тарттық. Электрондық еңбек биржасы арқылы да, былай да мамандар іздеп жатырмыз. Әзірге, ешкім келгісі жоқ. Бізге орта білімі болса жарайды. Қалғанын өзіміз оқытып аламыз. Жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерді ІІ - дәреже беріледі. Соған байланысты айлық жалақысы – 68 000 теңгені құрайды. Әрине, бұл аз. Сол себепті де маман таба алмай отырмыз. Салыстыратын болсақ, аудандағы «Қазақтелеком» АҚ мекемесінде айлық жоғары болып тұр. Қарапайым күзетші мен жылыту қазандық операторлары да біздің электормонтерлер алған жалақыны алады. Өзіңіз білесіз біздің жұмысқа асқан жауапкершілік қажет. Бір жағынан қауіпті. Сондықтан еңбекақы көтерілмесе жағдай қиын. Жоғарыдағы басшыл: «Көтереміз» - деп уәде беруде. Әзірге, бұл мәселе шешім тапқан жоқ,- деп ағынан жарылды Дамир Сәрсенбиев.
Міне, біз жазған, ардагер көтерген мәселенің төңірегі осындай болып тұр. Әзірге шешілетін түрі жоқ секілді. Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор саладағы маман тапшылығын жою болашақтың еншісінде. Бұл мәселеге жоғарыда отырған Үкімет тікелей араласпаса, әзірге құр, бос әңгіме болып қала бермек. Дегенмен, жақсыға жориық!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz