14.04.2023, 11:31
Оқылды: 26

Сырымда физикадан Федянин атындағы олимпиада өтті

Жымпитыда елге белгілі ұстаз, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, Сырым ауданының құрметті азаматы Ким Федяниннің атындағы физика пәнінен І аудандық олимпиада аяқталды. Жас физиктер жарысы Ким Николаевичтің өзі ұзақ жыл еңбек еткен Қ. Мырзалиев атындағы мектепте өтті.

PHOTO-2023-04-13-18-48-06

Ким Федянин 1938 жылы 13 сәуірде дүниеге келді. 1958 жылы Жымпиты орта мектебін бітіріп, сол жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына физика және өндіріс негіздері факультетіне оқуға түсті. 1963 жылы туған мектебіне ұстаз болып оралды. Табан аудармастан 2004 жылдың қыркүйегіне дейін педагогикалық салада еңбек етті.

Тәуелсіздіктің елең-алаң уақытында Жымпиты орта мектебінің директоры болып қызмет етті. Сырым өңіріндегі білім саласын жаңғыртуға үлес қосты. Ол жабдықтаған физикалық зертхана барлық заманауи талаптарға сай техникалық жабдықталған кабинет ретінде ауданға ғана емес, облысқа үлгілі болды. Аядай кабинеттен кең республикаға аты танымал талай шәкірт шықты. 2018 жылы Қ. Мырзалиев мектебіндегі физика сыныбына Ким Федяниннің есімі берілді.

Жымпитылық физиктің атындағы білім бәйгесінде аудан мектептерінің 8-сынып оқушылары бақ сынады. Есепке жүйрік өрендердің арасынан Аралтөбе орта мектебінің оқушысы Еркебұлан Серік топ жарып, І орынға ие болды. Ал ІІ орынды Сырым мектеп-лицейінің оқушысы Мөлдір Тоқмырза, ал ІІІ орынды қособалық Еркін Нұрислам алды. Олимпиада алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналмақ.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале