5.07.2023, 16:30
Оқылды: 47

Ыңғайлы уақыт пен арзан билет арман болды

Аяқ астынан Оралдан Алматы не Астанаға бару керек бола қалса, билет таппай сабыласыз. Жақын арада шаһардан ару қала Алматыға баратын ұшақ билетінің бағасы - 97 390 теңге. Бұл бағыттағы ең арзан ұшақ билеті 55510 теңге болса, ең қымбат бағаға алатын билеттің бағасы  819 356 теңгені құрап отыр. Ал елордаға барғыңыз келсе, бір билет үшін 106 164 теңге шығындау керексіз. Алдын ала алар болсаңыз, Астанаға барар ұшақ билетінің ең арзаны 46 670 теңге. Оның үстіне қаламыздан ұшатын әуе кемелерінің нобайы түнде жолға шығады. Ол аз десеңіз, ұшақтар кешігіп келіп, кешігіп ұшып жатады. Осы және басқа да Орал мен бас қалалардың арасындағы әуе қатынасындағы түйткілді мәселелер облыстық мәслихаттың инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында қаралды.

депутат (2)

Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ержан Балтаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және әуе компанияларының өкілдері қатысты.

Жиынды ашып жүргізген облыстық мәслихат төрағасы Орал мен Астана және Алматы қалаларын байланыстыратын әуе қатынасы өңір үшін өзекті екенін айтты. Өз сөзінде Мұрат Рахметұлы екі жыл ішінде облыс тұрғындары әуе қатынасына қатысты 12 мың шағым түсіргенін жеткізді. Сол себепті шаһарымыздан ішкі және халықаралық рейстерді оңтайландырып, билет бағасын төмендету және ұшақ тапшылығын жою мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Оралдан шығатын ұшақтардың ұшу кестесі де көпшіліктің көңілінен шыға бермейді.

депутат (3)

- Орал мен Астана арасында ұшатын 10 рейстің 9-ы түнде. Түнгі бірде, бір қырықта, Астана-Орал бағытындағы «Air Astana» әуе компаниясы ұшағының Орал уақытымен таңғы 5-тегі рейске үлгеру үшін Астанада бір тәулік ұйықтамауға тура келеді. Қонған соң да мең-зең болып, бір аптадай өз өзімізге келе алмай жүреміз, - деді облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев біздің жақтан шығатын ұшақтардың не себепті түнде ұшатынын түсіндіріп бақты.

- Біздің елде екі хаб бар. Оралдан Астанаға жетіп, ары қарай Стамбұл не Франкфуртқа аттанушыларға ыңғай туғызу үшін рейстерді түнге қоямыз, - деді Талғат Ластаев.

Шыны керек, Оралдан өзге қалаға ұшу расымен де қиындық тудырады. Сол себепті депутаттар азаматтық авиация комитетінің төрағасын сұрақтың астына алды. Шетелге асатындарға жағдай жасағанша, өзіміздің ішкі рейстерімізді реттеп алып, нарықтық экономиканың өзі әділ болуы керек екенін айтқан халық қалаулылары аспандап тұрған ұшақ бағасы негізсіз қымбаттап жатқанын да алға тартты.

- Көктемде авиакомпаниялар авиакеросиннің әр тоннасын 680-700 мың теңгеге сатып алды. Қазір оның бағасы 350-380 мың теңге арасында болып отыр. Ал билет бағасы керісінше қымбаттап жатыр. Бұл еш қисынға сыймайды, - деді облыстық мәслихат депутаты Қуаныш Бірманов.

Оған комитет төрағасы еліміз авиациялық отынды шетелден сатып алатынын, билет бағасына антимонополия комитеті араласатынын айтып, өзі жетекшілік ететін құрылымға қатысы жоқ екенін жеткізді.

Одан облыстық мәслихат депутаттары әуе қатынасын тұрғындар үшін тиімді етудің барлық мүмкіндігін қарастыруды талап етті.

Осы күні әуе компаниялары арасында бәсекелестіктің жоқтығы сапа мен баға арасын алшақтатып тұр. Оны ескеру қажет екенін айтқан депутат Тұрарбек Төлемісов бәсекелестік ортаны қалыптастыру керектігін ұсынды.

- Бір кездері өңір тұрғындары Ресейдің Самара қаласынан ұшып жүрді. Түрік авиакомпаниялары да талай адам тасымалдап жатыр. Олардың бағасы да арзан, - деді Т.Төлемісов.

Қазіргі жағдай қарапайым халық үшін ғана емес, өңір экономикасына да кері әсерін тигізіп жатқаны да отырыста сөз болды. Себебі облыс экономикасына қаржы құюшыларды елге жеткізу қиындап кеткен. Ал әр сағатын алтынға балайтын бизнесмендердің кез келгені Ақтөбе не Атырауға қонып, Оралға тас жолмен жетуге көне бермейді. Ол мәселені депутат Ербол Салықов көтерді.

- Елге келетін инвестор не Ақтөбеге, не Атырауға қонуы керек. Бері қарай оны арнайы көлікпен алдыруымыз қажет. Ондайға шаруасы түгел адам көне бермейді. Оның үстіне мұндай келеңсіздік өңір имиджі мен инвестициялық тартымдылығына кері әсер тигізеді. Сондықтан осы мәселені реттеуіміз керек, - деді облыстық мәслихат депутаты Ербол Салықов.

депутат (4)

Жиында кей авиакомпаниялар арбаға таңылған жандарға қажетті амбулифт қызметін ұйымдастырғаны үшін ақы алатыны да сөз болды. Ол мәселені депутат Гүлмира Батпақұлова көтерді. Комитет төрағасы мұндай қызмет тегін көрсетілетінін және ақы алу заңсыз екенін мәлімдеді.

Отырыста жолақы құнын субсидиялау, қаламыздағы халықаралық әуежайдың перронын жаңарту жайы да сөз болды.

- Жаңғырту жұмысы әуежайдың қаржысына жүргізіледі. Қазір конкурс жарияладық. Мердігер анықталуда. Жұмысты тамызда бастаймыз. Жаңарту жұмыстары екі айға созылады деп жоспарланды. Жұмысты ұшу кестесіне кедергі келтірмейтіндей етіп ұйымдастырамыз, - деді Орал халықаралық әуежайы байқаушылар кеңесінің мүшесі Михаил Берман.

Айта кететін тағы бір жайт, әуежай басшылығы күніне төрт эйрбас ұшағын қиындықсыз қабылдай алатынын жеткізді.

Облыстық мәслихат депутаттары азаматтық авиация комитетінің төрағасы мен авиакомпания өкілдерін сұрақтың астына алып, мәселені шешудің ретін қарастыруды сұрады. Бірақ құзырлы құрылым өкілдері билет бағасы түспейтінін, рейс реттелмейтінін жеткізді.

Бір сөзбен айтқанда, түнде ұшып, аспандаған билет сатып ала береміз. Енді депутаттар аталған мәселені президент деңгейінде көтермекші.

         Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале