Сурет: freepik.com
Жандауа Есен, қоғамдық тілші:
Бүгінде әлемде электр энергиясының шамамен 10 пайызы атом электр стансаларынан өндіріледі. Бұл көрсеткіштің алдағы кезде күрт өсері сөзсіз. Өйткені бейбіт атомды пайдалануға қарқын үстелуде. Қазір айталық, Францияда электр қуатының 80 пайызы АЭС-қа тиесілі екен, осы көрсеткіш Швецияда – 75, Бельгияда – 65 пайыз.
Немесе Қытай мұндай энергоблоктарының санын көбейтуді көздеуде. Оңтүстік Кореяда реакторлар салуды көбейте түспек. Мұнда қазір – 26, АҚШ-та – 142, Жапонияда – 52 атом реакторы жұмыс жасайды екен. Ақпараттарға зер салсақ, дүние жүзінің 31 мемлекетіндегі АЭС-дағы энергоблок саны – 438. Бейбіт атомның пайдасы, ең алдымен, энергия тапшылығын жою, екіншіден, Париж меморандумына сәйкес, жасыл экономика, таза экология қағидасын жүзеге асыру саналады.
Мына жайт көп нәрсені аңғартады, бір келі уран шығаратын қуат 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнай шығаратын энергия күшімен тең және АЭС жыл сайын 20 млн тоннаға дейін көмірқышқыл қалдығының алдын алады. Осының бәрі өзге баламалы қуат көздеріне қарағанда атом энергетикасының артықшылығын көрсетіп тұр. Сонымен қатар бұл арқылы ғылым мен техниканың одан әрі жан-жақты дамуына, экономиканың бәсекелестікке бейімдігіне жол ашатынын ұғыну қиын емес.
Жаңа технологияның өркендеу заманында 3, 3+, 4-ші буындағы реакторлар қауіпсіздіктің кепілі екенінеде энергетика саласындағы ғалымдардан, білімділерден қанығып келеміз, өрт, басқа да төтенше жағдайдан тиісті жүйе белгі беретін болса, мұндайда реакторлар өздігінен оқшауланып, «құлыпталады» екен. Демек, электр энергиясына қатысты «атом» десе, атынан ат үркетін мәселе біздің елде де туындамасы анық.
Байтағымыздың түкпір-түкпірінде өткен ашық, жария талқылаулар, тыңдаулар ядролық технологияға байланысты жұртымыздың алаңдаушылығын сейілте түсуде. Халқымыздың бейбіт атомның маңызына деген сенімі нығая берері кәміл деп есептеймін. «АЭС Қазақстанға қажет пе?» деген сұрақ күн тәртібіне шығарылуы «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде асырылуының жарқын бір мысалы саналады. Мемлекет пен халық диалогы бүгін де, ертең де демократия қағидаттарын нығайтып, өсіп-өркендеуіміздің кепіліне айналары анық.