21.11.2024, 11:45
Оқылды: 103

Бүгін – Халықаралық темекіден бас тарту күні

IMG_2482

Сурет: pixabay.com

Жайлап кіріп, жаулап алып жүрмесін...

Әлем түрлі-түске боялған мына алмағайып заманда адамды әлденемен таң қалдыру қиын.

Әйтсе де бүгінгінің жастары болмашыға еліктегіш, болмайтынға әуестенгіш. Біздің бүгінгі мақаламыз «трендке» айналған электронды темекі хақында.

Электронды темекіні (вейп) алғаш рет 2003 жылы Қытайда Хон Лик атты фармацевт жасап шығарған көрінеді. Хон Лик бұл құрылғыны ойлап табуға темекі шегудің зияны әсер еткенін айтады, себебі оның әкесі темекіге тәуелді болып, өкпе обырынан қайтыс болған. Оның мақсаты – дәстүрлі темекіге балама жасап, никотинді буландыру технологиясын қолдану арқылы құрамындағы зиянды заттарды азайту. Кейін бұл құрылғы халықаралық нарыққа тарап, әсіресе 2010 жылдардан бастап АҚШ пен Еуропада танымал бола бастады. Бұл өнім бастапқыда шылымды тастауға көмектесетін құрал ретінде танылды, алайда оның денсаулыққа зиянды жақтары туралы мәліметтер көбейген соң, кей елдерде шектеулер енгізілді. Биыл 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп пен электронды темекіге қолданылатын хош иістендіргіштерді (ароматизатор) сатуды және жарнамалауды шектейтін заңға қол қойды. Қазақстанда бұл заң 2022 жылдың  шілдесінен  бері  талқыланған  болатын.

Бұл «тренд», әсіресе жастардың арасында кеңінен  танымал. Мектеп жасындағы балаларға дейін айкос, гло, вейп дегендердің неше түрін біледі. Психологтер мен педагогтердің айтуынша, электронды темекінің құтысы кішкентай ғана, жағымсыз иісі жоқ. Әдеттегі темекінің иісі қолға, адамның киіміне, деміне сіңіп қалады. Электронды темекіде ондай жағымсыз иістер жоқ. Керісінше, әртүрлі тәтті, шырынды иістер қосылып жасалады. Жастардың қызығуының бір себебі сол. Сонда электронды темекі зиянсыз ба? Сауалымызды облыстық психо-наркология диспансерінің психиатр-нарколог маманы Нұрлан Сатановқа жолдаған болатынбыз.

– Электронды темекі, вейп немесе миникальян дегендердің бәрінің құрамында прополингликоль деген өте улы зат бар. Ол адамның ағзасына енгенде, ең әуелі психикасына әсер етеді. Бастапқыда білінбегенмен, адамның санасы, иммундық жүйесі біртіндеп өзгере бастайды. Адам болмашыға ашуланғыш болып, құбылмалы күйге түседі. Екінші қоспа – хош иістендіргіштер. Қолданушылар темекінің дәміне, иісіне қызығуы мүмкін. Оның құрамындағы диацил – химиялық улы зат. Ол адамның ағзасына түскен кезде бездерді зақымдайды. Жастар оны түсінбейді. Айналып келгенде, бездер шошынып, өз жұмысын атқармайды. Яғни балалы болу мүмкіндігі төмендейді. Үшінші зиянды зат – сұйық никотин. Әдетте никотин түтіннің ішінде болатын болса, бұл – никотиннің сұйық түрі. Екінің бірі электронды темекінің құрамында никотин барын білмейді. Никотиннің сұйық түрін 1-2 ай көлемінде тұтынса, оған тәуелділік пайда болады. Сондай-ақ бұл адамның ағзасына түскеннен кейін өкпеге, асқазанға әсер етеді. Өкпеге әсер ететін себебі – электронды темекіде кәдімгі түтін емес майлы  бу болады. Ол адамның өкпесіне түскен соң өкпенің төменгі қабатында қалады, сонда жиналады. Яғни бұл кейін түсініксіз, емге көнбейтін аурулардың асқынуына әкеліп соғады. Жастар көбінесе білместікпен, қызығушылықпен тұтынады. Бірақ салауатты өмір салтын ұстану қажет. «Тәрбие – жанұядан, білім – мектептен» дегендей, біздің балаларда сол тәрбие жағы ақсап қалып жатады. Ата-ана баланы өсіремін, жетілдіремін деп күні-түні жұмыста жүреді де, бала қаралмай қалады. Соның салдары неше түрлі әуестікке, зиянды әдеттерге әкеледі. Жалпы, балалардың мұндай әдеттерге әуес болмауы үшін бос уақыты болмауы керек. Түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына қатыстыру  қажет,  –  дейді  Нұрлан  Файзоллаұлы.

Ғаламтор  деректеріне сүйенсек, «вейпингтің» кең  таралуының  салдарынан  АҚШ  азаматтарының көбінің өкпесі зақымданған. Тіпті өкпе зақымдануынан  адам  өлімі  де тіркелген. Коронавирус пандемиясына  дейін АҚШ-та  1  жылда  вейп темекі  тұтынған  2500 адам өкпенің ауыр дертіне шалдығыпты. Бүгінде әлемнің 40-тан астам елінде вейп сатуға  тыйым  салынған.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сәйкес, құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ПД ювеналды полиция қызметкерлері нашақорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен және денсаулық сақтау өкілдерімен бірлесе кәмелетке толмағандардың арасында электронды темекі мәселесімен қатар нашақорлық бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Ұлттық құрылтай жиынында Мемлекет басшысы вейптерді есірткіге теңеп, одан нашақорлыққа бір ғана қадам қалатыны туралы ашық айтқан болатын. Сол себепті Президент Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйелі шаралар қабылдауды жүктеді. Электронды темекіні таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы (шегілмейтін темекі бұйымдарының, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген және 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен қатар сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа  алуға  жазалануы  мүмкін.

Өндірушілер электронды темекінің зиянсыз екенін айтып әлек болғанымен, вейп, айкос секілді бу шығаратын өнімдердің темекіге қарағанда залалы көп екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Мысалы, электронды темекінің құрамында глицерин, прополингликоль, никотин, хош иістендіргіштер мен түрлі дәм беруші қоспалар бар. Ал олардың қандай зиян екенін, тыныс алу жолдарын зақымдайтынын, иммунитетке кесірін  тигізетінін   айтудың  өзі  артық.

– Ең әуелі құрбымның шегіп жүргенін көрдім. Басында мүлде жат қылық болып көрінетін, кейін үйрене бастадым. Өзім де қолданып көрдім. Ұнап қалды. Тәтті дәмі, хош иісі бар. Үйдегілерге «ұсталып қалу» қаупі жоқ. Өйткені кәдімгі темекідегідей жағымсыз иісі болмайды. Достармен кездескенде, көңілді отырыстарда, тіпті жай күндері де жиі қолданатын боп алдық. Өзімде тәуелділік барын байқаймын. Біраз уақыт қолданбасам, іздеп тұрамын, – дейді 10-сынып оқушысы Самал Мұратова (аты-жөні өзгертілді).

Жоғары сынып оқушысы тұрмақ, 5-6 сынып оқушыларының да сабақтан соң будақтатып  тұрғанын талай көзіміз шалды. Сонда вейп жас та, жыныс та талғамайтын болғаны ғой. Атааналары  мұны,  әлбетте,  білмейді.

– Баламның досына жиі барғыштап жүргенін байқадым. Тіпті бір күнде бірнеше рет. Бұрын мұндай әдеті жоқ еді. Сөйтсек, екеуі бір электронды темекіні кезектесіп шегіп жүр екен. Онысын балам ұйықтап қалған соң, заттарын ақтарып қарағанда білдік. Бұл тек мектептегі жиналыспен, баламен әңгімемен бітпейтін іс секілді. Қоғам болып бұл «кеселмен» күресу керек. Әйтпесе балаларымыздың дертке шалдығуы немесе нашақор, ішкішке айналуы әбден мүмкін, – дейді 7-сынып оқушысының әкесі Айдын Таңатов (аты-жөні  өзгертілді).

Иә, жайбарақат кіріп, жаулап бара жатқан бұл «дерт» балаларымыздан бастап улап жатыр. Оларға мұның сән емес, зиян екенін қалай, қайтіп  түсіндіреміз?..

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 миллионнан астам адам ажал құшады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қанайналым жүйесі ауруларын, жүректің ишемиялық ауруын, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Бұған қоса ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық  жүйеге  кері  әсер  етеді.

Сондықтан электронды темекіден бас тарту – денсаулық пен өмір сапасына жасалған үлкен қадам. Бұл шешім тыныс алу жүйесі мен жүрек-қан тамырлары жүйесін қорғап, психикалық  тұрақтылықты  сақтауға  мүмкіндік  береді.

Зиянды  әдеттен  арылу  үшін  бірнеше  кеңеске  құлақ  түріп  көріңіз:

● Мақсат пен мотивация: Ең алдымен, электронды темекіден бас тарту себебін нақтылап, мотивацияны күшейту маңызды. Бұл денсаулықты жақсартуға, қаржыны үнемдеуге көмектеседі.

● Қолдау көрсету: Темекіден бас тартуда достар мен отбасының қолдауы маңызды рөл атқарады. Қолдау топтары мен арнайы онлайн қауымдастықтарға қосылу да оң әсерін тигізеді.

● Тәуелділікті алмастыру: Кез келген әдетті жою үшін оны пайдалы әрекетпен алмастырған дұрыс. Спортпен айналысу, қолөнермен шұғылдану, дем алу жаттығулары  немесе  медитация.

● Маманнан көмек алу: Кейде тәуелділікті жеңу үшін дәрігер немесе психологтің көмегі қажет болуы мүмкін. Никотинді алмастыратын дәрілер, когнитивті терапия сияқты  әдістер  де  тиімді.

● Шағын қадамдар арқылы прогреске жету: Электронды темекіні бірден тастау кейбір адамдарға қиын болуы мүмкін. Сондықтан бұл процесті біртіндеп жүзеге  асырып,  тәуелділікті  азайтуға  назар  аударған  жөн.

Құрметті оқырман!

Егер сіздің бойыңызда да осы зиянды әдет қалыптасып үлгерген болса, бар күш-жігеріңізді салып, одан арылуға тырысыңыз.

Себебі, денсаулық – Құдайдың аманаты. Аманатқа қиянат жасамау – ең үлкен парыз.

Жанерке Мерекеқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале