12.12.2024, 11:15
Оқылды: 185

Азаттықтың алауын маздатқан күндер

Сол бір желтоқсанның таңын ол әлі күнге ұмытқан жоқ. Қыстың ызғарлы ауасы жанға батса да, жүректегі еркіндікке деген аңсар бәрінен биік тұрды. Әр ұран – намыстың дауысы, әрбір қадам – бостандыққа қарай ұмтылыс еді. Бұл үнді бүкіл қазақ естіді. Бұл жанайқайға бүкіл ел құлақ түрді. Желтоқсан оқиғасы – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің ғана емес, бүкіл елдің тағдырын өзгерткен оқиға.

WhatsApp Image 2024-12-05 at 11.25.22

Күнзила Қабиқызы Мақсотова 1964 жылдың 4 маусымында қазіргі Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Абай ауылында жарық дүние есігін ашқан. 1979 жылы Абай ауылындағы сегіз жылдық, 1981 жылы Ақжайық ауданындағы Калинин мектебін тәмамдаған. Сол жылы оқуға түсе алмай, училищеде оқи жүріп жұмыс жасаған. 1985 жылы Алматы қаласындағы аутоматтық электр байланысы техникумына оқуға түседі. 1986 жылы ол 2-курс студенті еді...

– Сол күні Алматының аспаны ашық болғанымен, ауада бір толқудың лебі сезілді. Жастар алаңға қарай ағылды. Біз ол күні бейбіт шеруге шыққан едік. Бізге алдымен жеткен хабар бойынша еліміздің сол кездегі басшысы Қонаев Димаш ағай орнынан алынған. Ал ол кісінің орнына, яғни қазақ елін басқаруға, басқа жақтан Колбин деген біреу тағайындалған. Орталықтың осынау озбырлығы, қазақ деген ұлтты менсінбеуі халықтың ренішін, ашу-ыза­сын тудырған. Әсіресе, жастардың намысына тиген бұл басқа шығушылық оларды көшеге шығып, алаңға баруына итермелегені өзінен-өзі түсінікті ғой. Ол кезде жергі­лікті ұлттың салт-дәстүрін, тілін құрметтеу дегендер де империялық астамшылықпен аяққа тапталып жатқанын жастар да көріп, біліп жүрді емес пе? Міне, осының бәрі жиналып келіп, желтоқсанның сол бір күндерінде «бомба» болып жарылды ғой...

Алаңға атойлап шыққан жас­тардың ортасына біз де қосылдық. Ешкімді қорқытып,  үркітуді мақсат еткен жоқпыз. Тек өз талабымызды бей­біт түрде жеткізгіміз келді. Билік біздің үнімізге құлақ асады деген үлкен үмітіміз болды. Бірақ сол үміттің қалай үзіліп, орнына қайғының қалай келгенін әлі күнге дейін ұмытпаймын, – деді ол жанарына жас алып.

Иә, желтоқсанның ызғары олардың тәнін мұздатса да, жүректеріндегі оттың жалынын баса алмады. Әр қадам сайын бірлік пен намыс рух беріп тұрды.

– Алаңға жиналған жастар  қосылып «Менің Қазақстаным», «Атамекен», «Саржай­лау» әндерін айттық. Бұл әндерде біздің елге деген сүйіспеншілі­гі­міз, әділдікке, ер­кіндікке деген ұмтылысымыз бар еді. Бізге жаны ашығансып, басу айтқан зиялылар болды. Бірақ әділдік үшін жиналған бізді ешкім тоқтата алмады. Екі жақ бітімге келе алмағасын, жағдай шиеленісіп, жан-жақтан әскер бізге тап берді. Бәріміз қаша бастадық. Айналада шыңғырған да­уыс. Темір құрсаулы жендеттер қолына түскеннің қолын қайырып, әскери көлікке тоғытып жатты. Безбүйрек әскердің қыздарды соққының астына алып, оларды қорғаған жігіттерді аяусыз ұрып, қан-жоса қылып мертіктіріп жатқандары әлі күнге дейін көз алдымда. Дубинкамен ұрып, жабық көлікке тиеп, милиция бөліміне апарды. Сонда сорымызды қайнатып, түнге дейін жауап алды. Суық камера. Қабағынан қар жауған тергеушілер. Дәлізде қансыраған жігіттер. Әрі-бері өткен сайын дубинкамен ұрып, денемізді көгала қойдай етті. Бізді жаудың жансызындай қинады, – дейді Күнзила Қабиқызы.

Темір тордың ар жағында да олар өздерін жалғыз сезінген жоқ. Әрқайсысы алаңда қалған достарын, еркіндікке ұмтылған халықты ойлады. «Бұл біздің соңғы күресіміз емес», – деп өз-өздерін жұбатып, ертеңгі күнге, азаттықтың ақ таңына деген сенімдерін жоғалтпады.

– Сол кездерде бізді қинаған, қамшылаған басқа ұлт өкілдері еді. Арты қанды қырғынға, одан соң темір тордың азабына ұласқан шеруден мен түнгі сағат он бірлер шамасында 40 сом айыппұл жазылған түбіртекті алып шықтым. Жанымда өзіме бейтаныс бір қыз бар еді. Құр сүлдемізді сүйретіп жатақханаға әрең жеттік. Ертеңгі күні техникумда жиналысқа салып, комсомолдан шығарды, қатаң сөгіс берді. Оқудан шығармағанына шүкір еттім. Себебі шеруге шыққан талай қызды оқудан шығарып тастады. Темір торда бес күн азапталған таныстарым болды. Кейін де қайта-қайта бізді милиция бөлімшесіне апарып, жауап алып жүрді. Том-томымен жатқан альбомдарда таныстарың бар ма? деп тергейтін. Өте бір шарасыз халде, қорқы-нышпен күн кештік. Біздің сондағы бар кінәміз – өз елімізде еркін болғымыз келгені ғой, – деді ол ауыр күрсініп.

Кейіпкеріміз 1988 жылы Алматыдағы оқу орнын тәмамдап, Орал қаласына оралған. Ақжайық ауданында өзіне тән табандылықпен қызмет атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. 2012 жылы отбасымен бірге Орал қаласына қоныс аударып, жеке кәсіп ашып, өз ісін бастаған. Бірақ оның өмірі тек кәсібімен шектелмейді. 2021 жылы ақталып, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен сол кездегі алаңда болғандармен кездесті. Осы кездесулер оның қоғамдық қызметке деген қызығушылығын оятып, 2022 жылы  8 ақпанда «Батыс-Желтоқсан»  қоғамдық бірлестігін құруға негіз салды. Бүгінде сол бірлестіктің төрайымы ретінде, ол өз дәуірінің тарихи оқиғаларын ұмытпау және бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде.

– Өзім күні кешеге дейін желтоқсанға қатысқаным, жауапқа тартылғаным туралы тіс жармай келдім. Маған атақ та, ақша да емес, тыныштық керек еді. Сол кездері талай таныстарым, дос-құрбыларым жапа шекті, жоғалып кеткендері де болды. Қанмен қарға жазылды ғой тарих. 2021 жылы ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек деген сөзінен кейін ғана біз қозғала бастадық. Алматы қаласына барып, құжатымды өз қолыммен алдым. Мұрағаттан берілген құжатта «Бұзақылығы үшін» деп жазылған. 2021 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заңы негізінде толық ақталдым. Содан соң облыстағы желтоқсаншылар кездесіп, қоғамдық бірлестік ашайық деген ойды ортаға салдық. Оны ашу үшін де біраз жүрдік. Батыс Қазақстан облысы бойынша 80-ге жуық қатысушы болса, соның 60-ы – аталған бірлестік мүшесі. Оның ішінде 20 желтоқсаншы ақталған. Соңғы ақталғаны өңірімізге белгілі Желтоқсан құрбаны Гүлзада Халелова. Біз қоғамдық бірлестік болып ашылғалы ішкі саясатпен, облыс, қала әкімімен тығыз байланыстамыз. Жылына бір рет ақталған желтоқсаншыларға қолдау ретінде ақшалай сыйақы беріледі. Облыс әкіміне Желтоқсан саябағын ашу және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандарға арналған монумент қою туралы өтініш жасалды, – дейді Күнзила Мақсотова.

Желтоқсанның суық ызғары кетсе де, сол күндердің жаңғырығы мәңгі ұмытылмайды. Алаңда тұрып, әділдік үшін күрескен жастардың жүрек дүрсілі уақыттың өзі тоқтата алмаған ерлік пен намыстың үніндей. Олар тек өздерінің емес, ұлттың болашағы үшін күресті. Темір тор мен тас қабырғалар олардың жігерін мұқалтпады, керісінше, рухтарын шыңдай түсті. Желтоқсан қаһармандары бізге тек өткеннің естелігі емес, елге адалдықтың, намысты қорғаудың мәңгілік үлгісі болып қала бермек. Олардың күресі – әр қазақтың жүрегінде азаттықтың алауын маздатқан ерліктің жыры.

Жанерке Ғинаят

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале