«Атамекен» өнер ордасының көрме залында облыс суретшілерінің көрмесі ашылды. Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған көрме өнерсүйер қауымның, соның ішінде сурет өнеріне құмартқан көпшіліктің қызығушылығын оятты.

– Көрмеге аймақтың шығармашылық тұрғыдан іздену үстіндегі жас суретшілерімен қатар көпке танылған қылқалам шеберлерінің де жұмыстары қойылды. Ұсынылған туындылар арасынан бейнелеу өнерінің классикалық жанрлары мен заманауи шығармашылық тәсілдерін де байқауға болады. Мүсін, графика, абстракция жанрларында жасалған жұмыстар жергілікті суретшілердің кәсіби тұрғыда өсіп келе жатқанын көрсетеді, – деді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Қуандық Мәдір.
Көпшіліктің қызығушылығын оятқан көрмеге өңірдегі 16 суретшінің 60-тан астам жұмысы қойылды. Шара қаңтардың 15-іне дейін созылады. Көрмеге қойылған туындылар арасында адамды қуанышқа бөлейтін ерекше әдемі туындылар да, қиялын шарықтатып жіберетін картиналар да, терең ойға батыратын философиялық суреттер де бар. Көптің көңілін аударар туындылардың бірі Нұрбек Жәрдемовтің «Ет-тюрморт» жұмысы.
Натюрморт стилінде жаңа сойылған мал етін бейнелеген өнер иесінің туындысы көптің көңілін өзіне аударды. «Соғым уақытында мұндай ерекше әсер етеді», – деп қалжыңдағандар да болды. Айбар Сейтімовтің «Адыраспан», Бекжан Жұмабаевтың «Сақтар», Асхат Әбешевтің «Әуеннің тууы», Ерғали Бекешевтің «Табандылық» атты мүсіні, Қайыр Оразғалиевтің «Жол қиылысы» сияқты суреттерін тамашалаушылар көп болды. «Еттюрморт» көрмеге келгендерді күлкіге бөлесе, Қайыр Оразғалиевтің «Бақбақ туралы аңыз» атты еңбегі жиналғандарды терең ойға батырды. Абстракция жанрында салынған суретте шағын ауыл бейнеленген. Бір де бір үйде мұржа жоқ. Ал жалғыз мұржалы үй мұржасы әдейі жабылыпты. Туынды алдына келген әр көрермен ұзақ тұрды. «Неге үй мұржасы жабылған, ауыл көшіп кеткен бе, мүмкін үйдегі адамдар барлығынан үміт үзіп, өздеріне қол жұмсаған болса ше, неге үй төбесіндегі күнбағыстар әр тарапқа басын бұрған, күннің көрінбей қалуы ауыл адамдарының дүниядан баз кешкенін көрсетіп тұрғандай», – деп ой білдіргендер көп болды. Бір сөзбен айтқанда, көрмеге қойылған туындылардың әрқайсысы аутордың жеке шығармашылық тәсілін, сезімдерін және көркемдік әлемін паш ете алды. Одан бөлек Қуандық Мәдір, Қанат Оразов, Сатыбалды Құлбеков, Хайдар Шаблиев, Манас Аққожин, Әшім Тасқалиев сияқты суретшілердің туындылары да көптің көңілін өзіне аудара алды.
Еркін сипаттағы суреттер қойылған көрме барысында қылқалам шеберлері өз жұмыстарының маңыздылығын түсіндіру үшін көрермендермен пікір алмасып, жұмысының тереңдігі мен маңыздылығы жайында әңгімеледі. Аталған шара көрмеге қатысушы әр адамның өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылығына шабыт бергені сөзсіз.
– Бұл көрме облыс суретшілерінің көпшілікке танылуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жалпы өнердің қоғамдық маңыздылығын көрсетуге көмектесті. Суретшілер өз жұмыстарында өмірдің түрлі қырын көрсете отырып, көркемдік тілмен адам баласының жан дүниесін бейнеледі. Осыдан отыз жыл бұрын қалаға сурет өнерін үйренемін деп келгенімде мұндай орындар жоқ еді. Былайша айтқанда, суретшінің кәсіби тұрғыда дамуына ешқандай мүмкіндік болмады. Бүкіл қалада сурет салатын екі-үш адам ғана болды. Уақыт өзгергеніне көзіміз жетті. Осы күні суретшілер саны артты, түрлі оқу орындарында көркем графика факультеті ашылды, көркем графика мектебі ашылды. Соның барлығы қылқалам өнерінің дамуына жол ашты. Енді өз алдымызға көрмемізді ұйымдастырып, көпшіліктің бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік алдық, – деді ардагер ұстаз Батырхан Мұқанов.
Өз көрерменін тапқан көрме барысында белгілі суретші Мұхит Құрақ Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанды. Сондай-ақ басқа да өнер иелері одақтың облыстық филиалы төрағасының алғысхаттарына ие болды.
Қорыта айтқанда, облыс суретшілерінің көрмесі қылқалам өнерінің дамуындағы жаңа белестер мен келешек бағытын көрсете білді. Аталмыш іс-шара облыс мәдениеті мен өнерін жаңа белеске шығарып, бейнелеу өнері бағыттарына жасалған үлкен қадам болды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz