11.07.2025, 16:15
Оқылды: 246

Иманғали қарияның иманды ұрпағы

Атыраулық Асқар Иманғалидың қарлығаштарға деген қамқорлығы тұтас ел-жұртты сүйсіндірді.

WhatsApp Image 2025-07-11 at 15.07.20

«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына қарасты учаскеде жұмыс істеген жігіт ағасы газ құбырына арнап қазылған ордың жарына қарлығаштардың ұя салып тастағанын көреді. Сол себепті ол орды көмуден бас тартады. Қасындағы әріптестерін де құстарға зиян тигізбеу керек деп үгіттейді. Газ құбыры «ҚазТрансгазАймақ» АҚ-ға тиесілі. 30 маусым күні Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының аумағында болған оқиға туралы баяндаған Асқардың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде  кеңінен  таралып  кетті.

– Әп-әдемі айыр құйрық қарлығаштар траншея ішінен ұя салып тастаған. Қарлығаштар балапан басып жатыр. Мына құбырды қалай көмемін, обал-ай... Қазір мен үйілген топырақты итерсем, бәрі шырылдап, маған қарай ұшады. Жапатармағай көліктің әйнегіне соғылайын деп тұр. «Ей, адам, не болды саған? Сондай қатігез болып кеттің бе?» дер еді, тіл бітсе... Кеше де қарлығаштар ұя салған траншеяларды көмбей кетіп қалдым. Тап қазір жұмыстан шығып кетсем де, мынадай қиянат жасай алмаспын, – дейді Асқар Иманғали.

Дегенмен Асқардың шырылдағанына бригада құлақ аса қойған жоқ. Санаулы жігіт бас тартқанымен, мекеме техникаларының күшімен тап сол жерді көміп тастады. Ертесіне Асқар өзінің тұрғылықты жері – Атырау облысындағы Индер ауылына қайтып кетеді. Құстардың өліміне жаны қатты күйзелген. Кейіпкеріміз өзі туралы әлеуметтік желілер мен сайттарда жаңсақ ақпарат тарап жатқанын айтты. Асқар жұмыс учаскесіндегі мердігер ЖШС-ның арнайы техникасын жүргізеді. Шағын еңбек ұжымының беделіне нұқсан келмесін деп, компанияның атын  атаудан  бас  тартты.

– Әрине, мерзімінен кешіктірілмей атқарылуы тиіс. Учаскедегі қарбалас тірлік бір-екі күнде бітпейді. Құбыр ауыстыру, дәнекерлеу, қысыммен тексеру, тестілеу, оқшаулау – оның барлығы уақыт алады.  Қазылған жерді топырақпен тегістеп болғанша, құстар ұя салып тастайды, – деп түсіндірді табиғат жанашыры. Ол бұған дейін тап осындай оқиға бірнеше рет қайталанғанына налиды.

– Мен бас тартқаныммен, басқа жалдамалы мекеме погрузчиктері қарлығаштар ұя салған тұсты көміп тастады. Солардың бәрін тоқтата алмағаныма қатты өкінемін. Тек бір-екі жігіт қана тапсырманы орындаудан бас тартып, олар да менің өтінішіммен көмбей кетіп қалды. Табиғатқа нұқсан келтіретініміз жаныма батады. Неге біз соншама қатігезбіз? «Топан су, зілзала, өрт, апат қайдан келіп жатыр?» деп таң қаламыз, ал  өзіміздің істеп отырған тірлігіміз мынау! – дейді Асқар  бауырымыз  ашына.

Асқар Иманғали бүгінде Атырау облысы Индер ауданының орталығында тұрады. Жасы – 48-де. Отбасылы, алты перзент тәрбиелеп отыр. Екі қолға бір күрек іздеп, бірнеше рет басқа мемлекеттерде еңбек еткен. Оның инстаграмынан Еуропаның көптеген қаласын аралағанын көруге болады. Индер ауылының тұрғыны тумысынан табиғатқа деген сүйіспеншілігінің ерекше екенін айтты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, перзенттеріне де жан-жануар, аң-құсты аялау керек екенін ұдайы айтып отырады. Белсенді азамат балаларын ертіп, ерікті түрде экологиялық іс-шараларға қатысады. Өзен-көл жағасындағы, демалыс орындарындағы, орман-тоғайдың ішіндегі қоқыс-қалдықты  жинайды.

Қазіргі уақытта Асқардың түсірген бейнежазбасына көпшілік алуан пікір жазып жатыр. Кейбір компания жұмыс орнын ұсынса, кейбір кәсіпкерлер қаржылай демеу көрсетуге ниет танытқан. Депутат, заңгер, бизнесмендер жұмыс береміз, көмектесеміз деп жатыр.

«Біреулер жұмыссыз қалған болсаң, қаржылай көмек береміз» деп Kaspi GOLD нөмірін сұрап жатыр. Бәріне мың алғыс, ештеңе керек емес. Ниеттеріне рақмет. Ризық-несібе – Құдайдан.  Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді…», – дейді  Иманғали қарияның  иманды  ұрпағы.

Кейіпкерімізбен тілдесе отырып, оның өте қарапайым болмысын тани түстік. Асқардың атасы Серік Иманғали Батыс Қазақстан облысындағы әртүрлі ауданда, Тайпақ өңірінде еңбек еткен. Әкесі ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, одан кейін Атырау облысында бір ауылды басқарған. Кейіпкеріміздің өзі Тайпақ ауылында өмірге келген. Қазіргі уақытта Индерде тұратын жігіт оларды дәріптегендей болмайын деп, кеңірек жазуға рұқсат бермеді. Жалпы, Асқардың өзіндік ұстанымы бар азамат екенін аңғарғанымыз, әлеуметтік желіде өткір пікірін жиі жариялайды. Бұған дейін далада электр сымы жүргізілген бағаналар басына қонған қарақұстар мен қыран тектес құстардың тоққа соғылып, өліп жатқаны туралы да жазба қалдырған. Ең бастысы, экосақшы осы бастамаларға билік пен қоғам назар аударса  екен  дейді.

Нұртай Текебай,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале