25.01.2026, 14:30
Оқылды: 55

Достықта мал моласы мен ветпункт салынады

Соңғы кезде Достық ауылында жиі көтеріліп жүрген мәселенің бірі – мектеп автобусының қажеттілігі. Бұл әсіресе ауыл шетіндегі тұрғындар үшін өзекті. Осынау түйіткіл аталмыш ауылда өткен аудандық мәслихат депутаттарымен болған кездесуінде де көтерілді.

image-25-01-26-10-33-7

​Ауылдың жаңадан салынып жатқан бөлігіндегі (новостройка) Таңшолпан көшесі №34 үйде тұратын Жанна Кенжалиеваның қазіргі таңда екі баласы мектепке барады. Оның үйінен Білім ұясына дейін шамамен 2 шақырымдай қашықтық бар. Бастауыш сыныптарында оқитын перзенттеріне қазіргідей қыс және лайсаң кездері қиындау. Сол себепті көбіне такси қызметін пайдалануына тура келеді. Ал таксидің апарып-алып келу бағасы 800 теңге. Біреуі таңмен, екіншісі түсқайта оқыған соң күніне 1600 теңгедей кетеді. Жас отбасының бюджетіне бұл едәуір салмақ.
​Аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин балалар тасымалын ұйымдастыру үшін тиісті нормативке сәйкес мектеппен ауылдың шетіндегі үйдің арақашықтығы 3 шақырым болуы керектігін айтты.
​Достық ауылдық округінің әкімі Әбубәкір Төлеуовтің сөзіне қарағанда, осы мәселеге орай аудандық білім бөлімінің мамандары келіп, ата-аналар комитетінің өкілдерінің қатысуымен тиісті өлшемдер жүргізген. Сол кезде арақашықтық 3 шақырымға толмайтыны анықталды.

image-25-01-26-10-33-6
«Жұбанышева» ЖК-ға жетекшілік ететін Рауан Уахитов былтыр қазан айынан бері ауылдан 2 шақырым қашықтықтағы полигонды сенімгерлік басқаруға алған. Ауылдың солтүстік бағытында орналасқан полигонның аумағы 5,5 гектар. Ауылдан аптасына орта есеппен 16 текше метр қоқыс шығарылады. Кәсіпкерге аудандық ТҮКШжАЖ (ЖКХ) тығыздағыш (пресс), БҚ ТЭК (РЭК) трансформатор берген. Солардың көмегімен полигондағы қоқыстар сұрыпталуда. Тағы да арнайы техникалар қажет. Одан бөлек Достықтағы ауланың 20 пайыздайы олармен келісім-шарт жасаған. Бұл өте аз. Депутаттар оған «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы төменгі пайызбен өзіне қажетті техникаларды алуға кеңес берді. Қажет болса тиісті қолдау көрсетілетінін де жеткізді.

image-25-01-26-10-33-1
​Жиын барысында ауыл тұрғындары Достықта соңғы жылдары халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында біраз іс істелгенін айтып, сол үшін де атқарушы билік құрылымдарына, депутаттарға ризашылықтарын білдірді.
​Аудандық мәслихат төрағасы биыл Достықта мал моласы, келесі жылы ветпункт салынатынын жеткізді. Осы ауылдық округтың депутаты Ернар Хайдаров енді мұнда жуық арада өрт сөндіру бекетін салу, жедел жәрдем көлігін беру мәселелерін шешкен жөн екенін атап өтті.

image-25-01-26-10-33-8
​Кездесуде кейбір көшелерге жарық шамдарын қою, автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолдарындағы мұздаққа қарсы құм себу жұмыстарын жүргізу, бейнебақылау камераларын орнату, жол белгілерін қою бағытында сұрақтар қойылып, оларға нақты жауаптар берілді.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале