6.10.2017, 15:21
Оқылды: 52

«Жұбан оқуларының» жеңімпаздары белгілі болды

Қазанның 4-5-і күндері көрнекті ақын Жұбан Молдағалиевтің туған күніне орай оқырмандар арасында облыстық Жұбан оқулары өтті. Кеше Жұбан саябағында байқау жүлдегерлері марапатталды.  

Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту мен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырған шараның басты мақсаты – ақын шығармашылығы арқылы көпшілікті Отанды қастерлеуге, ананы құрметтеуге шақыру, татулық пен ел бірлігін насихаттау, көркем сөз оқушыларының тіл мәдениетін жетілдіру. Қазылар алқасына белгілі жұбантанушы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі  Үзілдік Елубайқызы жетекшілік етті.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, іріктеу кезеңіне Орал қаласы мен Ақжайық, Жаңақала, Зеленов, Бөрлі, Қазталов, Сырым, Тасқала және Шыңғырлау аудандарынан 26 үміткер қатысты. Бір ерекшелігі, биыл байқау қатысушыларының жасына шектеу қойылмады және өлеңдерін ең көп жатқа білетін және көркем дауыспен оқи алатын оқырмандар жүлдеге ие болды.

Сонымен, байқаудың бас жүлдесін Шыңғырлау жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнұр Сейітова иеленді. Бірінші орынды Орал қаласындағы экономика және ақпараттық технологиялар колледжі құқықтану мамандығының 1-курс студенті Гүлім Қалиматова алды. Олардан кейін Тасқала ауданындағы Мереке ауылындағы мектептің 8-сынып оқушысы Арсен Құспанов, Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылы Тайпақ жалпы білім беретін орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ақтілек Шалабаева, Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев атындағы №2 мектептің 4-сынып оқушысы Әлихан Серік, Батыс Қазақстан индустриалдық коледжінің 1-курс студенті Сабыржан Байбөрі жүлде бөлісті.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале