Бөкей ордасы ауданында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті директорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Саметтің қатысуымен аудан активінің отырысы өтті.
Алдымен аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау жөнінде қабылданған іс-шаралар туралы баяндады. Жыл басынан бері ашық есік, ашық әкімдік, жеке қабылдаулар, әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдаулары тұрақты өткізіліп келген. Жыл басынан 375 арыз түссе, оның 354-і жеке, 21-і заңды тұлғалардан көрінеді. Өткен 11 айында 7 тәртіптік жаза тағайындалса, оның 5-уі ескерту, 1-уі сөгіс түрінде беріліпті, ал 1 факт бойынша қызметіне толық сәйкес еместігі көрсетілген.
Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті директорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет өркениетті елдерде сыбайлас жемқорлықпен күресетін органдар жұмысының 20%-ы қылмыстық қудалау ісі екенін, 80%-ы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында жүзеге асып жатқанын, бұл көрсеткіштің біздің елде керісінше екенін айтты.
– Бізде қалай? Сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының 80%-ы қылмыстық қудалау, орын алған сыбайластық пен жемқорлық фактісін жіті тексеруге бағытталып отыр. Қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға қатысты атқарылып отырған есепті сөз жүзінде керемет қып беріп, «нақты дерек, фотодәйекпен беріңіз» деген талабымыздың толық ақталмай отырғаны рас. Парасаттылық, адалдық идеологиясын насихаттауда жалған есеп көңілге медеу болмауы керек, - деген Нұрдәулет Ілиясұлы «Transparency international» халықаралық ұйымы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүргізілу барысы мен нәтижесіне сараптама жасады.
Аудан бойынша ахуалға тоқталып, екі мемлекеттік қызметкердің жауапқа тартылғанын айтты. Жемқорлық бойынша 1 іс, лауазымын асыра пайдаланғаны үшін 1 іс қаралып, бір жауапкердің бас бостандығы шектеліп, екіншісі айыппұл төлеген.
Сонымен бірге Нұрдәулет Самет ішкі талдау жұмысын ширату, open space стилінде фронт-офис жұмыстарын практика енгізу туралы өз ұсыныстарын айтты.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер