6.10.2016, 17:03
Оқылды: 69

«Ақынның мәңгілік әуені»

        muzei-ishi       Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ботагөз Баймұқанованың туғанына 60 жыл толуына орай облыстық өлкетану музейінде «Ақынның мәңгілік әуені» атты көрме және еске алу кеші өтті.


          Өлкетанушы Сара Танабаева, ақын Шолпан Қыдырниязова, әнші, термеші Сағадат Рахметжанов, тілші Мұнайдар Балмолда шараға қатысушы студенттермен Ботагөз Баймұқанова туралы естеліктерімен бөлісті.

–Боташ қолына домбыра ұстап, айтысқа келген артымнан лескен сіңлілерімнің бірі еді. Оның болмысы бөлек, талғамы биік болатын. Қандай бағдарлама дайындаса да үлкен талғаммен келетін. Біз оны сол үшін құрметтейтінбіз. Ақ жайық өңіріндегі өнерде жүрген таланттардың тағдырының барлығы Боташпен байланысты. Өйткені Боташ олар туралы өлмес естеліктер қалдырды. Оның әпкесі ретінде кейде жаным ауырады, себебі бәрімізді жоқтаған, өмірімізді өрнектеген қызымызды ұлықтап еске алу шаралары аз көрінеді. Боташтың «Кетсем де шалғай..» деп әуелетіп салатын әнін Мақпал Жүнісованың орындауныда естігенде жылап аламын. Боташтың өнегесін өрбітудегі бүгінгі қоғамның олқылығы жанымды ашытады. Сондай кездерде оның айтыстағы өнерін, бейнесін, жазба өлеңдегі жарық сәулелі жырларын қанағат тұтып, жұбанамын,- дейді ақын Шолпан Қыдырниязова.

Ботагөз Баймұқанованың отбасылық, мектеп және студент кезіндегі фотосуреттері, сахналық киімдері мен баспа мәшинесі ұсынылған көрмеден соң, ақынның шығармашылығына арналған әдеби сазды кеш жалғасын тапты.

Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған «Кетсең де шалғай» әні орындалып, «Өзім туралы», «Жайықта менің тамырым» атты өлеңдері оқылды.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ

www.zhaikpress.kz

        

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале