8.04.2016, 16:44
Оқылды: 21

Депутаттар әлеуметтік салаларға қомақты қаржы бөлуді мақұлдады

Sessia     Облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сөз сөйледі.


     Сессияда «Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы №29-2 «2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Азаматтық қызметші болып табылатын, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесімен келісу туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтай Құлқаев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, облыс бюджетін нақтылау республикалық бюджеттен бөлінген 13,3 млрд. теңге мақсатты трансфертке қатысты туындаған қажеттілік. Осы қаржының 2,4 млрд. теңгесі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге 2,1 млрд. теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіруге, 2,6 млрд. теңге жылу және сумен қамту жүйелерін жаңғыртуға бағытталмақ. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңге көлемінде трансферттер мен несиелер бөлініп отыр. Денсаулық сақтау саласына 166,5 млн. теңге, мәдениет пен спорт салаларына 619,6 млн. теңге, білім саласына 470,5 млн. теңге, кәсіпкерлікке 500 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 1387,2 млн. теңге, жолға 297 млн. теңге қаралды. Енгізілген өзгерістерге байланысты кірісі мен шығысы бойынша облыстық бюджет 125 млрд.15,6 млн. теңгені құрады. Баяндамаға қосымша облыстық мәслихаттың қаржы және бюджет комиссиясының төрағасы, депутат Амангелді Таспиховтың хабарламасы да тыңдалды. Халық қалаулылары күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылдады. Мұнан кейін «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрамы туралы» облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Арман Жалмағамбетовтың хабарламасы тыңдалып, мақұлданды.

     – Құрметті депутаттар! Жақында ғана елімізде Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау болып өтті. Сіздер халық сеніміне ие болып, облыстық мәслихатқа сайландыңыздар. Сол ел сеніміне ие болып, халық қалаулысы атанғандарыңызбен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Негізі бұл сессия 13 сәуір күні өту керек еді. Алайда кезек күтпес мәселелер қордаланып қалмас үшін оны бір апта бұрын өткізу жөнінде ұсыныс жасағанмын. Соны қолдағандарыңыз үшін ризамын. Бүгін сіздердің мақұлдауларыңыз бойынша бес аудандағы елді мекенге су жеткізу, үш аудандағы ауылдарға газ құбырын тарту, сегіз мектеп пен балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу мәселесі шешімін табатын болады. Енді әлеуметтік нысандарды, әсіресе, мектептерді жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуден өткізу қажет. Орта және шағын бизнесті, әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл да қуанарлық жәйт, өйткені ауылда кәсіпкерлікке ұмтылушылар көбейіп келеді. Денсаулық сақтау нысан-дары да қамқорлықтан құр қалмауы тиіс. Мен күні кеше ғана қалалық «Жедел жәрдем» қызметінің жұмысымен таныстым. Олар қаржылық қолдауға, әсіресе, арнаулы көлікке мұқтаж. Сондықтан биыл аталмыш мекемеге қажетті көліктің жартысын алып беруге күш саламыз. Келесі жылы қалғандарын алып беруді жоспарлап отырмыз. Осы мәселелерді шешуге қаржы бөлуді мақұлдап, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет! Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары жалғасын тауып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіру үшін бейнебақылау камералары орнатылмақ, – деді сессия жұмысын нәтижелеген өңір  басшысы  Алтай  Көлгінов.

www.zhaikpress.kz

Серік ІЗБАСАРҰЛЫ

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Медет ДОСЫМОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале