А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында қалың ел соғыс және еңбек ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевті ақтық сапарға шығарып салды.
Қаралы жиынды ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов марқұмның өмір жолымен таныстырып, облыстағы барша ардагерлер атынан марқұмның отбасына, тума-туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Қаралы жиында Б. Жұмағалиевпен ұзақ жылдар жұмыстас болған еңбек ардагері Ж. Ақбай, Ақжайық ауданынан еңбек ардагері Ә. Кереев, теректілік еңбек ардагері А. Попов, атақты жазушы М. Шолоховтың немересі Михаил Шолохов, марқұмның туысы А. Құрақов марқұмның ізгі қасиеттері мен өнегелі істерін еске алып, қайыр болсын айтты.
Бисен Жұмағалиевтің қазасына орай ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыповтан, Сенаттың, Мәжілістің бір топ депутаттарынан, Ақмола, Атырау облыстарының басшылығынан, жазушы М. Шолоховтың отбасынан және Вешенская станицасындағы жазушының музей-қорығы ұжымынан, Орталық ардагерлер ұйымының төрағасы, академик Ө. Озғанбаевтан марқұмның отбасына, тума-туыстарына, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына қайғыға ортақтасқан жеделхаттар түскен.
Марқұмның денесі Орал қалалық зиратқа жерленді.
Ақ Жайық өңірінің абыз ақсақалы Бисен Жұмағалиевтің жарқын бейнесі замандастарының, кейінгі ұрпақтың есінде әрдайым сақталады.
Өз тілшіміз