3.05.2016, 17:56
Оқылды: 48

Қор биржасының қызметі тиімді

 Kazakstan kor birjasi     Облыстық кәсіпкерлер палатасының ғимаратында компания басшылары мен меншік иелері отандық қор нарығының жетекші сарапшыларымен кездесті.

     Бұған «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) басқарма төрағасының  орынбасары Андрей Цалюк, осы  мекеменің эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімінің бастығы Эльвира Сәрсенбаева, «Фридом Финанс» АҚ Орал қаласындағы филиалының директоры Бауыржан Мұхамбетов, «Эрнст энд Янг-сабағаттық қызметтер» ЖШС мәмілелер жөніндегі сабағаттық қызметтер департаментінің менеджері Гүлнар Бадығанова және облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.


     Жиынды «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) басқарма төрағасының  орынбасары Андрей Цалюк ашып, қатысушыларға Қазақстанның қор биржасы жөнінде қысқаша мәлімет берді.

     -Қор биржасы дегеніміз - құнды қағаздардың қалыпты айналымын қамтамасыз ететін  ұйым. Биржаның негізгі міндеті Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің енгізілуіне байланысты ұлттық валюта нарығын ұйымдастыру және дамыту болып табылады. Еліміз бойынша мұндай жұмыспен әзірге тек қана «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE айналысуда. Бұл ұйым осы бағытта 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасап келеді. Қазақстан қор биржасының (KASE) айналымында акциялар, корпоративтік облигациялар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары мен шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздар, вексельдер, мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздармен автоматтық және тікелей репо инструменттері, шетел валютасы бар. Бұл ұйым Орталық Азияның ең ірі, әмбебап, ұйымдастырылған қаржы нарығының операторы болып табылады. Биржаның акционерлері негізінен бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі KASE ірі акционері болып табылады.

     «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) осы уақыт ішінде шетел валютасымен, мемлекеттік бағалы қағаздармен, корпоративтік сектордың бағалы қағаздарымен және туынды қаржы құралдармен операциялар жүргізуге арналған әмбебап алаңға айналды, -деген Андрей Юрьевич қатысушыларды Қазақстан қор биржасында  (KASE) қаржыландыру көздерін тарту мүмкіндіктерімен таныстыру үшін келесі сөз кезегін  осы  мекеменің эмитенттермен және инвесторлармен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімінің бастығы Эльвира Сәрсенбаеваға берді.

     -Бағалы қағаздар мен қор биржалары бүгінде экономиканың ажырамас бір бөлшегіне айналған. Нарық қатынасы дамыған елдерде қаржы ресурстарын тиімді түрде қайта бөлу қор биржалары арқылы жүзеге асады. Биржа неғұрлым ірі, әрі дамыған болса, ол өзінде саудаға түсірілетін бағалы қағаздарға соғұрлым қатаң талаптар қояды. Ірі биржалардың тізіміне ену акционерлік қоғамдардың жоғары деңгейін көрсетіп, беделін көтереді. Өкінішке орай, біздің еліміздегі ірі акционерлік қоғамдар биржа тізіміне енуге асығар емес. Мысалы, бүгінде еліміз бойынша 2500-дей ірі акционерлік қоғам тіркелген болса, солардың тек 92-сі ғана нарық қорының тізіміне ресми түрде енген, -деген Эльвира Сәрсенбаева меншік иелерін қор биржасымен жұмыстануға шақырды.

     Оның сөзінше, ірі кәсіпкерлер жеке кәсібін кеңейтуге қор биржаларын пайдаланған жағдайда, тек қана ұтады. Өйткені, егер кәсіпкер банктерден несиеге қаражат алса, оны үстеме пайызымен төлеуге мәжбүр болады. Ал қор биржаларының акциясын пайдаланса, қаражат мөлшері өсіп, ол тек қана компанияға жұмыс істейтін болады. Және бұған кепілдікке дүние-мүлік салынбайды. Сондай-ақ, қор биржасымен жұмыс істейтіндерден табысы туралы мәлімет талап етілмейді және облигация ставкасы бірте-бірте төмендей береді. Қор биржасының артықшылықтарын осылайша тізбелеген Эльвира Сәрсенбаева мұндағы қаражаттың жоғалып кету қаупі жоқ екенін айтты, өйткені қор биржасы жұмысына тек қана лицензиясы бар, ресми түрде тіркелген меншік иелері қатысады.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале