4.05.2020, 17:32
Оқылды: 116

Ағайынды Қасым мен Жомарт - әскерде

Ұлттық ұланның  Орал шаһарында орналасқан 5517 әскери бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған сарбаздар әскери борыштарын өтеуде. Олардың негізгі жауынгерлік тапсырмасы - қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету.

Осындай озат сарбаздардың  қатарында Отан алдындағы әскери борыштарын адал атқарып жүрген ағайындылар қатардағы Орынтай Қасым мен Жомартты мақтанышпен айтуға болады.

FB68B822-CA53-4645-BCE9-DC1351320552

Егіздер әскер қатарына Алматы облысынан 2019 жылдың жаз айында шақырылды.

Қасым мен Жомарт 2001 жылы 7 маусымда Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында дүниеге келгендіктен шығар екеуі де тәртіпті, жанашыр, бауырмал болып өсті. Екеуі де бала күнінен әкесі Мұратжан және анасы Гүлбануға көмектесіп, үй шаруасына жастайынан араласады. Үй жұмысына, шаруашылыққа пысық, алғыр болып өседі.

Ал 2007 жылы 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын аттап 1-сыныпқа қабылданады. Мектеп қабырғасын жақсы деген бағаға бітіріп, әскери комисариаттан жолдама алады.

Ата Заңымыз Конституцияда жазылғандай, Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Дәл осындай мақсатпен Орынтай әулетінің қос кенжесі Қасым мен Жомарт 2019 жылдың маусым айында Отан алдындағы борышын атқару мақсатында әскерге шақыртылып,  5517 әскери бөліміне түседі.

Әскерге барып Отан алдындағы борышын өтеу - қос егіздің бала күнгі армандарының бірі еді. Осы арманға жету үшін олар шынығып, жүгіріп, белтемірге тартылуға үйренеді.

D089E580-7BCF-4EDA-9981-C5201121E5BD

Орынтаевтар әскери қызметтің алғашқы күндерінен-ақ жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген патриоттық сезімімен қарулас достарына өнеге бола білді. Жүктелген міндеттерді атқару кезінде олар өздерін белсенді, жауапты азамат ретінде көрсетті. Сөзі мен ісі қабысқан еңбекқорлығымен қатар қарапайым мінезді Қасым мен Жомарт жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана білді. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаларға орындауда. Өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактика-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетіп жүр

Бүгінгі таңда ағайындылар байланыс торабына кезекші радиотелеграфист лауазымын атқарады. Жомарт жауынгерлік қызметке таңда түссе, Қасым түнгі ауысымда қызметтерін атқарып, тәлімгерлері лейтенант Қожамұрат Абай, ефрейтор Самиғолла Эльдардың үйреткен тәжирибесін жадында сақтап, іс жүзінде қолданып жүр.

Жауынгерлік кезекшілікте әрдайым қырағылық танытып, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапат төрінен көрінді.

Қасым мен Жомарттың ендігі мақсаты - Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып өзінің ата-анасының, бауырларының, достарының арасына аман-есен оралу.

– Әскерге келгенім үшін қуанамын. Айбынды армия қатарында борышымды өтеп, үздік қырымнан табылғаным әскердегі тәртіп пен тәрбиенің арқасы. Бұл жерде үйдегідей еркіндік жоқ. Әрбір ісіңе жауапкершілікпен қарайсың. Жалпы әскери өмірді көру, қатал тәртіпті бастан өткеру әрбір жас жігітке шыңдалу үшін қажет. Отан алдындағы әскери парызымды аман-есен атқарып, елге оралған соң полицияда мамандықтың иесі атанғым келеді,- деді Қасым.

– Жас күнімнен спортты жаныма серік еттім. Сондықтан болар, әскер қатарындағы жаттығулар мен үшін аса қиындық туғызған жоқ. Көрсеткіштерім де жаман емес. Ол үшін марапат та алдым. Әскердегі күндер – өмір мектебі. Ол кешегі ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Оған қоса, қазіргі таңда жауынгерлерге бар жағдай жасалған, – дейді  Жомарт.

Расында да Жомарт жас күнінен футболмен айналысады. Мектеп қабырғасында жүргенде талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Әскерден кейін спорт әлемінде жетістікке жетіп, еліміздің көк байрағын желбіретсем деген мақсаты бар.

Жамал Мукушева

майор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале