23.03.2019, 12:47
Оқылды: 18

Ақсерік Әйтімов: "Астана атының Нұр-Сұлтан боп өзгертілуі - Елбасымыздың ерен еңбегінің әділ бағалануы"

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих! Қазақ тарихында Сіздің есіміңіз алтын әріппен жазылып қалары хақ. Бұл күнде бүкіл төрткүл дүние Қазақстанды Сіз арқылы танып білді. Отыз жыл бойына үш жүздің басын біріктіріп, шашау шығармай, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің шекарасын шегендеп, территориясын бекіткен, елімізді ширек ғасырдан астам уақыт басқарып келген қаһарман басшысыз.
Қиын-қыстау кезеңінде «Қазақстан – 2030» Даму Стратегиясын қабылдап, еліміздің табысты дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ете алдыңыз. 2012 жылы Әлем дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңіне аяқ басқан тұста «Қазақстан – 2050» Стратегиясын қабылдап, біздің ортақ мақсат дамыған 30 елдің қатарына кіру және қазақстандықтардың өмірін түбегейлі жақсартуға мүмкіндіктер жасадыңыз.

1-бетке-сурет
Елбасының Отанымыздың саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуына қосқан үлесі және жас мемлекетіміздің имиджін әлемдік деңгейге көтергені, Көк туымызды биікке желбіреткені, төрткүл дүниеге шашыраған қандастарымызды ата-жұртымызға шақырып, демокрафиямызды көбейткені, сөздің шындығын айтқанда, бүгінге дейінгі Қазақстанның даму перспективасы мен тенденциясына қосқан қажырлы еңбегі ұшан-теңіз екенін мақтанышпен айта аламыз.
Біз “білім, ғылым және инновациялар” үштігі билеген постиндустриялық заманда білім беру жүйесін одан әрі жаңғырту жолындағы қабылдаған жаңашыл істеріңіз қашанда ел назарында.
1993 жылы енгізілген “Болашақ” бағдарламасы арқылы қарапайым қазақ жастары дүниенің төрт бұрышын аралап, шетелде білім алып, білікті кадрларға айналуына теңдессіз мүмкіндік жасап келдіңіз. Кез келген саланың мамандары сауатты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болсын деген мақсатта әлемдік деңгейде білім алуға сара жол салып бердіңіз.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы жарлығыңыз қазақ тілінің келешегін айқындауға, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашты десек те болады.
Бұның барлығы, біздің, жастардың білім мен ғылымға ұмтылысына, белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына, тұлғалық дамуы мен еңбекке ұмтылысына жаңа серпін берген бағыттың жаңа мәні болып қала береді.
Қай жағынан алсақ та, мемлекет басшысының жарқын бастамалары мен салиқалы саясаты, пассионарлық еңбегі өлшеусіз. Елі сүйген, халқы сенген Елбасының кешегі мәлімдемесі – кемел ойлы, сұңғыла саясаткердің, данышпан көсемнің, парасатты ақсақалдың сөзі екенін көрсетті.
Осы орайда, біздің Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ұжымы, оның профессорлық-оқытушылар құрамы, еліміз Тәуелсіздігін алған шақта дүниеге келген студент жастары, Елбасының жарқын бастамаларының шапағатын сезініп, еркіндік бесігінде тербеліп өсіп, бүгінде мемлекетіміздің дамуына үлес қосып, ел үмітін арқалап жүрген қоғамдағы өз орны бар жоғары оқу орны ретінде өз пікірімізді білдіруді жөн санадық.
Елбасының атын мәңгілік сақтап қалу үшін бүкіл облыс орталықтарындағы көшелерге Н.Назарбаев атын беру, Астана қаласында монумент тұрғызу ұсынысы қолдау тапты. Астананы Нұр-Сұлтан қаласына өзгертуінде стратегиялық маңызы зор. Астана қаласының атының Нұр-Сұлтан боп өзгертілуін барша халықтың қолдауы да - Елбасымыздың ерен еңбегінің әділ бағалануы деп білеміз. Біз де қолдаймыз, дұрыс шешім екендігін мойындаймыз. Қазақстан – мәңгілік ел. Әр өзгеріс тек жақсылыққа! Еліміз аман, мемлекеттігіміз нығая берсін!
Еліміздің өскелең ұрпақтары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің атқарған ісін кең бағалайды деген сенімдеміз.

Ақсерік Әйтімов,  
“КазИИТУ” ғылыми-білім кешенінің ұжымы және құрылтайшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале