26.09.2022, 9:30
Оқылды: 107

«Алабөтен айтқыш еді-ау Жәкең...»

Атыңнан айналайын Ақ Жайықты егіз еміп, екі жағалауын ен жайлаған елдің байырғы тұрғындары Жақия Исатаев деген есімді естісе, елең етері сөзсіз. Көкейден шыққан лебізі көпке жетіп, айтқандары ауыздан-ауызға тарап кеткен қос майданның ардагері, атқарған ісін алты Алашты қойып, кезінде бүкіл одақ бағалаған баһадүр ағаның туғанына биыл ғасыр толды. Өз елінде аты аңызға айналған іскер басшы туралы айтылмады, жазылмады демейміз. Төл перзенті, кітапхана ісінің ардагері Роза Жақияқызы ардақты әке туралы естеліктер жинағын да (90 жылдығына) шығарды. 

InShot_20220926_092839471

Дегенмен желкілдеп өсіп келе жатқан құрақтай жас ұрпаққа үлгі, ұлағат болардай ғұмыр кешкен Жақия Исатаевты мезгіл-мезгіл еске алып тұрудың еш артықтығы жоқ-ау. Осы  ниетпен Жәкеңмен ширек ғасырға жуық қанаттас жұмыс жасап, қамқорлығын сезініп, өзі де ел басқаруға жетіскен, көзін көрген қария Науқан Есеналиевпен болған сұхбатты қалың оқырманға, әсіресе жас қауым үшін ұсынғанды жөн көрдім. Ал ғасыр тойын лайықты атап өту – еліне сын.

Абыз. Қалың ел кез келген қартқа қия бермейтін осы бір атақты алмағайып ғасырдың алау көңіл жастары қалай түсінеді екен? Біздіңше, бұлай деп өткен өмірі өнеге, көрген-түйгені көп, аузына ел қараған, айтқан лебізі лезде қанатты сөзге айналып жүре беретін, кеудесі кеніш қарияны атаса керек.  Ол қара басын ғана ойламай, «Ел қамын жеген Едіге» болса, қане! Белгілі ақынның бір шумақ өлеңі ойға оралып отыр: «Шыға алмайтын күйбеңдеп отбасынан, Шал-шауқанда шаруам жоқ шөп тасыған. Ел қамын жеген қарттың ескерткішін, Қояр ем Самарқанның көк тасынан» дейді ақын. Тарихы терең, тағдыры толқымалы Тайпақ өңірі – талай тарланды тудырған өлке, жайсаңдар мен марғасқалардың мекені. Әріге бармай-ақ Кеңестік кезеңнен қайырсақ, желтоқсанның жебесі атанған жыр Жұбанның кіндік қаны тамған аймақ. Уа, жалған дүние десеңізші, бір кезде төскейіне мыңғырған малы сыймаған маңғаз өлкенің әлеуетін әлем таныған күндері өтіпті-ау! «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл кеңшарында өндірілген терілер алтынға баланып, Сингапур мен Малайзияның маңдайалды көрмелерінде керіліп тұрған кездер-ай! Тікелей Мәскеуге ғана бағынатын бай кеңшардың атағы Кеңес кеңістігін қойып, әлем аралап кете барған. Ал осының бәрі оп-оңай келе салған даңқ дәреже ме еді? Бұл – мыңдаған еңбеккердің маңдай тері еді.

Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің 113 нөмірінен оқи аласыздар.

Науқан қарияның әңгімесін тыңдаған

Сағынтай Бисенғалиев,

ақын-жыршы,

Ақжайық ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале