16.05.2022, 9:00
Оқылды: 1031

Алтынның тот баспайтын сынығы еді...

Қоғамды жегі құрттай іштен ірітетін жемқорлықтың әлі де айылын жимауы сананы сансыратады. Бұл жағдай өзге дамушы елдердегідей жас мемлекетіміздегі «пайда ойламай, ар ойлайтын» мемлекетшіл тұлғалардың аздығынан орын алып отырғандай көрінеді. Келмеске кеткен кеңестік заманды анау-мынау деп қанша жерден сөккенімізбен, қарақан басының емес халықтың қамын жеген, елдікті ойлаған, адал қызмет еткен аяулы жандар аз болмады. Өмір бар жерде өлім бар десек те, мына фәниден дәм-тұзы таусылып, бақиға көшкен кей пенденің көркем мінез-құлқы, игі істері, ел-жұртына жасаған жақсы амалдары өлмей, аңызға бергісіз болып соңында қалады екен. Сондай ұлағатты тұлғалардың бірі – бір өзі бір дәуірдің жүгін арқалаған, бұрынғы Тайпақ ауданындағы Мәскеуге тікелей бағынған «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл қой совхозын 30 жылдан аса уақыт басқарған Жақия Исатаев. 

IMG-20220516-WA0003

Марқұмның іскерлігі, білім-біліктілігі,  парасаттылығы және басқа да асыл қасиеттері жайлы ел есіндегі әңгімелер абзал азаматтың өр бейнесін өшпес естелік-ескерткішке айналдырды. Соғыс және еңбек ардагері ағамыз тірі болғанда биыл 100-ге толар еді. Халық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері мен медальдармен марапатталған.

Жарықтық Жақия ағаның атакүлдігі бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданы еді. Орта мектепті бітіріп, қой бағып жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Сталинград шайқасына қатысып, қанды қырғында сол аяғын оқ талқандап, ауыр жараланады. Соғыстан мүгедек болып оралған майдангер «Шымқорған» қаракөл қой совхозында есепші, ферма меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарады. Жиырма сегіз жастағы жігітті Мәскеудегі КСРО совхоздар министрлігі жанындағы екі жылдық совхоз директорларын даярлайтын мектепке оқуға жолдайды. Оқуды бітірген жас маман  1952 жылы «Тайпақ» совхозына директор болып тағайындалады. Шаруашылықтың шаруасы шалқып тұрғаны шамалы еді. Құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде 18 директор ауысыпты. 1952 жылы 14 мың қой шығын болыпты.  Орда бұзар отызында осындай совхозға басшылыққа келген Ж.Исатаев қой санын 20 мыңнан 70 мыңға жеткізіп, асыл тұқымды шаруашылыққа айналдырыпты. Тыңдап отырсаңыз ертегі секілді.

«Төрдегі төресі емес, қамқор әке, жанашыр жақын секілді көрінетін»

 – Жәкең директор болған кезде одақ бойынша қаракөл елтірісін өндіретін шаруашылықтардың басын қосатын трест құрылды. Халықаралық сауда нарығында алтынға бағаланатын өнімді мол өндіру, елтірі сапасын жақсарту, жаңа элиталық тұқым сұрыптарын шығару жоспарланды. Жас директор трест басшылығына сұраныс жасап, Атырау облысындағы «Бақсай» совхозының бір фермасын қаракөл қойымен көшіріп алды. Мал басын асылдандыруға мамандарды, жергілікті халықты жұмылдырды. Өзі бас болып жоспарлы жұмыс жүргізді. Сондай еңбектің нәтижесінде одаққа әйгілі сұр түсті қой өсіретін асыл тұқымды шаруашылыққа айналды. Мұндай елтірі түрі «Тайпақ түрі» деп аталды. Әлі есімде, 1975 жылы Самарқанд қаласында қаракөл елтірісі мәселелерін қаузаған ІІІ дүниежүзілік симпозиум өтті. Жеті күндік симпозиумға Орал облысынан Жақия Исатаев («Тайпақ» асыл тұқымды қой совхозының директоры), Нұртас Құспанов («Зауральный» совхозының зоотехнигі) үшеуміз (мен ол кезде Тайпақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы едім)  қатыстық. Жиынға 28 мемлекеттен қаракөл мамандары, ғалымдар, кеңшарлардың, құрылымдардың басшылары келді. Баяндамашылар өз елдеріндегі жетістіктер  туралы айтты. Осы іс-шара аясында қаракөл терісінен жасалатын өнімдер көрмесіне «Тайпақ» ұжымының бірнеше сұрыпты елтірісі қойылды. Әр елден тірілей асыл тұқымды қаракөл қойлары, қошқарлары әкелінді. Соның ішінде Тайпақтан 4-5 аналық, аталық мал болды. Секциялық жұмыстардың бірінде ағамыз кеңшардың елтірі өндіру, оның сапасын арттыру жөніндегі тәжірибесін ортаға салды. Халықаралық жиын аяқталғаннан кейін Жәкең өзінің туған жеріне, ауылына бірге баруға шақырды. Өзбекстан құрамындағы Жизақ облысының Фариш ауданындағы «Шымқорған» совхозының директоры Бәйдет есімді азамат Жәкеңнің туысқан інісі екен. Ағамыздың абырой-беделі тек Ақ Жайық өңірінде емес, өз ауылында да күшті екен.  Тума-туыстары атқарылған және алдағы шаруа жайын сөз етті. Ру сұрасып, қазақы әңгіменің тиегін ағыттық. Арақ ішу, келеңсіз көріністер көзімізге түспеді. Жәкеңнің ауылында, өскен ортасында болған екі күнде ағамыздың бойындағы адами асыл қасиеттер бастауларының туған топырағынан тамыр тартқанына көзім жетті.

Ағамен жұмыстас болған 30 жылға жуық уақыт ішінде үлкен адамгершілік мектебінен өттім деп айта аламын.  Ол кісі халықпен, жұмысшылармен тығыз байланыста болды. Жұмысшылардың, малшы-шопандардың отбасы мүшелеріне дейін түстеп танитын, аты-жөндерін жатқа білетін. Шопандарды аралағанда шиборбай балалардың әрқайсының атын атап шақырып, қалтасынан кәмпит алып беретін. Мал соңындағы ағайынның отбасыларында кем дегенде 5-10 шақты ұл-қыз болатын. Сонда шаруашылықтың дөкей директоры, төрдегі төресі емес, қамқор әке, жанашыр жақын секілді көрінетін, – деп қимас сезіммен еске алады зейнеткер, бұрынғы Тайпақ ауданында ұзақ жыл басшы қызметте болған Ғазиз Хаймулдин.

«Мынау пәлен рудың ауылы, анау түгеннің түгеншесінің қыстауы»...

Ақын Жұбан Молдағалиев туған жері Тайпаққа сапарынан жазған бір очеркінде: «Жақияның сөзді «белінен басып», «сірісін» жапырып сөйлемейтінін, қайта әңгімешіл, мақалшыл, сайқымазақ би жігіт екенін бір көргенде-ақ байқағам. Сол Жақия қазір ұзақ жолдың үстінде ескі ауылдардың, баяғыдағы құлаған қыстаулардың қаншама жұрты кездессе, соның бәрін біліп отыр. «Мынау пәлен рудың ауылы, анау түгеннің түгеншесінің қыстауы» деп, күллісін тегіс көрсетіп келеді. Бұдан отыз-қырық жыл бұрынғы қоныстарды кезінде өз көзімен көрген кісі деуге Жақияның өзі қырыққа жаңа жеткен және  бұл маңайдікі де емес», – деп жазған еді.

IMG-20220516-WA0001

Расында, Ақ Жайық өңіріне жігіт шағында келіп, абыз ақсақалға айналған Жақия Исатайұлының жер-судың, өңірдің тарихын көкірегіне түйген шежіреші болғаны, дәстүрге беріктігі тектілігінің белгісіндей еді. Жақия аға Оразгелді – Бұғышы атасының шежіресін жазып, өз ұрпағына, ағайын-туғандарына мұра қып таратыпты.

Жақия ағамыздың тапқырлығына мысал көп. Соның бірін айта кетелік. Бірде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы шаруашылықтардағы етке тапсыру үшін семіртіліп жатқан өгіздердің жай-күйін көруге келеді. Таңертең келсе керек. Барлық малдың жамбасы ластанып тұрғанын көрген уәкіл бір ескерту жасауды мәртебе көреді. «Мына өгіздердің жамбастары неге лас?» – деп шүйлігеді. Сол кезде Жақия ағамыз: «Ей, тәйірі, ол өгіздер ауданнан уәкіл келетінін қайдан білсін» деген көрінеді.

Жәкеңді білетіндер қандай ма қиын жағдайда болмасын, оның ешкімді соттатпағанын айтады. Терісі кең кісі ғой деседі. Мына оқиға соған дәлел. Қаби деген шопан бір отар қоймен жайлауға көшіп бара жатады. Жолда қойды күйектен өткізетін пункт кездеседі. Екі қақпасын тарс бекітіп, терезесі әйнек қораға 850 қойды қамап, өзі есік алдына жатыпты. Таңертең тұрса, отар қой тұншығып, қырылып қалыпты. Ол кезде қоғам малын аман сақтау мәселесіне заң қатты қарайды. Атырау жағында санақ кезінде бір атақты шопанның отарынан екі қозы артық шықса керек. Сонда «Өзімнің қозымды совхоз қойына қосқанмын» деген шопанды бір жылға соттап жіберіпті. Отар қойды қырып алып, жылап-еңіреген шопанды директор жұбатып: «Елміз ғой, бір қора қойды толтырармыз», – депті. Жәкең айтқанына тұрып, шаруашылықтағы басқа шопандарға айтып, Қаби шопанға екі қойдан жылу жинап беріпті.

Заманынан озық туған оғлан 

Исатайдың Жақиясымен қызметтес болған әріптестері оның шаруашылықтың қыр-сырын, жердің жағдайын, адам психологиясын жетік білгендігін айтады. Совхоздағы малды асылдандыру жұмыстары ғылыми тұрғыдан жүргізіліп, жоғары табыстарға қол жеткен.  «Тайпақтың» алтын, күміс түсті сұр қаракөл елтірісі  халықаралық аукциондарда жүлделі орындарға ие болған. Шаруашылықта қоймен бірге 5-6 табын ірі қара, 4 мыңдай жылқы, 300 қаралы түйе де өсірілген-ді. Одан бөлек Исатаев «атақты шопандар армиясын» даярлап шығарған. Шопандар еңбегінің бағаланғаны осы кісі тұсында еді. Аға шопан Бақтыгерей Мұқсимов 28 жасында Социалистік Еңбек Ері атанды. Ағайынды Қамешевтер, Нұх Бисенов, Үміт Халықова,  Ғалымжан Төлегенов, Құрлымбай Меңдібаев, Бейсембай Шымыров және басқалары  медаль, ордендермен марапатталды. «Арай», «Құралай» жас шопандар бригадаларын құрып, жас толқынды еңбекке баулыды. Жастарды оқу орындарына жолдамамен жіберді. Ол кісі шаруаны жақсы білетін. Жайылымдардағы су тапшылығын болдырмау үшін қауыздар қаздырған. Совхоз малына бір жазда машинамен су тасуға жұмсалатын шығынның орнына әлденеше қауыз қаздыруға болатынын іс жүзінде дәлелдеген. 1978 жылы Тайпақ ауылында топтық су құбырының тартылуына, ол судың үш ферманың орталықтарына, шопандардың қыстақтарына жеткізілуіне мұрындық болған. Жәкең басшылық еткен жылдары қыстақтарға түгелдей электр желісі тартылыпты. Жазы ыстық, қысы суық, шөлейт аймақтағы совхозда малды қыстату, оны өз төлі есебінен көбейтіп отыру оңай болмаған еді.  Шаруашылықтың Дүйімбай құмындағы Алтыат жайлауында  дүкен, клуб салдырып, шопандарды ерте көктемде сонда көшіріп, қойды сонда төлдетеді екен. Совхоз орталығында мектеп, балабақша, машина-трактор шеберханасы, гараж секілді басқа да құрылыстар салдырған. Талқұдық, Қуқұлақ деген жерлерге қарабидай егіп, Қалдыбайда жүгері өсіріп, өнім жинаған, бордақы  малға құрама жем дайындалған. Осының барлығы оның елге болсын деген ниетінен, арының тазалығынан, елге титтей де болсын жақсылық жасауға қарекет жасағандығының дәлеліндей көрінеді.

*   *   *

– Жәкеңнің 70 жасқа толған тойында болғаным бар. Сонда асаба той иесінен өмірдегі екі қуанышыңызды айтыңызшы деп сұрады. Ақсақал сәл ойланып барып, салмақты қоңыр даусымен жиырмаға толар толмас жасында соғысқа қатысып, қанды қасаптан мүгедек болып оралғанын айтты. «Фашистік аламаттан құтқарған Жеңіс күнін бір қуанышым десем. Кемпірім Қызылгүл екеуміз қазаққа он азамат қостық. Халқымызды он адамға көбейттік. Бұл  – менің екінші қуанышым!» дегенде жиналған жұрт ду етіп қол соқты, –  деп сол бір шуақты сәтті есіне алды әріптесім Есенжол Қыстаубаев.

IMG-20220516-WA0002

Жақия ағамыз жауапты қызметте жүрсе де, бала тәрбиесіне қатты мән берген. Балаларына «Кімнің баласысың деп сұрағандарға директордың баласымын демеңдер, Жақияның баласымын деп айтыңдар» деп үйретеді екен. «Бірде қарындасым Күләш екеуміз әкемізбен Оралға қыдырып барғанбыз. «Балалар әлемі» деген дүкенге кіргенімізде қарындасым үлкен қуыршақты көріп, соны айналшықтап қасынан шықпай қойды.  Дүкеннен кетерде қуыршақты қимай әрең шықты. Осының барлығын көріп тұрған көкем қуыршақты сатып алды. Бірақ оның сатып алғанын Күләш көрмей қалды. Ауылға қараңғы түсе жеттік, көлікте ұйықтап қалыппыз. Ертесіне таңертең  Күләш ұйқыдан оянғанда қасында жатқан үлкен қуыршақты көріп, таңғалды әрі қатты қуанды. Сонда көкем: «Мынау кеше сен ұнатқан қуыршақ қой. Сенен қалмай ауылға келді», – деп еді. Әкеміз балаларына тосынсый жасағанды ұнататын», – деп балалық шағындағы бір эпизодты есіне алды Жәкеңнің ұлы Әлмұқан.

IMG-20220516-WA0004

2007 жылы 23 наурызда Ақ Жайықтың абыз ақсақалы Жақия Исатайұлы 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ағамыздың 51 жыл отасқан асыл жары Қызылгүл апа 1993 жылы қайтыс болды. Содан бергі 14 жыл бойы ел-жұртқа сыйлы қарияның қас-қабағына қызы Роза қарап, ол ғұмырын, көрер қызығын әке жолына арнады. Қартайған шағында әкесін   балаша мәпелеп, ата-ана алдындағы перзенттік борышын адал атқарды. Осының өзі-ақ Жәкеңнің қызметте жақсы басшы болуымен қатар өмірде бала қызығын көрген салиқалы әке болғанын, текке өмір сүрмегенін көрсетеді.

Иә, Исатайдың Жақиясы саналы ғұмырында адамдықты, адалдықты ту етіп, ар-ожданын таза ұстап өтті. Оның ұл-қыздары, олардан өрбіген ұрпағы, бұрынғы Тайпақ деген ауданның тұрғындары да абзал азаматтың өнегелі болмысын елге әлі күнге үлгі етеді. Қатары сиреп бар жатқан замандастары оны «Алтынның тот баспайтын сынығы еді...» деп сағынады. Ақын, жазушы, көсемсөз шебері Баубек Бұлқышевтің «Адам дүниеге тек қана келіп, әншейін ғана аттана бермейді, ол артына ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» деген  ой-пікірі Жақия Исатайұлына қарата айтылғандай болады да тұрады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале