11.03.2020, 20:46
Оқылды: 1445

«Бақытты отбасы»: құжат қабылдау басталды

Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Шайхиевтің айтуынша, 12-20 наурыз күндері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрғандардан құжат қабылдау басталды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының бір тармағы – «Бақытты отбасы» ауқымында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» азаматтарға үй алу үшін жылдық 2% займ мөлшерлемесімен несие береді. Төлем уақыты – 20 жылға дейін. 

IMG-20200311-WA0167

Бағдарламаға көп балалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған азаматтар және толық емес отбасылар қатыса алады. Оларға қойылатын талап – жергілікті атқарушы органның үй кезегінде тұруы және өтінім иесінің жекеменшік баспанасы болмауы тиіс. Толық емес отбасы санаты бойынша кезекте тұрған адам некенің бұзылғанына үш жыл толғаны жөнінде анықтама алып келеді. «Бақытты отбасы» арқылы үй алуға үмітті тұрғындар қалалық тұрғын үй испекциясы бөлімі арқылы жолдама алады. Одан әрмен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» құжаттар тапсырады. Былтыр «Бақытты отбасы» бойынша Орал қаласында 161 отбасы баспана тапты. Қалалық әкімдік есебі бойынша үй кезегінде 20 мыңға жуық адам тұр. Бағдарлама талабына сәйкес үш санат бойынша Оралда 5600-дей отбасы белгіленген мерзім ішінде жолдама алуға құжат тапсыра алады.

Жолдама алған үміткерлердің төлем қабілетін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалы растаған соң, баспана таңдауға үш ай уақыт беріледі. Қаражат мөлшері жеткілікті болса, жаңадан салынған үйлерден пәтер алуға болады. Таңдауы бойынша қолданыстағы пәтерді немесе жеке үйді сатып алуға мүмкіндік бар. Батыс Қазақстан облысы бойынша банк тарапынан 10 миллион теңгеге дейін займ беріледі. Салымшы үйдің бағасына орай 10 пайыз жарнасын алдын ала жинап қоюы тиіс.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Калишановтың айтуынша, былтыр басталған бағдарлама ауқымында БҚО бойынша 190-нан астам отбасы үй алған. Қазіргі уақытта 19 отбасы үй іздеп жатыр.
Бұл бағдарламаның өзіндік ерекшеліктері бар. Үміткерлерге кезек тәртібіне қарамастан, жолдама беріледі. Ең бастысы, төлем қабілетін банк қуаттаса болды. Мәселен, құжат тапсырған адамның несие тарихының жақсы болуы өтінімнің тез қабылдануына оң ықпал етеді. Тұрғын үй саласындағы басқа бағдарламаларға қарағанда, баспана алуға 2-ақ пайызбен несие беретін «Бақытты отбасы» ғана. Соңғы 6 айдағы табыс мөлшері отбасының әр мүшесіне шаққанда, 62 366 теңгеден аспауы тиіс. Бұл тұрғыда былтыр банк қойған талап деңгейі 42 мың теңге төңірегінде болды.
Орал қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Ерлан Шайхиев былтырдан бері көтерілген мәселе шешімін тапқанын айтты. 2020 жылы бағдарлама бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» несие алуға қол жеткізген отбасылардың кейбіріне тұрғын үй сертификаты беріледі. Сертификат негізінде несие жарнасының жартысына тең қайтарымсыз қаржы құйылады. Мемлекет көмегі бірінші деңгейлі нысандардан, яғни жаңа үйлерден пәтер алатындарға арналған. Қала бойынша тұрғын үй сертификатын беруге бюджеттен 52 миллион теңге бөлінген.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале