29.03.2024, 10:30
Оқылды: 46

Биыл қалалық прокуратура сегіз кәсіпкердің құқығын қорғаған

Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасында Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімов кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдады.

фото М Салық

Өзін «ИлиясГрупп» ЖШС-ның өкілімін деп таныстырған Алик Кубиев серіктестікте сүтті бағыттағы ірі қара өсіретіндерін, суармалы егістіктері бар екенін айтты. Кәсіпкер агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру бағдарламасына қатысты ұсынысын айтты. «Қуаты 400 бастан басталатын жаңа сүт-тауарлы фермаларын құру немесе жұмыс істеп тұрған жобаларды кеңейту үшін несие беріледі. Оның сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Шаруа жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті кепілге қоюы тиіс. Бірақ, менің айтайын дегенім, осынша бас малды өсіргенмен, олардың сүтін өткізетін жер жоқ. Мәселен, біздің шаруашылық симментал тұқымды мал өсіріп келеді. Біз жазда сүт қабылдайтын компаниямен келісімшартқа отырдық. Күн сайын бір тонна сүт тапсырдық. Тіпті сенбі-жексенбіде де сүт қабылдады. Алайда артық сүтті далаға төккен күніміз де болды. Ал 400 сиырдан тәулігіне 12 тонна сүт алынады деген сөз. Бірақ бір күнде бұл сүтті қажетке жарату мүмкін емес. Себебі Оралда осынша мөлшердегі сүтті өңдеп, тауар өндіретін жер жоқ. Сондықтан сүтті мал өсіретін ферманы дамыту үшін жеңілдікпен берілетін несиені неге төртке бөліп, яғни 100 басқа бермейді? Не болмаса, 50 немесе 100 бас мал өсіретін шаруаларға берген жөн деп есептеймін. Сондықтан жеңілдікпен берілетін несие бағдарламасына өзгеріс енгізуді ұсынамын. Қуаты 400 бастан басталатын жаңа сүт-тауарлы фермаларына арналған несие үлкен қалалардағы ірі аграрилерге арналған. Біздің қосымша 50 әлде 100 мал алып, сүт өңдейтін шағын зауыт ашқымыз келеді. Ондай зауыт Қостанайда бар және төрт түрлі сүт өнімін өндіреді», – деді А. Кубиев. Қалалық прокурор Мейірхан Ізімов: «Біз ҚР Бас прокуратурасына тиісті хат жолдаймыз. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру бағдарламасын қайта қарау жөнінде ұсыныс айтамыз. Олар бізді қолдайды деген үміттемін. Кәсіпкерлік кодексінің негізгі принципі – бәсекелестікті қорғау. Сондықтан бағдарлама ережесінің қайта қаралуына бар күшімізді саламыз», – деді прокурор. Кездесуге шақырылған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Қайыржан Өмірәлиев бұл салада шаруаларға берілетін несие және субсидиялар жөнінде ақпарат берді.

«Атамекен» БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Светлана Хисаметдинова, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Халелов бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондардың иесі – «РИА МИР» ЖШС-ның өкілі Наталья Погорелова да прокурорға жүгінді. Кәсіпкер саябақтағы жерді жалға алып отыр. «Аттракциондардың техникалық қауіпсіздік ережесіне сәйкес оларға азаматтардың кейбір санаттарына отыруға тыйым салынған. Аттракционды жасаған зауыттың талабы бойынша психикалық ауытқушылығы және психикалық ауруы, жүрегінің дімкәсі бар адамдарға отыруға рұқсат етілмейді. Бізде «Лесной экспресс» деген аттракцион бар. Көтеріліп, түсіп, бұрылып, тез қозғалатын аттракционның дауысы да қатты шығады. Онда аутизммен ауыратын балаларға да отыруға болмайды. Былтыр бір ана аутизммен ауыратын қызын осы аттракционға отырғызбақшы болды. Алайда біз рұқсат етпедік. Баланың анасы «Баламның құқығын бұзды» деп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа шағымданды. Сот ешкімнің құқығы шектелмеуі қажеттігін айтып, ананың пайдасына шешім шығарды. Соған сәйкес 500 мың теңге көлемінде бала мен ананың моральдық шығынын өтедік. Сот аттракциондар паркінің ережелерін заңнамаға сәйкестендіру қажет екенін айтты. Аттракциондардың техникалық қауіпсіздігі жазылған стандартты нормативтік-құқықтық акті емес деді. Яғни сот баланың құқығын қорғайтын заңға сүйеніп шешім шығарды. Ал мен бұл жерде баланың құқығын ғана емес, қауіпсіздігін де назарға алу қажет екенін айтқым келеді. Себебі бала аттракционға отырғаннан кейін бір жағдайға ұшыраса, кәсіпкер жауап береді. Ендеше қолда бар заңнамалар мен стандарттарды оңтайлы қалай пайдалануға болады? Бұл мәселенің шешімі қандай? Басқа адамдардың да сотқа осындай шағым түсірмесіне кім кепіл?» - деді кәсіпкер.

Прокурор осы айдың соңына дейін бұл мәселені қарап, қандай да бір шешімін табуға тырысатындарын айтты.

«Ерсайын» ШҚ жетекшісі Назгүл Жұмағұлова қалалық білім беру бөлімі өткізген мемлекеттік сатып алу рәсімінің заңдылығына қатысты сұрақ қойды. Прокурор М. Ізімов кәсіпкердің қорғаушысымен кездесіп, мәселемен терең таныспақ. «ТАН» ЖШС-ның директоры Виктор Ивановский 5 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйге су жеткізудің техникалық шарттарын түзетуге қатысты көмек сұрады. Прокурор алдымен құжаттарымен танысатынын, кейін тиісті көмек берілетінін жеткізді.

– Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау және заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету – прокуратура құрылымдары қызметінің басты бағыттарының бірі. Осыған байланысты Орал қаласының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, бизнес субъектілерінің қызмет көрсетуі кезінде кездесетін әкімшілік кедергілерді анықтау және жою үшін барлық тиісті шараны қабылдауда. Бұдан басқа, прокуратура жанында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және Орал қаласының аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі мобильді топ жұмыс істейді. Прокуратура құрылымдары қала кәсіпкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізеді, – деді прокурор Мейірхан Ерболатұлы. Айта кету керек, 2024 жылдың өткен кезеңінде қалалық прокуратура 8 кәсіпкердің құқығын қорғаған.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале