19.11.2019, 19:24
Оқылды: 257

БҚО әкімі Ғали Есқалиев міндетті МӘМС жайында түсіндіру жұмысын ширатуды тапсырды

2020 жылдың 1 қаңтарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Соған байланысты Орал қалалық көп бейінді қалалық ауруханада өткен жиында облысымыздағы медициналық ұйымдардың дайындық мәселесі талқыланды. Оған облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали, денсаулық сақтау мекемелерінің жетекшілері қатысты.

akim med (9)

– Медициналық сақтандырудың тиімділігі жайында әр тұрғынға түсіндіруге тиіспіз. Мемлекеттік тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі арқасында қымбатқа бағаланатын медициналық қызметтер мен тексерулер қолжетімді болады. денсаулық сақтау саласының мамандары мен мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың дайындығы маңызды рөл атқарады. Президент тапсырмасына сәйкес халыққа түсіндіру жұмысын ширату керек, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

akim med (4)

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали салаға қатысты бірқатар мәселені тарқатып айтты. Өңірімізде 1701 дәрігер, 6308 орта медициналық қызметкер бар. Биылғы он айда облысқа 105 жас маман келген. Оның ішінде 53 маман ауылдардағы медициналық ұйымдарда қызметке тұрған. Қазіргі уақытта жалпы тәжірибедегі дәрігер, хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог, кардиолог, невропотолог мамандықтары бойынша жоғары білімді 284 маман жетіспейді.

akim med (6)

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында облыстағы 51 медициналық ұйыммен медициналық сақтандыру қоры 34,8 млрд. теңгеге келісімшарт жасасқан. МӘМС жүзеге асыру медициналық ақпараттандыру жүйесін дамыту басты назарға алынған. Қазіргі уақытта 36 мемлекеттік медициналық ұйым «KazMed»жүйесіне, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы «АДИС» бағдарламалық кешеніне қосылған.

akim med (7)

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыстану үшін кең жолақты интернет желісі қажет. Облыстағы 386 медициналық ұйымның 120-сы интернет желісіне қосылмаған. 62 мекеме Beeline модемін, 61 мекеме 4G жиіліктегі ALTEL желісін пайдалануда. Мемлекеттік-жекемншік әріптестік аясында компаниялар спутникалық антеннаны пайдалануды ұсынды. Бірақ бұл мәселе қаржыға келіп тіреледі. Ал ауылдарда интернет болмауына байланысты мамандарымыз аудан орталықтарына сабылуына тура келеді, - деді Нұрданат Беркінғали.

«ӘМСҚ» КеАҚ БҚОФ-НЫҢ директоры Нұржамал Жұмағұлова нормативтік-құқықтық база әзірлеу, тарифтік саясат, медициналық қызметті сатып алу, мамандар даярлау, ақпараттық жүйелерді дамыту қарқынды жүргізіліп жатқанын хабарлады.

– Бұқаралақ ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, медициналық сақтандыру жарнасын төлеу қажеттігін кеңінен түсіндіру қажет. Оның ішінде жұмыс берушілермен түсінік жұмысы жүргізілуі тиіс. Олар жұмыскерлері есебіне жарнаны уақтылы аударып отыруын білуі керек. Кез келген тұрғын тікелей байланыс жүйесі, сайттар арқылы МӘМС артықшылығы туралы дер кезінде ақпарат ала білуі керек. Интернетсіз отырған ауыл тұрғындары медицина саласындағы мемлекеттік кепілдендірілген көмек жайында құлағдар болуына жағдай жасаңдар, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұртай Текебаев

сурет Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале