5.03.2024, 10:31
Оқылды: 24

БҚО-да 350 борышкер әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Мәжбүрлеп орындату – әділет құрылымдары үшін ең маңызды әрі күрделі міндет. Осы бағытта ҚР Даму жоспарының мақсатты индикаторларына қол жеткізу, ҚР Әділет министрлігінің тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды. Негізгі мақсат – атқарушылық іс жүргізу саласында жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының алдын алу, оған жол бермеу.

judge-3665164_1280

Фото: pixabay.com

Есептік кезеңде сот орындаушыларының өндірісінде 279 792 атқарушылық іс жүргізу құжаты орындауда болды. Істер саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артқан. Оның ішінде 150 679 атқару құжаты өндірісте аяқталды. Бұл аяқталған құжаттың 54,0%-ын құрайды.

Сот актілерін орындаудан қасақана жалтару ҚР Қылмыстық немесе әкімшілік заңнамаларына сәйкес жауапкершілікке тартуға себеп болады. Бұл салада полиция, прокуратура құрылымдарымен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері сот орындаушылары қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін сотқа дейінгі тергеп тексеру құрылымдарына, ҚР ҚК-ның 139, 430-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне 64 материал тіркеп, 1 іс сотқа жолданып, айыптау үкімі қабылданды.

Есептік кезеңде сот актілерін орындамағаны үшін 350 борышкер әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 102 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды, 218 борышкер әкімшілік қамаққа алынды. Әкімшілік жауапқа тартылғандар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 40,6%-ға (101 іс) көбейді. Бүгінгі біздің қоғамда алимент төлемдерін өндіру атқарушылық іс жүргізу саласында ең проблемалы сала болып отыр.

Есептік кезеңде сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру бойынша 12812 атқарушылық іс жүргізу құжаты болды. Оның 2123-і аяқталды. Толық орындалғаны – 255 құжат. Қалдықта 10876 құжат болса, оның 7495-і кезеңдік орындау үстінде. 3004 борышкер ағымдағы алимент төлемдерін өз еріктерімен төлеуде. Проблемалық борышкерлер саны – 377.

Алимент төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке – 213, қылмыстық жауапкершілікке 1 борышкер тартылды. Алименттерді өндіру мақсатында сот орындаушылары атқарушылық іс жүргізудің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында заңмен белгіленген банктік есепшоттарын бұғаттау, жыл­жымалы, жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу, ҚР аумағынан шығуды, арнайы лицензиялар, құқықтарды шектеу және т. б. мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Жұмыссыз борышкерлерге жұмысқа орналасу туралы хабарлама беріліп, жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жолдама табысталады. Жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Есептік кезеңде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 193 борышкер жұмысқа орналастырылды, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 75-ке немесе 63,5%-ға жақсарды.

Сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына мәжбүрлеп өндіру туралы 62 269 атқарушылық іс болды. Оның ішінде 33624 құжат немесе жалпы санының 54,0%-ы орындалды. Айыппұлдарды өндіруді қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау құрылымдарымен «Борышкер» акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрық қабылданып, жоспар бекітілді. Бұл акция аясында әкімшілік айыппұлдарды төлеуден қасақана жал­тарған азаматтар анықталып, тиісті мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Осы ретте, әкімшілік, салық берешектері, жол жүру ережелерін бұзу, т. с. с. әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл салынған азаматтарға өз міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырамыз.

Егер сізге қатысты қаулылар сот орындаушыға мәжбүрлеп өндіруге жолданған жағдайда, заңға сәйкес жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлейтінін ескертеміз. Жеке сот орындаушының қыз­мет ақысы өндірілген сомаға байланысты 3%-дан 25% аралығында белгіленген. Өзіңізге қатысты атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметті ашық интернет көзінде орналасқан борышкерлердің бірыңғай тізілімінен, «Еgov» порталынан немесе «Kaspi.kz» мобильді қосымшасынан біле аласыз.

Мәжбүрлеп орындату саласындағы жаңалықтарға тоқталсақ, жеке сот орындаушылар институты жыл сайын даму үстінде. Жылма-жыл құзыреттері кеңей­тіліп, жауапкершіліктері күшеюде. Сот орындаушылардың жұмысын аутоматтандыру үрдісі жалғасуда. Атқарушылық іс жүргізу құрылымдарының аутоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда. Яғни смартфонның «Play market» немесе «App Store» бағдарламасы арқылы жүктеу қолжетімді болмақ. Бұл азаматтардың өздеріне қатысты атқару өндірістері туралы ақпарат немесе сот орындаушы салған тыйымдар мен бұғаттауларды тез арада анықтауға, ҚР аумағынан шығуға немесе т. б. тыйымдарды көруге, берешек сомасын жедел төлем жасауға ықпал етеді. Биылғы қаңтар айынан бастап Қазақстанда робот сот орындаушы пилоттық жобасы іске қосылды.

Құқықтық мемлекетте заңды сыйлау, заңға бағыну негізгі ұстанымдар екенін ескерсек, қоғамда заң үстемдігі де жүзеге асатыны сөзсіз. Ол үшін қоғам алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындап жүрсек жеткілікті. Дегенмен аталған жұмыстардың барлығы мәжбүрлеп орындату саласында азаматтардың уақыты мен қаржысын мейлінше үнемдеуге бағытталуда.

Естай Рашқалиев,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале