17.09.2021, 9:28
Оқылды: 100

«Бөкей ордасының бағын ашқан – тәуелсіздік», - дейді егемендіктің елең-алаңында ел басқарған Л.Р.Хайретдинов

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ тағы» деген қазақ поэзиясының патриархы Қадыр Мырза Әлидің екі шумақ өлеңі ел аузында жүр. Бұл жалпы ұлт тарихына қатысты айтылған ақиқаттың жыр жолына айналған түрі болса, елдікті орнықтыруда Бөкей хандығының құрылуы мен қалыптасуы да осы қалың тарихтың сүбелі бір бөлігін құрайтыны хақ.

Гәп мынада. Қызыл қанға малынған идеология:
Кеңес үкіметі Қазақстанда тұңғыш рет Ордада орнады деген жадағай ақпаратты 70 жылға жуық уақыт бойы желпілдетіп келді. Ал осы кеңестік билік түгін тартса, майы шыққан қасиетті Нарын өңіріне не берді?  Несімен жарылқады? Бұл сауалдарға ешкім жауап тауып айта алмайды. Керісінше, кеңестік кезеңде мемлекеттіліктің барлық нышандары болған шұрайлы өлке  ядролық сынақтардың алаңына айналды. Оның зардабы әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Тек тәуелсіздіктің іргетасы қаланған тұста ғана ежелгі Бөкей хандығын қоныстанған ел-жұрттың өз қолдары өз ауыздарына жете бастаған еді. Егемендіктің алғашқы бесжылдық белесінде Орда ауданының әкімі болып тағайындалған Л.Р.Хайретдиновпен әңгімеміз елдік пен дербес мемлекеттілікке қол жеткізу жолындағы осындай өрелі ой-пікірлерден бастау алған еді.

1

Лавр Рашидұлы, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін қалай түсініп, қалай бағалар едіңіз? Қайтарған жауабыңызды Нарын өңірімен байланыстыра айтып бере алсаңыз, нұр үстіне нұр...

– «Аман елдің аты шығады» демейме дана халқымыз. Бүгінгі күні тәуелсіздігіміздің топшысы беки түскен кезде тоталитарлық режім қыспағынан аман шыққанымызға шүкіршілік етуіміздің де әбден жөні бар. Шынтуайтына келгенде, кеңестік саясат пен идеологияның үстемдік құрып тұрған кезінде шынайы шежіреміз бен терең тарихымыз қолдан ұмыттырылды. Сол олқылықтардың орнын толтыру кезеңі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі 5-6 жылдан соң басталды.

Шын тарихты қалпына келтіру мен ұлттық болмысты жандандыру отандық тарихшылар мен барша Қазақстан халқына тәуелсіздік талаптары жүктеген мерейлі міндет деп санаймын. Бір сөзбен айтқанда, тұтастай тәуелсіз елдің бір пұшпағы Бөкей ордасының бағын ашқан – тәуелсіздік деп білемін. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін қалай түсініп, қалай бағалайсыз деген сұрағыңызға қайтарар жауабым осылай. Сондай-ақ бұған дейін Орда ауданы деп аталып келген аймаққа Бөкей деген анықтауыштың қосып аталуы да тәуелсіздіктің тигізген шапағаты. Өйткені Нарын құмы жұртшылығының даму мен өркениетке қол созу кезеңдерінің бәрі Бөкей атауымен тікелей байланысты. Жоғарыда айтылғандай, шын тарихты қалпына келтіру деп жүргеніміздің бір мысалы да осы болып шығады.

Тоқсаныншы жылдардың  екінші жартысында облыс әкімдігінде Бөкей хандығының 200 жылдық датасын атап өту шаралары белгіленіп, оған әзірліктің іс-жоспары жасалғанынан хабардар едім. Қалай ойлайсыз,  осы бас жағы дырдай болып басталған әзірліктің аяғы қылдай болып, сиырқұйымшақтанып кеткен жоқ па?

– Жоқ, бұлай деп айта алмаймын. Жаңа өзіңіз айтқан деректі сәл нақтылай кетсем, 1996 жылы сол кездегі облыс әкімі Қабиболла Жақыпов бекіткен қаулыға сәйкес тиісті іс-қимыл жоспары белгіленіп, соған сәйкес Хан ордасы ауылындағы мұражай кешені мен тарихи ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сонымен бірге Бөкей хандығының тарихын жаңа сапалық деңгейге көтеру мәселелері қозғалып, бұл бағытта тарихи-зерттеу еңбектер мен кітаптар жазу қолға алынды.

Бұған қосарым, 2000 жылдың аяғында Президент Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған танымал тұлға Қырымбек Көшербаев Бөкей хандығының 200 жылдық датасына орай атқарылған жұмыстардың екінші тынысын аша білді. Соған сәйкес қосымша қаражат бөлініп, Хан ордасындағы тарихи ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу ісіне «Казреставрация» мамандары тартылды. Көп ке-шікпей, белгілі ғалым-этнограф Салық Бабажановқа кесене тұрғызу жұмыстары басталды.

– Бөкей хандығының 200 жылдығын атап өту мен Бөкейдің бел баласы әрі тікелей мұрагері Жәңгір ханға кесене тұрғызудың арасында белгілі бір байланыс пен сабақтастық бар екендігі анық. Кеңестік идеология жетекшілері бірыңғай сіңірі шыққан қара табан кедейшілікті насихаттап, ұлт тарихында алатын орны мен рөлі жоғары материалдық игіліктерді жасау көздерін таба білген «үстем тап» өкілдері мен хандарды күресінге ысырып тастады. Әрі оларға адамдардың жеккөрініштілік сезімін туғызуға тырысты. Мұндай құлдық сана-сезімнен бірден арылу да оңайға тимеген шығар. Айтайын дегенім, тәуелсіздігіміз жарияланғаннан кейін арада 5 жыл өткен соң, Хан ордасы ауылы тұсында Жәңгір ханға кесене тұрғызылып, оның ашылуына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы келіп қатысуы, тек Бөкей ордасы жұртшылығының ғана емес, барлық отандастарымыздың бойында хандар мен хандық басқару жүйесіне қатысты жаңа тарихи сананың орнығуы мен қалыптасуына септігін тигізгені анық. Бұған не дейсіз?

– Өте орынды әңгіме қозғап отырсыз. Бұл 1997 жылдың қыркүйек айы еді. Бұл оқиға аудан тарихына алтын әріптермен жазылып қалды деуге болады. Нұрсұлтан Әбішұлының кесененің ашылу сәтінде тұтастай қазақ хандығының тарихы, соның ішінде елге сіңірген еңбегі архивке енгізілген қазақтың соңғы ханы – Жәңгір жөнінде төгілдіре сөйлеген салиқалы сөзі тұрғындар арасында ерекше серпіліс туғызды.

Асқақ рух пен ұлттық сана-сезімнің шырқау биікке бір-ақ көтерілген кезі болды бұл күн. Дәл осы күннен бастап халықтың мемлекет басшысы мен Үкіметке және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне деген сенімі бұдан әрі арта түскенін байқадым. Сондай-ақ дәл осы күннен бастап ауданда тәуелсіздік талаптарына сәйкес жер-судың тарихи атауларын қалпына келтіру жөнінде кең ауқымды істер жүргізіле бастады.

Лавр Рашидұлы, біз бүгінгі әңгімемізді, ең алдымен, тә-уелсіздіктің қадір-қасиеті жөнінде бастап, өтпелі кезеңде атқарылған істерді айтуды келесі кезекке қалдырып қойған секілдіміз...

– Оқасы жоқ. Өтпелі кезеңде мал басы, оны бағып-қағу нүктелері, мекеме-кәсіпорын ғимараттары, өзге де инфрақұрылымдық инженерлік-коммуникациялық жүйелер талан-таражға ұшырамай, сақталып қалғаны біз үшін үлкен олжа. Оның ішінде екі ауданды қамтып отырған Аймекен топтық және жергілікті маңызы бар Ақмектеп су құбырларының орны бөлек. Сондай-ақ материалдық активтердің әркімнің алдын ала есептелген пайларына сәйкес бөлінуіне баса назар аударылды. Салыстырмалы түрде алғанда, аудандағы заңдық және жеке тұлғалардың энергия тасымалдаушы компаниялар мен қаржы институттарына бережағы өте төмен болғаны да айтуға тұрарлық мәселе.

Елдегі білім беру ошақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудан тұрғындары бір кісідей жұмыла білді. Денсаулық сақтау орындары мен мәдениет мекемелерін жасақтау ісінде де осындай ауызбіршілік ахуалы айқын аңғарылды. Кәсіпкерлік нысандар пайда бола бастады. Жаңа салықтық жүйе қалыптасты. Жеке меншік дүкендер мен базар алаңдары іске қосылды. Жеке аутобус, такси қатынастары тұрғындарға қызмет көрсетуді қолға алды. Соның арқасында ел-жұрттың еңсесі тіктеліп, тұрмыстары түзеле түсті.

Облыс орталығынан 550-600 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов секілді өңірдің оңтүстік аудандары бірқатар тұрмыстық мәселелерді Ресейдің шекаралас аудандары арқылы шешіп, олармен ұдайы әрі тұрақты тіршілік қарым-қатынастар жасап келгенін білеміз. Осындай байланыстардың күрт үзілуі қосымша қиындықтар әкелген жоқ па?

– Сөзіңіздің жаны бар. Көршілес мемлекеттердің кеден, шекара қызметі, дербес валютасының пайда болуы онсыз да қиын күнкөріс мәселелерін бұдан әрі күрделендіріп жіберді. Соған қарамастан Ресейдің Волгоград, Астрахан және Саратов облысы аудандары мен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. «Бас соль» АҚ секілді ресейлік құрылым жетекшілері өзара келісім негізінде жергілікті маңызы бар шаруаларды тындырып отырды. Сондай-ақ Жеңістің 55 жылдығына орай Волгоград облысының губернаторы Николай Максютаның аудан ардагерлерін қабылдауы сол кезде көршілермен байланысты ұтымды жолға қоя білгеніміздің бір мысалы бола алады деген ойдамын.

Кеңестік саясат пен тоталитарлық режім тұсында Капустин-Яр ядролық сынақ полигоны аумағында жүргізілген сынақтар салдарынан тұрғындар денсаулығына зақым келгені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы тұсында оның зардаптарын жою жөнінде қандай шаралар белгіленді?

– Бірінші кезекте экология мәселелеріне көңіл бөлу қажет деп табылды. Бұл іс облыстағы «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кәкен Көбейсіновпен бірлесе атқарылды. Ауданда оның бөлімшесі ашылып, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жөніндегі халық талабы мен тілегі айқынырақ естіле бастады. Осы орайда республика Үкіметі мен Экология министрлігіне тұрғындар атынан бірнеше рет хат жолданды. Орда ауылында полигоннан зардап шеккендерге арналып ескерткіш қойылды.

Өз кезегінде К.Көбейсінов ҚР Президентінің қабылдауында екі рет болып, қасиетті құм Нарынның қасіретін алға тартты. Бұл кездесулер нәтижесіз қалған жоқ. Өңірде ауданаралық сауықтыру орталығы салынып, пайдалануға берілді. Полигон зардабынан сырқатқа тап болған мүгедектерге облыстық бюджеттен жәрдемақы төлене бастады. Әйтсе де, кейін аталған әлеуметтік төлемдер төлеу ісі жалғасын таба алмай қалғаны өкінішті-ақ.

Сіз 2011 жылдың маусым айында Жаңақала ауданының әкімі қызметіне тағайындалдыңыз. Бұл өңірді жергілікті жұрт Қамыс-Самар елі деп атайды. Мұнда табаны күректей алты жыл қызмет атқарған екенсіз.

– Ойыңызды түсіндім. Бұл тәуелсіздіктің іргетасын қалау кезеңі аяқталып, ел-жұрттың еңсесі әжептәуір көтеріліп қалған кез еді. Осы тұста облыстық және республикалық бюджеттерде қаражат пайда болып, халқымыз жасампаз жобаларды жүзеге асыруға құлшына кірісіп кеткен еді. Соған сәйкес біраз істер атқарылғаны анық. Оның әділ бағасын Қамыс-Самар елінің жұртшылығы беретін шығар.

 

Сұхбаттасқан

Темір Құсайын

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале